Отаным - алтын бесігім атты тапқыр достар ойынына қош келдіңіздер
Сабақтың мақсаты
Оқушыларды Отанды сүюге, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға тәрбиелеу.
Қайырлы күн, қадірменді көрермендер! «Отаным – алтын бесігім» атты тапқыр достар ойынына қош келдіңіздер! Бұл сайыс екі топ арасында өтеді. Ортаға «Қарлығаш» тобы мен «Тұлпар» тобын шақырамыз.
Ойын бөлімдері
- Таныстыру
- Ойлан, тап
- Сен білесің бе?
- Өнерпаз болсаң
- Жұмбақ
Қазылар алқасы
Сайыскерлердің өнеріне баға беретін қазылар алқасымен таныстырамыз.
Рух көтерер сөз
Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты. Батырлыққа уызынан жарыған, ер түрікті байрағынан таныған. Өзі ақын, өзі әнші халыққа жігер берер Әнұран жарасады.
ҚР Әнұранын орындау.
1-сайыс: Таныстыру
1-топ: «Қарлығаш»
Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз.
Басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз.
Достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз.
Даламдай кең түсінігі, ұғымы, қазаққа тән мінезі мен қылығы.
Әсел апайдың алтындай қыздары — 2 «Ә» сыныбы.
2-топ: «Тұлпар»
Отан дейміз от жаққан жерімізді, Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер — атамекен, биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Отан дейміз кең байтақ Астананы, жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ — ол, бірақ өз үйіңнен басталады.
Отан — осы, достарым, көңілге мұны түйе біл. Отан деп өсіп жас жаның, оны ардақтап сүйе біл.
Гүлденіп жасаруда бүкіл ауыл, гүлдене жайнап ойынға біз де келдік.
Тұлпарлардан Қарлығаштарға сәлем!
Қазылар алқасы ұпайларды есептегенше, Жазықпаев Бекболаттың орындауында «Туған жер» әні тыңдалады.
2-сайыс: Ойлан, тап
Шарты: бір оқушы алға шығып, берілген 5 суретті 1 минут ішінде топқа түсіндіреді. Қалған оқушылар дұрыс жауапты табуы керек.
Тақырыптық сөздер
- Президент
- Киіз үй
- Жылқы
- Абай Құнанбаев
- Бәйтерек
Рәміздер мен ұғымдар
- Ту
- Теңге
- Шаңырақ
- Мектеп
- Монумент
Тарихи тұлғалар
- Үш би
Қазылар алқасы ұпайларды есептегенше, Қабидоллаева Айжан, Молдасейітов Олжас, Баймағанбетов Аят «Қазақстан», «Елтаңба», «Қазақстан туы» тақпақтарын оқиды. Қол соғып қарсы алайық.
Қазылар алқасына сөз беріледі.
3-сайыс: Сен білесің бе?
Сұрақтар (ұпайымен)
- Әнұранның 2 шумағын орындау 5
- «Бейбітшілік құсы» 10
- Желтоқсан оқиғасы қай жылы болды? 5
- Елтаңбаның ортасында не бейнеленген? 15
- Көптік жалғауларды ата 15
- Ұзын мойын, екі ішек, қатар-қатар тепкішек. Басып көрсең бір-бірлеп, үн шығады күмбірлеп. (Жұмбақ) 10
- Етістіктің сұрақтары 5
- Республика күні 5
Музыкалық үзіліс
Қазылар алқасы ұпайларды есептегенше, Базарбаева Алтынгүл мен Ғазизов Рустамның орындауында «Атамекен» әні тыңдалады.
4-сайыс: Өнерпаз болсаң
1-бөлім: «Тұлпарлар» тобының көрінісі
Төле би: Уа, халайық, сөз қадірін білсең! Жаңбыр жаумаса — жер жетім, басшы болмаса — ел жетім. Сөз танығыш жастарға он түрлі жұмбағым бар.
Әйтеке би: Биікке шықсаң — көзің ашылады. Жақсымен жолдас болсаң — көңілің өседі. Айтыңыз, ұлы аға!
Төле би: Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау — 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10.
1-оқушы: Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?
Қазыбек би:
1 дегенім — бірлігі кеткен ел жаман,
2 дегенім — егісіп өткен ер жаман,
3 дегенім — үшке бөлінген ағайын жаман,
4 дегенім — тұрақсыз дос жаман,
5 дегенім — белсеніп шыққан жау жаман,
6 дегенім — асқынған дерт жаман,
7 дегенім — жас келіншек жесір қалса, сол жаман,
8 дегенім — серпілмеген қайғы жаман,
9 дегенім — торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпес — сол жаман,
10 дегенім — оңалмас кәрілікке дауа болмас.
Төле би: Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым менің.
Әйтеке би: Тамыры суда тұрса да, уақыты жеткенде қурамайтын құрақ жоқ. Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.
Қазыбек би: Өркенің өссін десең — кекшіл болма, кесапаты тиер еліңе. Елім өссін десең — өршіл болма, өркеніңді өшірерсің.
Төле би: Уа, халқым! Көсіле шабар жерің бар, ту көтерген елің бар. Атадан қалған сара жолың бар — сөз қадірін біліңдер!
2-бөлім: «Қарлығаштар» тобы
Үйде дайындалған өнер: қазақ биі.
5-сайыс: Жұмбақ
Шарты: екі топқа сөздер жазылған парақтар беріледі. Сол сөздерді көрермендерге түсіндіріп, көрермендерден дұрыс жауапты есту керек.
1-парақ
- Телефон
- Кесе
- Ит
- Ана
- Сөмке
2-парақ
- Дәптер
- Нан
- Аю
- Қуыршақ
- Гүл
Қазылар алқасына сөз беріледі.
Марапаттау рәсімі өткізіледі. Соңында барлығы бірге «Өз елім» әнін хормен орындайды.