Жәнібек сұлтан

Әдеби-танымдық кеш

Тақырыбы: «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы — Қазақ хандығы»

Мақсаты

  1. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту.
  2. Ел тарихындағы алғашқы хандар — Керей мен Жәнібектің батылдығы мен елжандылығын ұлықтау.
  3. Оқушылардың танымдық қабілетін, патриоттық сезімін арттыру, елін-жерін сүюге баулу; сахна мәдениетін қалыптастыру.

Күтілетін нәтиже

  • Қазақ хандығының 550 жылдығын мазмұнды түрде атап өтеді.
  • Тарихтағы ұлы тұлғалардың өнегелі істерінен тәрбие, үлгі алады.
  • Сахна мәдениеті қалыптасып, сөйлеу мәдениеті артады.
  • Әртістік қабілет ашылып, патриоттық сезім нығаяды.

Қолданылатын жабдықтар

  • Сахналық тарихи-ұлттық киімдер
  • Музыкалық әрлеу
  • «Қазақ хандығына — 550 жыл» бейнежазбасы
  • Әндерге арналған фонограммалар
  • «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы — Қазақ хандығы» баннері

Кештің өту барысы

Сахнада салтанатты түрде екі жүргізуші әуен ырғағымен сөз бастайды.

Жүргізушілердің кіріспе сөзі

1-жүргізуші

Армысыздар, құрметті қонақтар мен ұстаздар!

2-жүргізуші

Қайырлы кеш, қазақ елінің жалынды жас түлектері!

1-жүргізуші

Ұлттық тарихымызды ұлықтайтын, бүгінгі биіктерімізді бағалайтын мерейлі тойымыз — Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы — Қазақ хандығы» атты әдеби-танымдық кешімізге қош келдіңіздер!

2-жүргізуші

Елімізде дүбірлі той — тарихымыздың түп тамыры Қазақ хандығын ұлықтайтын жыл. Баршаңызды ұлағатты, рухты мерекемен құттықтаймыз!

Өлең шумақтары

1-жүргізуші

Бәйтерегі жайқалған батыр халқым,
Күннен күнге жаңғырып жатыр салтың.
Тойлай бергін, тоқтама қуанышпен,
Мың ғасырдан асқанша асыл даңқың!

2-жүргізуші

Шежірең бар шертілер замандардан,
Кемелденіп тарихта тарамдалған.
Жәнібек пен Керейдің баспалдағы,
Алып ұлтқа оймақтай қадам болған.

Тарихи көрініс

Серік Елікбайдың «Керей — Жәнібек» спектаклінен үзінді (10-көрініс). Оқиға орны: дала. Кейіпкерлер: Керей сұлтан, Жәнібек сұлтан.

Жәнібек сұлтан

Әне, кетіп барады. Жаңа көш — тосын тілекпен, үлбіреген үмітпен.

Керей сұлтан

Соңғы санағандарыңда қанша адам? Анығына жеттіңдер ме?

Жәнібек сұлтан

Екі жүз мың адам.

Керей сұлтан

Екі жүз мың жүрек бір арнаға құйылсақ деп барады.

Жәнібек сұлтан

Бір ел болсам дейді. Әне, Ақжол бидің, Арғынның ақ туының ашылмай құлаған, жанбай сөнген шырағының сүйегін әкетіп барады.

Керей сұлтан

Қадірлі қартым, Отаным, бүлінген беліңді, сынған қабырғаңды емдер сөз таба аламыз ба? Мынау қазақы елдің аты — Қазақ, ұраны — Ақжол, ру ағалары — Арғын болсын!

Жәнібек сұлтан

Жақсы, аға!

Керей сұлтан

Қанша ел еңіреп қалды — бәрі есте. Тоқтамыс пен Едіге егесінен Алтын Орда құлады. Біз Дешті-Қыпшақ шаңырағынан бөлініп, бөлек отау тігіп барамыз. Ел үмітін ақтай аламыз ба, Жәнібек?

Жәнібек сұлтан

Ақтаймыз, аға!

Керей сұлтан

Дотан қарт арғы аталарың Орыс ханның атынан қорқам деп еді… Не айтқысы келді екен?

