Мұқағали Тиын әжесінің бауырында өсті

Әдеби–сазды кеш

«Поэзия! Менімен егіз бе едің?!»

Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби–сазды кештің сценарий-мәтіні.

Мақсаты

Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату арқылы поэзияны сүюге, оны бағалай білуге баулу; сыршыл да шыншыл ақын өлеңдерінің мәні мен маңызына үңілдіру; рухани танымды кеңейтуге ықпал ету.

Кешті жабдықтау

  • Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған слайд-презентация
  • Көрме (кітаптар, фотоматериалдар, қолжазба көшірмелері)
  • Буклеттер
  • Ақын туралы пікірлер жазылған плакаттар

Фондық сүйемелдеу

«Арыз жазып кетейін» өлеңі

Өлең үнтаспадан баяу ойналып тұрады.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Иә, бұл — болашаққа қара өлеңмен арыз жазып кеткен хас таланттың үні.

Поэзия! Менімен егіз бе едің?!
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім!

2-жүргізуші

Қазақ поэзиясының аспанында ерекше нұрланып, жанып, жарқырап өткен біртуар ақын Мұқағали Мақатаев — бүгін, 9 ақпанда, 80 жасқа толар еді.

Құдіретті поэзияның хас шебері атанған Мұқағали Мақатаевтың туған күнін неге тойламасқа?!

1-жүргізуші

Ақынның өзі тебірене жырлаған Қарасаз өңірінде, құнарлы топырақта, қасиетті мекенде 1931 жылдың ақ қыраулы ақпанында Мұхамедқали дүниеге келіпті.

2-жүргізуші

Ол кезде аупарткомда білімімен де, адамгершілігімен де көпке үлгі болған Мұхамедқали есімді жігіт өмір сүріпті. Нағашысы бала да сол азаматтай елге елеулі болсын деп, осы есімді берген екен.

Ал жеңгелері пайғамбар есімімен үндес бұл атты атауға жүрексініп, оны еркелетіп Мұқағали деп атап кетеді. Ақын өзі де есейген шағында: «Бұл есімнің қадір-қасиетін түсініп, алып жүре алам ба?! Бұдан да Мұқағали болып қалғаным дұрыс шығар», — деп құжаттарына да осы нұсқаны жаздыртып алған деседі.

Ендеше, сөзді Мұқағали атаның өзіне берейік.

Мұқағали: «Менің анкетам...»

Өлең мен ән арқылы өрілген сәттер

1-жүргізуші

Сәби болғыңыз келе ме?

Ақын

Сәби болғым келеді жаңа туған,
Мына өмірге кіршіксіз жаратылған.

Ән: «Сәби болғым келеді»

орындалады
2-жүргізуші

Мұқағали Тиын әжесінің бауырында өсті. Тиын әжесі — мейірімі мол, кісілігі биік, қажетінде адуынды да бола білетін жан еді. Ақын әжесіне арнап өлең жазып, Нұрғиса Тілендиевтен ән шығаруды өтінеді. Ән тамаша туып, Тиын әже: «Әжем, ұлы әжем, еңбегің ақталды», — деп қатты қуанып, қуаныштан көзіне жас алған екен.

Ән: «Сөнбейді, әже, шырағың»

орындалады

Кездесу: естелік сөзі

1-жүргізуші

Сахнаға Мұқағали ағамен 10 жыл бірге оқыған, әрі досы, әрі туысы — Әбдіке Асановты шақырамыз.

Ескертпе

(Әбдіке Асанов рөлінде оқушы шығады.)

Әбдіке ата, Мұқағали ағаға қатысты мектеп өмірінен қандай естелік айтар едіңіз? Мұқағали аға мектепте қалай оқыды?

Әбдіке Асанов

Мұқағали өте зерек, алғыр болатын. Мектептің қабырға газетінде нашар оқитын балаларды «Тасбақаға», ал жақсы оқитындарды «Ұшаққа» мінгізіп, суреттерін салып, астына аттарын жазып қоятын. Біз сол «Ұшақтан» түспей, мақтау қағазымен оқуды аяқтадық.

2-жүргізуші

Мұқағали ағаның бала кездегі мінез-құлқы, тәртібі қандай болды?