Ұстаз болу мәртебе

«Мен баланың шырағын жағу үшін мектептемін…»

Қай кезде де қазақ – қазақ болғалы бала, отбасы, тәрбие ұғымдарын бірінші орынға қойған дана бабаларымыздың жолын жалғаған қаракөз қазақтың қызы ретінде бүгін мен де ұстаздықтың салмағы мен сәулесін жүрегіммен сезінемін.

Дәйексөздер

«Алты Алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі».

М. Жұмабаев

«Ұстаз – ұлы есім».

Мұхтар Әуезов

Ұстаздық – мәртебе әрі жауапкершілік

Ұстаз болу – мәртебе. Бұл қызмет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, адам өміріндегі, жалпы тарихтағы ең ұлы істердің бірі болып қала береді. Мектеп – менің екінші үйім, ыстық ұям. Осында мен шәкірттерімді білім нәрімен сусындатып, тәлімді тәрбие беріп, адамгершілік рухта бағыт-бағдар ұсынамын. Осы еңбектің өзінен мен ерекше күш-қуат, қайрат-жігер аламын.

Ізденіс арқылы мектептің жүрегіне айналып, сүйікті шәкірттеріммен бірге білім ошағының құдіретті сәулесіндей жарқырап қызмет еткім келеді.

«Шырағың сөнбесін» – терең мағына

Қазақ даналығында «Шырағың сөнбесін» деген қанатты сөз бар. Бұл – баланың шырағын жағу деген жауапты міндетті астарлап жеткізетін, мағынасы терең тіркес. Өзгеге үйрете жүріп, өзің де көп нәрсені бойыңа сіңіретін күрделі әрі қасиетті жол.

Тірек ұстаным

Адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек

Шәкәрім атамыз адамның жақсы өмір сүруіне негіз болатын үш сапаны атайды: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Демек, адамгершілікке тәрбиелеу тек білім берумен шектелмейді. Ең алдымен жүрек таза, еңбек адал болуы керек.

Таза жүрек арқылы баланың сезіміне әсер етіп, ішкі дүниесін оятқанда ғана оның дүниетанымы қалыптасады. Осылайша ұл тәрбиелей отырып – жер иесін, қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз.

Ұлт болашағы – ұстаз қолында

Қазақ елінің өркениетті қоғамда еркін өмір сүруі ұлт болашағы – ұл-қыздарымызға тікелей байланысты болса, ұл-қыздарымыздың тағдыры, жас ұрпақтың бағыты – біздің қолымызда. Біз – ұстаздар. Ұстаз – ол мен.

Мен –

ұстазбын

Білім беріп қана қоймай, өмірге бағдар көрсетемін.

Мен –

зерттеушімін

Жаңа жолдар мен шешімдерді үздіксіз іздеймін.

Мен –

ұйымдастырушымын

Оқушының әлеуетін ашатын орта қалыптастырамын.

Мен –

тәрбиешімін

Ұрпақты келешекке жетелейтін рухани тірек боламын.

Менің алдымда отырған әрбір жас жеткіншектің ертеңгі күні адамгершілігі мол, қоғамды өркендетуге қарымы жететін азамат болып қалыптасуын қалаймын және соған ықпал етемін: терең ойлайтын, дұрыс іс-әрекет ететін, барлық тіршілікке сүйіспеншілікпен қарайтын рухани бай тұлға болып өсуі – менің мұратым.

Қиын да қызық жолдың қуаты

Бұл мамандық мені ешқашан жалықтырған емес. Қайта күннен-күнге құлшынысымды арттырып, жаңа шешімдер мен жаңа әдіс-тәсілдерді іздеуге жетелейді. Демек, бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт тәрбиесіне жұмсауым керек.

Ертең шәкірттерімді биік белестерден көрсем, олардың өсіп-дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына себепкер болғанымды сезінсем – өзімді шын мәнінде бақытты ұстаз, бақытты адам ретінде толықтай танимын.

Өз шығармашылығымнан

Осы эссені жаза отырып, толқыныс үстінде ой қорытындысы ретінде төмендегі өлең жолдарын ұсынғым келеді:

Ұстаздық етем, білім берем жалықпаймын,

Бейбіт елдің аспанында қалықтаймын.

Шәкірттерім тұрса озып өзімнен де,

Бақыттан бас айналып шарықтаймын.

Арман менен мақсатымды анықтаймын,

Еңбектенем, ізденемін қалыспаймын.

Шәкірттерді рухы биік ұлы адам етіп,

Өмір атты қарияға табыстаймын.