Әңгіме қай ғимарат туралы
Сабақ әзірлемесі туралы
Бұл материал «Тәуелсіз Қазақстан – Мәңгілік Ел» тақырыбына арналған аралас сабақтың әзірлемесі. Сабақ жоғары деңгейдегі ІІІ–6 тобына арналып, Тілдерді оқыту орталығында өткізіледі.
Өткізілетін топ
Жоғары деңгейдегі ІІІ–6 тобы
Өткізілетін орын
Тілдерді оқыту орталығы
Сабақ форматы
Аралас сабақ (тыңдалым, оқылым, талдау, пікір білдіру)
Мақсаты
-
Тыңдаушылардың сөздік қорын және ой толғау қабілетін дамыту; берілген тапсырмалар арқылы тақырып бойынша мәлімет алуына ықпал ету.
-
Таза сөйлеу, тыңдалған және оқылған материалдан қорытынды шығару, ой түйіндеуге дағдыландыру.
-
Қолда бардың қадір-қасиетін түсініп, дұрыс бағалай білуге, құрметтеуге шақыру. Ана тілінде тек сабақта ғана емес, күнделікті өмірде, тұрмыста, қызметте де сөйлеуді насихаттау. Отансүйгіштік сезімді шыңдау.
Кіріспе ой
Ақын Жұбан Молдағалиев:
«Мен — қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім…»
Тәуелсіздік жылдары ел өмірінде айрықша белестер қалыптасты. Мерейлі кезеңдерді атап өту мақсатында әр күнді әр бағытқа арнаған мазмұнды іс-шаралар жоспарланады. Бүгінгі күн Тілдер күні ретінде белгіленіп, осы сабақтың негізгі өзегіне айналады.
Тәуелсіз Қазақстанның айқын белгілері
-
Жері бар
-
Мемлекеттік рәміздері бар
-
Халқы бар
-
Ұлттық валютасы (теңге) бар
-
Тарихы бар
-
Елордасы бар
Өлең жолдары арқылы елге сүйіспеншілік сезімі күшейеді:
«Қазақстан — республикам, мақтанышым,
Мен сені жырлаймын мақтан үшін.
Құдайым маған құйттай ғана жүрек берген,
Лүпілдеп сені сүйіп, сақтау үшін!»
Сабақта қарастырылатын бағыттар
-
1. Ана тілім — айбарым!
Тіл мәртебесі, тілдің ұлт өміріндегі орны.
-
2. Тәуелсіздік тарихы
Тарихи деректер, мемлекеттік шешімдер, маңызды даталар.
-
3. Қазақстан байлығы
Табиғи ресурстар мен ұлттық құндылықтар.
-
4. Рәміздер — елдігімнің белгісі
Ту, Елтаңба, Әнұран: мағынасы, авторлары, қабылданған күні.
-
5. Асқақ қала — Астана
Елорда сәулеті, нысандардың мазмұны мен символикасы.
-
6. Елі сүйген Елбасы
Ел дамуы жолындағы көшбасшылық, азаматтық жауапкершілік.
«Жырлатқан қазақтардың қазақтығын,
Жырлатқан елдік, ерлік, азаттығын.
Жұлдызды құдіреттің туы болған,
Жасай бер, ұлы тілім — қазақ тілі!»
1) «Ана тілім — айбарым!» бөлімі
Сұрақ-жауап
- Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін қашан алды? Осыған орай қандай мереке бар?
- 1989 жылы. 22 қыркүйек — Тілдер мерекесі.
- «Тіл туралы» заңның қай бабында мемлекеттік тіл туралы нақты айтылады?
- 4-бабында.
- Қазақ тілі қай тілдік топқа жатады?
- Түркі тілдес тілдер тобына.
- «Тіл — қылыштан өткір» деген мақалды қалай түсінесіз?
- Сөздің әсері күшті: ол адамды жігерлендіреді де, жаралайды да; ойды қалыптастырып, қоғамға ықпал етеді.
Қанатты сөздер
Төмендегі ой-тұжырымдар бір ауыз сөзбен қанатты (нақыл) сөздер деп аталады:
- Ел іші — алтын бесік.
- Тіл — жұрттың жаны. (Халел Досмұхамедұлы)
- Ұлтсыздық — отансыздықтың белгісі. (Ш. Мұртаза)
- Адам көркі — ақыл. (М. Әуезов)
- Азаттыққа үйрену — ең алдымен ынтымаққа үйрену.
- Бірлік түбі — береке. (Төле би)
Тапсырма
«Тіл — ұлттың басты негізі» бейнематериалын тамашалап, бірнеше нақыл сөз жазыңыз.
