Кальцийдің қосылыстары

Пәні

Химия

Сыныбы

9

Сабақ тақырыптары

  • §36. Кальций қосылыстары
  • §37. Судың кермектігі (презентациямен)
Сабақ типі: Жаңа білімді меңгерту Сабақ түрі: Аралас сабақ Әдістер: сұрақ-жауап, демонстрация, виртуалды зертхана Пәнаралық байланыс: биология, география, медицина

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Кальцийдің периодтық жүйедегі орны, атом құрылысы, физикалық және химиялық қасиеттері туралы толық мәлімет беру.
  • Кальций қосылыстарының негізгі кластары бойынша білімді тереңдету және бекіту.
  • Судың түрлері мен кермектігі ұғымын түсіндіру.
  • Кермектілікті жою тәсілдерін қарастыру.

Дамытушылық

  • Химиялық заттармен қауіпсіз әрі дұрыс жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру.
  • Өмірлік тәжірибеден нақты деректерді пайдалана білуге үйрету.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеу және қорытынды шығару қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

  • Ұқыптылыққа, төзімділікке, ұйымшылдыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.
  • Зертханалық мәдениетті сақтау дағдысын бекіту.

Сабақтың барысы

А) Ұйымдастыру кезеңі

  1. Оқушылармен амандасу.
  2. Оқушыларды түгендеу.
  3. Оқушыларды 3 топқа бөліп, әр топқа топ басшысын сайлау.

Б) Үй тапсырмасын тексеру

«Жасырын элемент» ойыны: сұрақтарға дұрыс жауап берілген сайын жасырылған элементтің бейнесі ашылады.

Қайталау сұрақтары (кальций бойынша)

1) Сілтілік жер металдарын ата.

Кальций (Ca), стронций (Sr), барий (Ba), радий (Ra).

2) Кальцийге периодтық жүйе бойынша сипаттама бер.

IV период, II топтың негізгі топшасы. Реттік нөмірі — 20, салыстырмалы атомдық массасы — Ar(Ca)=40.

3) Кальцийдің атом құрылысы.

⁴⁰₂₀Ca: 20 протон, 20 нейтрон, 20 электрон.

4) Кальцийдің физикалық қасиеттері.

Металл, күміс түсті, салыстырмалы жеңіл, ауада тотығып бетінде ақшыл қабықша түзеді.

5) Кальцийдің химиялық қасиеттері.

Оттекпен, сумен, қышқылдармен белсенді әрекеттеседі; қосылыстарында көбіне Ca²⁺ катионын түзеді.

6) Кальцийді алу жолдары.

Өнеркәсіпте балқытылған тұздарды электролиздеу арқылы алынады (мысалы, CaCl₂ балқымасы).

7) Адам ағзасындағы кальций мөлшері және маңызы.

Орташа есеппен ағзада шамамен 1 кг кальций болады. Тәуліктік қажеттілік — 0,5 г. Ca²⁺ — қанның ұюына қатысады, ал Ca₃(PO₄)₂ — сүйек пен тістің құрамына кіреді.

8) Кальцийдің қолданылуы.

Құрылыс материалдары өндірісінде (әк, әктас, гипс), металлургияда, химия өнеркәсібінде кең қолданылады.

9) Қазақстандағы кальцийге бай ірі кен орындары.

  • Жамбыл облысы, Қаратау — фосфорит Ca₃(PO₄)₂.
  • Ақтөбе облысы, Шилісай — фосфорит Ca₃(PO₄)₂.
  • Маңғыстау — қызғылт түсті ұлутас.
  • Жамбыл облысы — гипс CaSO₄·2H₂O.
  • Шымкент, Семей маңы — әктас қоры.

Логикалық сұрақтар

  1. Металл күйіндегі кальций ауада тұрса, біртіндеп ақ түсті ұнтаққа айналады. Қандай реакция жүреді? Реакция теңдеуін жазыңдар.

    Нұсқа: кальций оттекпен әрекеттесіп, кальций оксидін (CaO) түзеді.

