Жүрегі жомарт жан
Адам өмірі халқына сіңірген еңбегімен, қоғамға қосқан өнегелі ісімен өлшенеді. Бүгінде елі үшін ет жүрегі елжіреп, халқының қамын ойлар азаматтар сиреп бара жатқандай. Көпшілігі жеке басының күйін күйттеп, құлқынның қызығына еріп кететіні де жасырын емес. Дегенмен, әр өңірде еңбегімен ауыл-аймағының ардақтысына, елінің қалаулысына айналған жандар бар.
Осы орайда жүрегінен жылылық сезіліп, көзінен шуақ, жүзінен мейірім төгіліп тұратын кәсіпкер Юсупов Тілек Баудунұлы туралы айтпай өту мүмкін емес.
Дана халқымыз: «Жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын, жаманның жамандығын айт — құты қашсын», — дейді.
Жақсылық — әдетке айналған іс
Жақсылық жасау — кез келген адамның қолынан келе бермейтін игі іс. Сананы тұрмыс билеген заманда бақуатты болу айып емес, бастысы — сол мүмкіндіктің игілікке жұмсалуы. Тілек Баудунұлы қайырымдылықты жиі жасайды, қара басының қамы үшін ғана жүретін жанға жатпайды. Жан-жағындағы адамдарға үнемі көмектесіп, баршаны күлімдеп қарсы алып, жағдайын сұрап, әңгімеге тартып отырады. Ауылдастары оның адамгершілігіне, еңбекқорлығына, жомарттығына дән риза.
Қолдау көрсету
Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, шамасы жеткенше жәрдемдесуді өмірлік дағдысына айналдырған.
Үмітті үзбеу
Өзі ауыртпашылықтың ащы дәмін татқандықтан, айналасындағы адамдардың армандарынан қол үзбей, жадырап жүргенін қалайды.
Көпке байқала бермейтін қайырым
Жақында ғана «Айтуға оңай» бағдарламасына кейіпкер болған, арбаға таңылған Асылы есімді азаматқа мүгедектік арбасын сыйлап, көңілін жадыратқаны — біреу білсе, біреу білмейтін сауапты іс. Өзі жасаған жақсылығын жария етпей, үнсіз көмектесуі — оның болмысына тән.
Украин педагогы В. А. Сухомлинский: «Кімде-кім басқалардың бақыты үшін өз ғұмырын сарп етсе, оның жаны әсемдікке бөленіп, жұлдызы жанады», — деп жазған.
Мектепке жасалған үлкен тарту
Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы №21 орта мектептің мәжіліс залын күрделі жөндеуден өткізіп, балаларға қуаныш сыйлауы да — жүрегінің кеңдігін, өмірлік ұстанымының беріктігін көрсететін жарқын дәлел. Бұл еңбекті ел көрді, жұрт бағалады.
Ашылу салтанатындағы әсер
- Оқушылар мәре-сәре болып, қуанышқа кенелді.
- Әсем ән айтылып, күмбірлеген күй төгілді.
- Би байқауының жеңімпаздары дөңгелене билеп, шат-шадыман күйге бөленді.
- Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың ақ батасы берілді.
Өмірлік ұстаным және адамдық биік
Бір Алланың разылығы үшін қайырымдылық жасайтын ол ешқашан «болдым, толдым» дегенді білмейді. Туған-туыс, дос-жаранмен араласуға, оларға кез келген жағдайда қамқорлық танытуға мүмкіндігі мол болса да, жасаған жақсылығын алға тартып айтпайды. Облыс көлемінде бірқатар жетімдер үйіне, қарттар үйіне қолдау көрсетіп, біраз мұқтаж жанға көмектесіп жүргені де белгілі.
Тұрмыс тауқыметі оны ерте есейтіп, еңбекке жетелеген. Алуан ауыртпашылықты бастан өткерген жомарт жан сыйластық пен жылылық ұялаған шаңырақта кәсібінің нәсібін көріп отыр.
Берекелі отбасы — баянды тірек
Әрбір ана үшін өзі тәрбиелеп өсірген балаларының қызығын көріп, ұрпақтарының ортасында шаттыққа бөленуден асқан бақыт бар ма?! Тілектей ұлды өмірге әкелген, алтын құрсақты Рахима ана бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, немере-шөберелеріне ақылшы болып отыр.
Әке — асқар тау
Тілек Баудунұлы балаларына ақылмен жол көрсетіп, арманға қанат бітіретін жанашыр әке.
Отбасының ұйытқысы
Майгүл — отбасының отанасы әрі жеке кәсіптерінің есепшісі.
Әке жолын жалғаған ұлдар
Ұлдары Бабахан мен Әзімбай ішкі істер басқармасында абыроймен қызмет атқарып жүр.
Қорытынды ой
Қасиетті халқымыз «Жақсыдан — шарапат» деп бекер айтпаған. Жан-жағына шапағатын шашып, қуаныш сыйлайтын жомарт жүректі жандардың қайырымы көмекке зәру жандарға демеу болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.