Үлгі ретінде шығуы мүмкін тұжырымдар:
- Тіл — ұлттың басты негізі.
- Тілі жойылса, ұлт та жойылады.
- Қазақ тілі — аса бай тіл.
- Қазақ тілі — ұрпақтан ұрпаққа үзілмей берілетін асыл қазына.
- Қазақ тілі — мемлекеттік тіл.
- Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде.
Ой қозғау: мақалдың мәні
«Өгіз қарын майыңды,
Өлгенде бастаймысың?
Көкек айы туған соң,
Итке тастаймысың?»
Бұл мақал барды қадірлемей, уақыты келгенде ғана есіне алатын, кеш бағалайтын адамдарға қарата айтылады. Талқылау: осы мінездің антонимін (қарсы ұғымын) атаңыз.
2) «Тәуелсіздік тарихы» бөлімі
Бұл бөлімде сұрақтар адамның мінез-құлқымен байланыстырылып беріледі: әр тыңдаушы көршісін белгілі бір қасиетке теңеп, сол қасиет жазылған парақшаны ұсынады. Көршісі сұраққа жауап берсе — таңдалған қасиет «дәлелденеді», жауап бере алмаса — пікір қайта қаралады.
| № | Мінез-құлық | Сұрақ |
|---|---|---|
| 1 | Салмақты | 15 қараша қандай күн? |
| 2 | Ақылды | «Тіл туралы» заң соңғы рет қашан қабылданды? |
| 3 | Көңілді | ҚР Мемлекеттік рәміздер күні қашан мерекеленеді және қашаннан бастап? |
| 4 | Жомарт | Тәуелсіз Қазақстан атынан ғарышқа ұшқан азамат кім? |
| 5 | Сезімтал | Жаңа астананың ресми тұсаукесері қашан болды? |
| 6 | Бауырмал | Конституцияның қай бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп көрсетілген? |
| 7 | Мақсатшыл | Еліміздің Ата заңы қабылданған күнді айтыңыз. |
| 8 | Өжет | «Менің Қазақстаным» әні қашаннан бастап ҚР Әнұраны болып саналады? |
| 9 | Жауапкершілігі мол | Қазақстанда ең алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауы қашан өтті? |
| 10 | Қонақжай | Қазақстан халқы Ассамблеясы қашан құрылды? |
Дұрыс жауаптар
- 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңге айналымға енді.
- 1997 жылғы 11 шілдеде «Тіл туралы» заң қабылданды.
- 2007 жылғы 4 маусымда «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылданып, 4 маусым рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
- 1994 жылы екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев «Союз ТМ-6» кемесімен ғарышқа ұшты. (Тоқтар Әубәкіров 1991 жылғы 2 қазанда — тәуелсіздікке дейін ұшты.)
- 1998 жылғы 10 маусымда жаңа астананың ресми тұсаукесері өтті.
- ҚР Конституциясының 7-бабында мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп көрсетілген.
- 1995 жылғы 30 тамызда жаңа Ата заң қабылданды.
- Ш. Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылғы 7 қаңтардан бастап ҚР Әнұраны болып бекітілді.
- Ең алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауы 1991 жылғы 1 желтоқсанда өтті.
- Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда ҚР Президентінің Жарлығымен құрылды.
3) «Қазақстан байлығы» бөлімі
«Елімнің атын айтсам — Қазақстан,
Жерімнің атын айтсам — Қазақстан.
Қойнауы қазынаға толған мекен,
Байлығым атын айтсам — Қазақстан.»
Тапсырма: кроссворд құрастыру
Тыңдаушыларға қиылған торкөздер таратылады. Сұрақтар слайдта көрсетіледі. Әркім өз торкөзін толтырғаннан кейін үлгіге қарап, ортақ кроссвордты үстел үстіне құрастырады.
Ұзынынан
- Лес
- Заповедник
- Серебро
- Лошадь
- Железо
- Уголь
- Национальный напиток
Көлденеңінен
- Пастбище
- Золото
- Хлопок
- Растение
- Медь
- Цинк
4) «Рәміздер — елдігімнің белгісі» бөлімі
Жатқа айту тапсырмасы
Өлеңді бір рет оқып, кім жатқа айтып бере алады?
І шумақ
Тәуелсіз елім көрікті,
Әнұран, елтаңба, туымен.
Тәуелсіз елім көрікті,
Самғаған биік құсымен.
ІІ шумақ
Тәуелсіздік нышаны,
Самғайды биік қыраны.
Бір шаңырақ астында
Достықтың жанар шырағы.
Қосымша сұрақтар
- ҚР рәміздері қашан қабылданды?
- 1992 жылғы 4 маусым.
- ҚР рәміздерінің авторлары кімдер?
