Үлкендердің құдалық рәсімі шын көңілден, үлкен махаббатпен орындалғаны абзал

Өлі-тірі: құдалықтағы мағынасы терең кәде

«Өлі-тірісі берілмеген қыз аурушаң болады» деген ырым халық жадында сақталған. Екі жас шаңырақ көтергенде орындалатын қазақы дәстүрлердің ішінде Өлі-тірі — мағынасы терең, елдің берекесін арттыратын маңызды рәсімдердің бірі.

құдалық құдайы садақа құран бағыштау ырым

Құдалар не әкеледі?

Қызға құда түскен жақ құдалыққа келгенде Өлі-тіріге арнаған малын қоса ала келеді. Көбіне қой әкелген дұрыс деп есептеледі: семіз әрі жас малдың еті жұмсақ, дәмді болады. Жиналған жұрт ризашылықпен ауыз тиіп, ақ батасын береді.

Мұсылмандық қағидаларда дәмді ас беру — сауапты іс. Сондықтан Өлі-тірі рәсімі тек салт ретінде емес, игі амал ретінде де бағаланады.

Екі жақтың абыройы мен ниеті

Құдалардың әкелгені көңілге қонымды болса, қыздың ата-анасы мен туған-туыстарының мәртебесі өсіп, ел алдында мерейі артады. Олар қыздарының жөн білетін, өсіп-өнген жерге барғанына іштей қуанады. Ата-ана үшін ең маңыздысы — қызының бақыты.

Үлкендер қыздың бақытты болуы оның ата-енесіне де байланысты екенін жақсы біледі. Қазақта: «Жақсы жерге түскен келін — келін, жаман жерге түскен келін — келісап», сондай-ақ «Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» деген сөз бар. Мұның мәні — келіннің жақсы болып қалыптасуына ата-ене ықпалы зор.

Жаңа түскен келінге көрсетілген құрмет

Ата-ененің алғашқы қадамдары — келінге үлгі әрі тәрбие. Келін бір үйдің босағасын аттағанда көрсетілген құрмет пен жылы ілтипат оның жаңа отбасылық тіршілікке қызығушылығын арттырып, жаңа туыстарына жақындата түседі.

Құдалық рәсімдері шын көңілден, ықыласпен орындалғаны абзал. Солардың ішінде Өлі-тірі де өз деңгейінде жасалса, елдің ризалығы артады.

«Өлі де разы, тірі де разы» — рәсімнің өзегі

Өлі-тіріге әкелінген малдың етінен ағайын-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаң түгел ауыз тиеді. Тұрмысқа шыққан қыздың бақилық болған ата-бабалары мен туыстарының рухына арналып құран бағышталады.

Ниет

Бұл дәмге өлі де, тірі де разы болсын деген тілек — рәсімнің түпкі мәні.

Мәні

Өлі-тірі — көпшілікке арналған құдайы садақа, елдің ынтымағын бекітетін игі дәстүр.

Сойылған малдың еті түгел асылады. Дегенмен осы дәмнен ұзатылатын қыз ауыз тимейді. Қазақ ұғымында барар үйінің босағасын аттамай тұрып, ол жақтың дәмін татса, жолында кедергілер кездесіп, «дәм-тұзы бұйырмай қалуы мүмкін» деген ырым бар.

Ырым мен өміршеңдік

Халқымызда «Өлі-тірісі берілмеген қыз аурушаң болады» деген де ырым айтылады. Сондықтан талай ғасырдан бері өміршеңдігін жоғалтпаған бұл рәсімнің орындалғаны жөн саналған. «Өлі есіркемей, тірі байымайды» деген халық даналығы да осындайда айтылса керек.

Құдалар алыс жолдан келсе

Кей жағдайда құдалар алыс жолдан келеді. Мұндайда мал алып келу қиын болса, Өлі-тіріге кететін қаражатты атап береді. Ал қыз жағы сол ақшаға аталған кәдені жасауы тиіс.