Жәнібек сұлтан

Білмеймін, аға.

Керей сұлтан

Өз ұлтына аш қасқырдай шабатын, елді өзгеге телитін, түркі тілін менсінбейтін Әбілқайыр секілді — бізден де сондай біреу шығып жүрмесін?

Жәнібек сұлтан

Білмеймін, аға. Білетінім — жаңа жол басталды. Жаңа жол. Нұрлы жол. Мұратымыз — Мәңгілік ел, аға!

Жәнібек

Кереке, ұзақ жолға шыққалы тұрмыз. Өзіңіз бата беріңіз.

Керей

Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Кетілмесін тұлпарыңның тұяғы,
Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы.
Барған жерде құшақ жая қарсы алсын
Жақсы адамдар, жайсаң жандар, зиялы.

Жалпақ емес, жақсы жермен танысқын,
Алла жебеп, ұшқан құспен жарысқын.
Көңілің шат, ат-көлігің арымай,
Отбасыңмен аман-есен табысқын.
Әумин.

Музыкалық нөмір

«Керей — Жәнібек» әні орындалады.

Тарихи мазмұн және таным

Жетісуға бағыт алған көш

Керей мен Жәнібек бастаған 200 мың адам Жетісуға бет алды.

1465–1466 жылдары Керей мен Жәнібек Батыс Жетісуды құтты мекен етіп, Шудағы Қозыбасыда Қазақ хандығының туын тігіп, орда құрды. Бұл қадам көшпелі қазақтың ел болып, еңсе көтерсем деген арман-үмітін жүзеге асырды.

Суы мол, топырағы құнарлы, жер жаннаты Жетісу өңірі қалың қазақтың мақтанышына айналды.

Оқушылар оқитын мәтіндер

Оқушы

Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыз Жетісуда болған кезде: «Жетісудың ағашының басы — жеміс» деген екен. Ал екі сұлтан келіп орналасқан жер — Шу туралы: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты. Мына ну қамысың елді ешбір жұтқа бере қоймас», — деген дейді.

Оқушы

Ғасырдың құрдасы,
Ақындар жырлаған.
Көненің сырласы,
Тарихты тыңдаған.
Шежіре шертеді
Көшесі, әр тасы —
Ғажайып ертеңі,
Жетісу алқасы.

Қазақ хандығының құрылуының маңызы

Моңғол шапқыншылығынан кейін қазақ рулары мен тайпалары Жетісуда алғаш рет бір мемлекетке бірікті. Қазақ хандығы нығайған сайын халықтың бірігу үдерісі жеделдеп, «қазақ» атауы да біртіндеп орнықты.

Орта ғасырлық тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати дерегі бойынша, бұл тарихи үдерістің бастауы 1456 жылдармен де сабақтасады. Еркіндікті аңсаған жұртты бастап, жаңа ұлыстың дербестігін жариялау — халқымыз тарихындағы ерекше белес болды.

Қазақ халқы үшін Керей мен Жәнібек, Әз-Жәнібек пен Асан Қайғы есімдері — Отанды, елді, жерді сүюдің және жас ұрпақты тәрбиелеудің мәңгілік өнегесі.

Қазақ хандығының құрылуы — қазақ ру-тайпаларының басын қосып, этникалық аумақты біріктіруге ықпал еткен аса маңызды оқиға. Біртұтас мемлекеттіліктің пайда болуы қазақ халқының қалыптасу үдерісін аяқтауда шешуші факторлардың бірі болды.

Музыкалық нөмір

«Қазақ осы!» әні шырқалады.

Қорытынды өлеңдер

1-жүргізуші

Ту тігілді халқымның бүгін бағына,
Жас өрендер желбіретіп нық ұста.
Ғасырларға жалғастырып елдікті,
Дақ түсірме ата-баба рухына.

Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағаты, өнегесі, еңбегі.
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары —
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі.

2-жүргізуші

Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа келген екен жылы ағыс.
Хандық құрып жеткен екен мұратқа,
О, халайық, құтты болсын қуаныш!

Дереккөз және автор

Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан, №1 Новоишим орта мектебі КММ.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Хизат Ақмарал.