  2. Неліктен жеңіл әрі берік металл болғанына қарамастан, кальцийді ұшақ жасауға қолданбайды?

    Нұсқа: кальций химиялық тұрғыдан өте белсенді; ауа мен ылғалдың әсерінен тез тотығып, коррозияға ұшырайды.

Жаңа тақырыпқа кіріспе

Химиялық портрет (өлең)

Алтындай менің ардақтым,

Қорғасындай салмақтым.

Көптен көрмей өзіңді,

Электрондай зар қақтым.

Өзің менің оттегім,

Өмірім сенсіз жоқ менің.

Мінезің мыстай майысып,

Сынаптай сырғып кетпегін.

Шаштарың қара көмірдей,

Мүсінің құйған темірдей.

Кальцийдей менің аппақсың —

Өзіңнен асыл таппадым.

Бөлім

§36. Кальцийдің қосылыстары

Бөлім

§37. Судың кермектігі

Кальций қосылыстары: негізгі ұғымдар

Кальций табиғатта кең таралған және көптеген маңызды бейорганикалық қосылыстар түзеді. Төмендегі кесте ең жиі кездесетін қосылыстар мен олардың тұрмыстық атауларын жинақтайды.

Қосылыс Формула Күнделікті атауы / мысал
Кальций оксиді CaO Сөндірілмеген әк
Кальций гидроксиді Ca(OH)₂ Сөндірілген әк, әк суы
Кальций карбонаты CaCO₃ Бор, әктас, мәрмәр
Кальций фосфаты Ca₃(PO₄)₂ Фосфорит
Кальций фториді CaF₂ Флюорит
Кальций сульфаты (дигидрат) CaSO₄·2H₂O Ғаныш (гипс)
Кальций сульфаты (жартылай гидрат) CaSO₄·0,5H₂O Алебастр

Тірек ұғымдар

  • Кальций оксиді және гидроксиді: негіз түзуші қосылыстар.
  • Карбонаттар: табиғи минералдар мен құрылыс материалдарының негізі.
  • Сульфаттар: гипс, алебастр — құрылыс және медицинада маңызды.

Оқуға бағыт

Бұл бөлімде CaO, Ca(OH)₂, CaCO₃ қосылыстарының қасиеттері мен өзара айналымдарына назар аударылады: тұрмыста кездесуі, өнеркәсіптегі рөлі және қауіпсіздік талаптары.

Судың кермектігі

Кермектілік неден пайда болады?

Судың кермектігі, негізінен, суда еріген кальций және магний тұздарының болуына байланысты. Бұл құбылыс тұрмыста да, өндірісте де айқын байқалады.

Кермектіліктің зияны

  • Қазандықтарда және құбырларда қақ түзіп, жылуалмасуды төмендетеді.
  • Жуу құралдарының тиімділігін азайтады.
  • Тұрмыстық техника бөліктерінің тозуын жылдамдатады.

Кермектілікті жою жолдары

Сабақта кермектілікті азайтудың негізгі тәсілдері қарастырылады: тұрмыстық (қайнату, сүзгілер) және химиялық (реагенттер арқылы тұнбаға түсіру) тәсілдер.

Сабақты бекіту

Есеп

6-есеп: қандай реакциялар көмегімен берілген айналымдарды жүзеге асыруға болады? (мұғалім ұсынған сызба бойынша)

Сәйкестендіру тесті

Қосылыстарды олардың формулаларымен сәйкестендіріңдер.

Қосылыс Әріп Формула
1 Кальций гидроксиді C Ca(OH)₂
2 Кальций гипохлориді В Ca(ClO)₂
3 Кальций карбонаты А CaCO₃
4 Алебастр Д CaSO₄·0,5H₂O
5 Кальций оксиді Б CaO
6 Ғаныш (гипс) Е CaSO₄·2H₂O

Үй тапсырмасы

§36. Кальций қосылыстары

  • 124-бет: №2, №3, №4 тапсырмаларын орындау.

§37. Судың кермектігі

  • 125-бет: №3, №4, №5, №6 тапсырмаларын орындау.