Наурыз деген қарияның тойы, Наурыз тойы

Сабақ тақырыбы: «Наурыз көже» (М. Дулатов)

Наурыз — жаңалықтың бастауы, береке мен бірліктің мерекесі. Бұл сабақта оқушыларға Наурыз мейрамы туралы түсінік беріліп, топ ішінде бірлесіп жұмыс істеу, бірін-бірі тыңдау, шығармашылық қарым-қатынас жасау дағдылары дамытылады.

Мақсаты

  • Наурыз айының жаңалық бастауы екенін ұғындыру.
  • Наурыз мейрамы туралы түсінік қалыптастыру.
  • Топтық жұмыста тыңдай білу және ынтымақтастықты дамыту.

Негізгі жабдықтар

  • Ұлттық тағамдар көрмесі
  • Наурыз көже
  • Слайд материалдары

Оқу нәтижелері

  • Бірлескен жұмыста белсенді қатысады, талқылауға араласады.
  • Өз елінің салт-дәстүрін қадірлеуге үйренеді.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру және психологиялық дайындық

Күндей жадырап, Айдай арайлап,
Жұлдыздай жарқырап,
Судай аппақ көңілмен
Бүгінгі сабағымызды бастайық.

Үй тапсырмасын тексеру

«Наурыз хикаясы» бойынша көрініс: әр топ мәтіннің өз бөлігін сахналайды.

1-топ: Наурыз қарияның әңгімесі

Көрініс: Наурыз ата балалармен дастархан басында отырады.

Бала: Ата, «Наурыз хикаясы» туралы не білесіз?

Ата: Ерте заманда қазақ еліне жау шауып, ел басына ауыр күн туды.

Бала: Ол қасіреттен қалай аман қалдық?

Ата: Сол қиын кезде Наурыз деген қария өзіне қарасты елін бастап, жаудан қорғануға ыңғайлы аймақты іздеп табады. Азаматтары шабуыл жасаған жауды жеңген екен. Сол жылы мал-жан аман қалып, ел үлкен той жасайды. Бұл — 22 наурыз күні болатын.

Ата: Содан бері 22 наурыз мереке ретінде аталып өтеді.

2-топ: «Ұлыстың ұлы күні»

Ата: Бүгін — күн мен түн теңелетін, жер беті бусанып, жаңаратын 22 наурыз. Ұлы істің басталар күні. Жер-Ана қуат алып, ерекше күйге бөленеді. Кемпір, той жасайық!

Кемпір: Ау, шал! Жұрт қыстан әрең шықты. Тойды немен жасаймыз?

Ата: Той қызығы байлықта емес. Көппен бірге көңілді отыруда. Бір ұрттам қара су мен бір аяқ көженің нарқы — қырық жыл жиған байлықтан артық. Қаптың түбін қақшы.

Көрініс: Кемпір қапты қаққанда бір жілік пен бірнеше кесек ет шығады.

Ата: Жарайсың! Бір тойдың етін сақтапсың. Дереу қазанға сал.

Кемпір: Көршілерді шақыр, Наурыз көжеден дәм татсын, көңілдері көтерілсін.

3-топ: Алаша ханның таңдануы

Көктем келді. Ел-жұрт Наурыз қарияның ұйғарымымен көктем тойына ерекше әзірленді. Қария жан-жаққа ат шаптырып, алыс-жақын елдің бәрін шақырды.

Шақырушы: Тақсыр, сізді ауылымыздағы тойға шақырып келдім.

Хан: Бұл уақытта қандай той? Той жаз бен күзде жасалмай ма еді? Бұл кімнің тойы?

Шақырушы: Наурыз деген қарияның тойы — Наурыз тойы.

Хан: Бұл өміршең, өлмес той болып, ғасырдан ғасырға жалғасқалы тұр екен.

Жаңа сабақ

Қызығушылықты ояту: сөзжұмбақ

Тақырып: «Наурыз көже»

  1. Наурыз айында шығатын гүл
  2. Наурыз айында алғаш ұшып келетін құс
  3. Наурыз айындағы ойын-сауық
  4. Наурыз айындағы алғашқы қар
  5. Наурыз айында жеті түрлі дәм қосылып дайындалатын тағам
  6. Наурыз айында айтылатын жақсы тілек
  7. Наурыз көжеге қосылатын дақыл
  8. Наурыз көжеге қосылатын дақыл
  9. Қысқы соғым

Автормен таныстыру: Міржақып Дулатов

Міржақып Дулатов — Торғай уезінің Сарықопа өңірінде, қазіргі Қостанай облысы Жанкелді ауданына қарасты «Қызбел» ауылында дүниеге келген.

Әкесі Дулат — қолөнерімен танылған шебер, ер-тұрман жасап, етік пен мәсі тіккен. Анасы Дәмеш — ойын-тойдың базары болған, әнші кісі.

Әкесі балаларын ерте жастан оқуға берген. Міржақып әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, кейін 1897–1902 жылдары ауыл мектебінде Мұқан мұғалімнен орысша дәріс алады.

Ой тастау: «Наурыз көже» дегеніміз не?

Жауап: Әжелеріміз қысқы соғымнан етті арнайы сақтап, қазанға кемінде жеті түрлі дәм қосып пісіретін дәстүрлі ас.

Ассоциация: Әр үйде қазан толы көже асып, кең дастархан жайылып, ел-жұрттың Наурызды қуанышпен қарсы алуы.

Наурыз көже туралы қысқаша түсінік

Наурыз көже — ұлттық тағам, молшылықтың жоралғысы. Наурыз тойында әр шаңырақта міндетті түрде әзірленген.

Дәстүр бойынша көжеге кемінде жеті түрлі азық қосылады: бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз. Тақ сан сақталып, қажетіне қарай көбейтіле береді. Сондай-ақ соғымнан сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық т.б.) қосылады.

Ел ішінде Наурыз көжені «тілеу көже», «көп көже» деп те атайды. Наурыз бата берілген соң жұрт «Ақ мол болсын!» деп тілек айтып тарқасады.

Наурыз күні қалыптасқан игі дәстүрлер

  • Бұлақтың көзін ашу.
  • Ағаш отырғызу.
  • Араздасқандардың татуласуы.
  • Ерлердің қос қолдап амандасуы, әйелдердің құшақтасып көрісуі.
  • Көжеден тоя ішу: келер жыл тоқшылық болсын деген ырым.

Топтық жұмыс

1-топ

«Наурыз» тақырыбына сурет салу.

2-топ

Наурыз туралы тақпақ айту.

Ұлыстың қадам басып ұлы күні,
Үйдің де көктей жаздап тұр уығы.
Көңіл де Наурызбенен шешек атсын,
Жүректің сарқылмасын жылылығы.

Ұлтым қазақ дәстүрім — бұл Наурыз,
Қазағыммен жасасып келе жатыр.
Қарсы алыңдар, қазағым, халқым менің,
Ұлыстың ұлы күні — бұл Наурыз.

3-топ

Наурыз бата айту.

Бата:

Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Наурыз құтты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Қыздарың ажарлы,
Ұлдарың базарлы болсын!

Бағалау және қорытынды

Бағалау

«Басбармақ» әдісі арқылы бағалау жүргізіледі.

Рефлексия

Оқушылар сабақтан алған әсерлерін ортаға салып, ойларын қорытындылайды.

Авторлық дерек

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Кемерши ауылы, Қ. Жазықов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі: Енсегенова Жанылсын Ескуатовна.