Мәңгүрт деген баланың есімі кім
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңашар ауылы
Т. Рысқұлов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі — Темиркулова Мадина Сүлейменқызы.
Пән: Қазақ әдебиеті (8-сынып)
Сабақ тақырыбы: Ш. Айтматов — «Найман-ана»
Сабақтың мақсаты
- Ш. Айтматовтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасай отырып, «Найман-ана» әңгімесінің сюжетін меңгерту.
- Оқыта үйрете отырып, оқушының танымдық белсенділігін арттыру; жазушы идеясын түсіне білуге баулу; білім дағдыларын дамыту.
- Оқушының ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын дамыту; мәңгүрттіктен аулақ болуға тәрбиелеу.
Сабақтың форматы
Сабақ түрі
Модульдік оқыту технологиясы
Әдіс-тәсілдер
- Оқыта үйрету тәсілі
- Сұрақ-жауап
Ресурстар және байланыс
Көрнекіліктер
Ш. Айтматовтың шығармалары, сызба-схема, карта, карточкалар, буклеттер.
Пәнаралық байланыс
Тарих, география.
Сабақ барысы
Құрылымы: кіріспе → сөйлесу → қорытынды
1) Кіріспе бөлімі
Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов — бауырлас қырғыз халқының ұлы жазушысы. Ол 1928 жылдың 12 желтоқсанында Қырғызстанның Талас облысы, Шекер ауылында дүниеге келген.
Ш. Айтматовты қырғыз-қазаққа ортақ қаламгер деуіміздің себебі бар: ол Мәскеудегі әдебиет институтында қазақтың білікті сыншысы Қалжан Нұрмахановпен бірге оқып, одан үлкен ықпал алады. Кейін әлем әдебиетінің бел ортасында жүрген Мұхтар Әуезов те жазушыға қамқор болып, қолдау көрсеткен.
Айтматов мұрасы — мазмұны терең, тақырыбы кең, адамзаттық мәселелерді көтеретін мол қазына.
2) Сөйлесу бөлімі
I тур
Мәтінмен жұмыс
- Оқушыларды бес топқа бөліп, шығарманы мазмұны бойынша бес бөлікке бөліп оқыту.
- Әр топ оқыған абзацқа тақырып қойып, мәтін бойынша тезис құрастыру.
- Шығарманың бөлімдеріне сай композициялық құрылымына талдау жасау.
«Найман-ана» композициялық құрылымы
I. Экспозиция
- Тарихқа көз жүгірту
- Құлдықта қалған тұтқындардың күні
- Аңызға айналған Ана-Бейіт зираты
- Ең ауыр жаза
- Ананың өз-өзімен сырласуы
II. Басталуы
Саудагерлердің дастархан басындағы әңгімесі.
III. Дамуы
Найман-ананың Сарыөзекке аттануы.
IV. Шарықтау шегі
Өз анасын танымаған жас жауынгер.
V. Шешімі
Найман-ананың өз баласының қолынан қаза табуы.
Қосымша сұрақтар
- 1) Сарыөзекті картадан көрсет.
- 2) Ананың монологы мәтіннің қай бөлімінде кездеседі?
- 3) «Жуан-жуандар» деген кімдер? Олар туралы тарихтан не білесің?
- 4) Ақ інгенді, Найман-ананы суреттеген жерін мәтіннен тауып, оқып бер.
- 5) Қожа Ахмет Иассауи және Түркістан қаласы туралы не білесің?
- 6) Жоламанның бейнесін сипаттайтын тұсты тауып, оқып бер.
- 7) Жазушы «жуан-жуандардың» бейнесін қалай көрсеткен?
II тур
Шығармашылық жұмыс (танымдық сұрақтар)
1) Ана-Бейітті халық неліктен қасиет тұтады?
Тапсырма: мәтін мазмұнына сүйене отырып жауап бер.
2) Мәңгүрт ұлын іздеп келе жатқан ана қандай психологиялық күйде болды?
Тапсырма: мәтіннен дәлел тауып көрсет.
3) Жауыздық пен адамның ақыл-есін айыруға бағытталған қатыгездікке көзқарасың қандай?
Тапсырма: өзіндік пікіріңді білдір.
4) Баласы тірі болса да ана не үшін жоқтау айтты? Жоқтау туралы не білесің?
Тапсырма: ұлттық салт-дәстүр негізінде жауап бер.
5) Романдағы «мәңгүрт» сөзінің астары неде? Қазіргі заманның «мәңгүрттері» деп кімді айтуға болады?
Тапсырма: өмірмен байланыстырып, өз ойыңды жаз.
III тур
«Оқыта үйрету» ойыны
Тапсырма
Әр топ келесі топқа өздері оқыған бөлім бойынша 3 оңай және 3 қиын сұрақ құрастырады. Келесі топ жауап береді, ал сұрақ қойған топ жауапты бағалайды.
Оңай сұрақтар
- Мәңгүрт болған баланың есімі кім?
- Ана-Бейіт мазары қайда орналасқан?
- «Жуан-жуандар» деген кімдер?
Қиын сұрақтар
- Ана-Бейіттің қандай тарихы бар?
- Ананың басындағы ақ жаулық неге ақ құсқа айналды?
- Жазушы қандай әлемдік мәселені көтереді?
«Қосжазба күнделік» стратегиясы
Маған әсер еткен эпизод
Найман-ананың Ақ інгенмен баласын жанұшыра іздеуі; ананың аяусыз қазасы.
Осы туралы менің ойым
Әрбір ана баласы үшін қандай қиындық болса да төтеп беруге дайын. Ана махаббаты — адамдық болмыстың ең биік өлшемдерінің бірі.
Қорытынды бөлім
а) Қорытынды сөз
Мұғалім сабақ бойынша негізгі тұжырымдарды жинақтап, шығармадағы идеялық өзекті атап өтеді.
ә) Бағалау
Сарапшылар бағалау парағы арқылы оқушылардың жинаған ұпайына сәйкес білімін бағалайды.
б) Үй тапсырмасы
«Боранды бекет» романынан өзіңе ұнаған кез келген бөлімге шағын сценарий жазып келу.
Қажет болған жағдайда толық нұсқасын жүктеу бөлімі қосымша ұсынылады.