Нарша Қашағанұлы Ана тілі
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» апталығының ашылу салтанаты (2017–2018 оқу жылы)
18 қыркүйек – 22 қыркүйек аралығында мектебімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері апталығы өткізіледі. Апталықтың негізгі ұстанымы — өзге тілді меңгере отырып, ана тілімізді қадірлеу.
Мақсаты
- Оқушыларға қазақ тілі туралы мағлұмат беру.
- Шәкірттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту.
- Балаларды ана тілін сүюге, құрметтеуге баулу.
Алғы сөз
Қайырлы күн, қымбатты оқушылар, құрметті ұстаздар! «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері апталығының ашылу салтанатына қош келдіңіздер!
Тіл — халықпен бірге өмір сүріп, бірге дамитын қастерлі құндылық. Әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі.
Мемлекеттік тіл мәртебесі: негізгі белестер
Қазақ тілінің құқықтық мәртебесі бірқатар маңызды құжаттармен бекітілді. Бұл деректер ана тіліне деген қоғамдық жауапкершіліктің арта түскенін көрсетеді.
-
1989 жыл
Қазақ тілінің жағдайына қатысты қаулы қабылданды.
-
1989 жылғы 22 қыркүйек
«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.
-
1993 жылғы 28 қаңтар
Мемлекеттік тіл мәртебесі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілді.
-
1997 жылғы 11 шілде
«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңның жаңа редакциясы қабылданды (4-бапта қазақ тілі — мемлекеттік тіл).
Тілдер күніне орай
22 қыркүйек — Тілдер күні. Осы мерекеге орай мектебімізде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбындағы тілдер апталығы ұйымдастырылады.
Әдеби монтаж
Апталық аясында оқушылар ана тілі туралы өлеңдерді мәнерлеп оқиды. Төменде бағдарламаға енгізілген шығармалар мен орындаушылар көрсетілді.
Нарша Қашағанұлы — «Ана тілі»
8-сынып оқушысы: Төлегенова Аймекен
Ата-баба аманаты — тіл деген,
Нағыз надан — дәл осыны білмеген.
Түкіргенін суын ішкен құдыққа,
Түсінбеймін, түсінбеймін мүлде мен!
Өз тіліңді сыйласаң — ол мінің бе?
Өзге тілде сөйлеу — әлде білім бе?
Қорынбай-ақ, қорықпай-ақ, қазағым,
Амандасып жүрсеңші ана тіліңде.
Ана тілің — бас байлығың, ырысың,
Тілің тірі болса ғана тірісің.
Ата-баба аманатын ұмытып,
Атқа мініп, шен алғаның құрысын.
Несіпбек Айтұлы — «Ана тілім»
7-сынып оқушысы: Мұхамбетқалиева Аружан
Ана тілім, жүрегісің анамның,
Жүрек-ана, мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның!
Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем.
Сенің арқаң — дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң — жүзіп ішсем тұнықтан.
Анашымды ұмытқаным емес пе,
Туған тілім, егер сені ұмытсам.
Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қуанышым, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.
Ана тілім, алтын ұям, құндағым,
Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым.
Сенің жырың, сенің әнің — айтарым,
Санам сөніп, байланғанша тіл-жағым!
Ысқақ Әкім — «Ана тілі»
7-сынып оқушысы: Сатымова Санжар
Қымбат маған ана тілім, бал тілім,
Қымбат маған дана тілім, ар тілім.
Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,
Ана тілім — ардақ тұтар алтыным.
Ана тілін жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.
Қасиетті менің ана тілімде,
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.
Өлең-жырмен арайланса тау күліп,
Ардақтымды жырлап өтем ән қылып.
Мағжан, Қасым, Мұқағали жырларын,
Жалғастырып жаза берем мәңгілік.
Оразақын Асқар — «Үйрен ана тіліңді»
9-сынып оқушысы: Иманғалиева Самал
Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.
Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
Білмей тұрып туған ана тіліңді.
Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі,
Ешкімнің жоқ болса да оған күмәні.
Үйренбесең, өз тіліңді білмесең,
Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады.
Қаның-жаның, қазақы ұлттық түрің бар,
Сенен үлгі алар қызың менен ұлың бар.
Перзентісің еркін, азат халықтың,
Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар.
Мұзафар Әлімбаев — «Ана тіліне тағзым»
6-сынып оқушысы: Төлеушева Айнамкөз
Ана тілі — біздің туған анамыз!
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ, қалай біз
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе,
«Анасынан безген ұл!» — деп қараңыз.
«Қуан, далам!»
9-сынып оқушысы: Хусайнова Жұлдыз
Қуанатын күн бүгін.
Серпіп таста мұңды жүрек түндігін.
Тіл туралы Заңым енді күшіне
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
Қуан, анам! Ұзағынан сүйсініп,
Сәтің де көп кейде кеткен түңіліп.
Ақ сүтіңмен бойға біткен тілімді
Пір тұтамын мен алдыңда бас иіп.
Жауапты тұлғалар
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Г. Ж. Сағатова
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
К. С. Қошқарбаева
Материал: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» қазақ тілі мен әдебиеті пәндері апталығының ашылу салтанаты.