Меже - үлкен қардан жасалған төбешік

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы

«Ақбота» шипажай типті балалар бақшасының тәрбиешісі — Қуанышбаева Гүлшара

Мақсаты

  • Қимыл-қозғалыс белсенділігін дамыту.
  • Жылдамдық, ептілік, төзімділікті шыңдау.
  • Көңіл күйді көтеріп, балаларға қуаныш сыйлау.

Қажетті құралдар

2 шана 2 кәрзеңке картоннан жасалған сәбіздер 2 шырша саңырауқұлақтар көз-мұрын жасауға материалдар ойыншықтар лента туннель гимнастикалық отырғыштар

Жүру барысы

Балалар екі топқа бөлінеді. Әр топ өз ішінен топ басшысын сайлайды, содан кейін бір-бірімен амандасады.

І топ

«Алғырлар»

ІІ топ

«Аңшылар»

Эстафета

I. «Қояндар»

жылдамдық + ептілік

Аппақ қардың үстінде әр топтан бір ойыншыдан кезекпен шығады. Ойыншы қоянша секіреді: екі аяқ бірге, екі қол кеуде тұсында, бағытын оңға-бір, солға-бір бұра отырып межеге жетеді.

Меже

Үлкен қардан жасалған төбешік. Төбешіктің тасасында шөппен бүркелген кәрзеңкеде картон сәбіздер жасырылады.

Ойыншы кәрзеңкеден бір сәбізді аузына тістеп алып, дәл сол тәсілмен кері секіріп қайтады. Қай топ көбірек сәбіз жинаса, сол топ жеңімпаз атанады.

Сайыс

II. «Кім жылдам?»

үйлесім + төзімділік

Екі шанаға екі бала отырады. Әр топтан бір ойыншы шананы қар үстімен межеге дейін сүйреп апарады.

Меже тұсында шарға ілінген ойыншықтарды жинап алып, кейін қарай жарыса қайтады. Қай топ көп ойыншық жинаса, сол топ көбірек ұпай алады.

Құрастыру

III. «Аққала құрастыру»

команда + жоспар

Әр топтан екі ойыншы шығып, қарды домалата отырып аққаланың астыңғы бөлігін жасайды. Жұмыс аяқталған соң, олар жүгіріп барып өз тобына қосылады.

Кезектесу тәртібі

  1. Келесі жұп — ортаңғы бөлікті жасайды.
  2. Соңғы жұп — үстіңгі бөлікті аяқтап, мұрны мен көзін орналастырады.

Қай топ аққаланы бірінші аяқтаса, сол топ көбірек ұпайға ие болады.

Кедергілер

IV. «Апандағы аю»

сақтық + дәлдік

Балалар аюлардың қыста апандарында ұйықтайтынын біледі. Аюлар мазасын алғанды ұнатпайды. Ал біздің мақсатымыз — орманға барып саңырауқұлақ теріп әкелу. Сондықтан барынша үнсіз әрі сақ қозғалуымыз керек.

Өту жолы

  • Екі ойыншы екі жақтан лентаны керіп ұстап тұрады.
  • Әр топтан бір ойыншы лентаның астымен шалқалап өтеді (кеудесі лентаға тимеуі керек).
  • Туннельден өтіп, саңырауқұлақтарды жинайды.
  • Гимнастикалық отырғыштардың астымен еңбектеп өтеді.
  • Орнынан тез тұрып, жүгіріп барып тобына қосылады.

Ереже: «Аюдың орнында» бір бала ұйықтап жатады. Егер ойыншылар дыбыс шығарып қойса, аю оянып кетеді. Аю «тап бергенде» ойыншы ұстатпай қашып үлгеруі керек. Ұсталған топтың ұпайы кемиді.

Қорытынды

Мерекелік ойындар аяқталған соң, ұпайлар саналып, жеңімпаз топ марапатталады. Соңында ауыспалы жалау табысталады.