- Тудың авторы — Ш. Ниязбеков; Елтаңбаның авторлары — Ж. Мәлібеков, Ш. Уәлиханов; Әнұранның авторлары — Ш. Қалдаяқов, Ж. Нәжімеденов және Н. Назарбаев.
5) «Асқақ қала — Астана» бөлімі
«Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.»
Тапсырма: «Бұл қай ғимарат?»
Тыңдаушыларға мәтіндер таратылады. Мәтінді оқып, қай ғимарат екенін атаңыз.
Ғимараттар тізімі
- Тәуелсіздік сарайы
- «Қазақ елі» монументі
- Әзірет Сұлтан мешіті
- Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида)
- Бәйтерек
- Хан Шатыр
Сипаттама 1
Үш қабаттан тұрады: ерлерге арналған 4 000 адамдық зал, әйелдерге арналған 1 000 орындық зал, халыққа қызмет көрсету орны, қызметкерлер бөлмелері бар. Арнайы неке қию бөлмесі, кітапхана сынды қосымша орындармен жабдықталған. Қабырғалары табиғи таспен әрленіп, темір-бетон күмбездері металмен көмкерілген. Құрылыс материалдары әлемнің 11 елінен жеткізілген, отандық өнім де қолданылған.
Жауабы: Әзірет Сұлтан мешіті
Сипаттама 2
Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан, биіктігі 97 м, диаметрі 27 м. Нысан үш бөліктен тұрады: жер асты бөлігі — тамыр жаю, келесі бөліктер — өркендеу кезеңдерінің нышаны. Ең жоғарысында «Аялы алақан» композициясы бар. Елордадағы ең көп баратын орындардың бірі, қазіргі Қазақстанның символы.
Жауабы: Бәйтерек
Сипаттама 3
Қазақстандағы ең ірі әрі ерекше пішінді сауда орталығы. Норман Фостердің жобасы, Орталық Азиядағы бірегей ірі архитектуралық жобалардың бірі. Биіктігі 200 м. Ішінде қалалық бақ, ірі сауда желілері, кинотеатр, концерт залдары, дәмханалар мен мейрамханалар, тропикалық бақтар, субұрқақтар бар.
Жауабы: Хан Шатыр
Сипаттама 4
Бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Жоба авторы — Норман Фостер. Биіктігі 62 м. Іші: 1302 орындық опера залы, атриум салтанат залы, конференция залы, көрме алаңдары, галерея, баспасөз орталығы, этникалық мәдени орталықтар және халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы. Геометриялық пішінімен танымал.
Жауабы: Пирамида (Бейбітшілік және келісім сарайы)
Сипаттама 5
Үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатта 3082 орындық конгресс-зал, 268 орындық рәсімдеу залы, 220 орындық пресс-орталық, 678 адамға арналған мейрамхана орналасқан. Екінші қабатта қолөнер және этнография, археология және антропология галереялары бар; «Алтын адам» осында сақталған. Үшінші қабатта Астана тарихы мұражайы орналасқан.
Жауабы: Тәуелсіздік сарайы
Сипаттама 6
Сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын, ұзындығы 120 метрлік доға пішінді ақ колоннада бар. Нысан колоннаданың қақ ортасында, граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға орнатылған: бұл — Қазақстанның дүниенің төрт бұрышына құшағы ашық екенін білдіреді. Биіктігі 91 метр (1991 жылға ишара). Төбесіндегі Самұрық тыныштықты күзетеді. Ақ түс — адалдық пен ақ ниеттің белгісі.
Жауабы: «Қазақ елі» монументі
6) «Елі сүйген Елбасы» бөлімі
Айтылған жетістіктер — ел тәуелсіздігі жылдарында атқарылған істердің бір бөлігі. Әрбір игі істің басында ұйымдастырушы күш, бағыт беретін тұлға тұрады. Осы бөлімде алда келе жатқан мереке күндеріне орай Елбасына деген ізгі лебізді білдіру ұсынылады.
Тапсырма: өлең жолдарын толықтыру
Ел бағына туған,
Ұлтқа керек ұл болған,
Халқы сүйіп таңдаған,
........................................
Үлгі қылар үлкені де, жасымыз,
Елбасына бәріміз де разымыз.
.......................................................
Домаласын өрге қарай тасымыз.
Қорытынды ой
Қазақ елі жылдармен бірге ілгерілеп келеді. Бұл жолда ел дамуына қосылған еңбекті бағалау, тарихи кезеңдерді ұғыну — әр азаматтың жауапкершілігі.
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!»
— Н. Назарбаев
Бурабай ауданы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы: Мадиева Айман Кәрібайқызы