Тәй - тәй технологиясының негізгімақсаты

«Алғашқы қадам» бағдарламасы: І сәбилердің «Ботақан» тобы

2–3 жастағы балаларда өзін дұрыс ұстау дағдылары салыстырмалы түрде жеңіл қалыптасады. Өмірдің алғашқы үш жылында физиологиялық денсаулықтың, ақыл-ой мен адамгершілік дамудың негізгі іргетасы қаланады. Бұл кезеңде бала өте жылдам дамитындықтан, ересектердің ықпалы ерекше маңызды.

«Алғашқы қадам» бағдарламасының мазмұны ерте жастағы балалардың жан-жақты дамуын, денсаулығын сақтауды және келесі өтпелі жас кезеңіне сәтті өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ұсынылған әдістемелік нұсқаулық мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне бағдарламаны тиімді іске асыруға көмектеседі.

Бағдарламаның мақсаты

Ерте жастағы балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, денсаулығын сақтау және келесі жас кезеңіне табиғи әрі қауіпсіз бейімделуін қолдау.

Педагогке арналған әдістемелік қолдау

Бұл нұсқаулық мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне «Алғашқы қадам» бағдарламасының мазмұнын жоспарлауға, ұйымдастыруға және күнделікті тәжірибеде жүйелі қолдануға бағыт-бағдар береді.

Білім беру салалары және мақсаттары

Қатынас білім беру саласы

Тіл дамыту Көркем әдебиет

Мақсаты: ересектердің тілін түсінуін дамыту; қоршаған ортамен байланыс құралы ретінде тілдік реакциялардың барлық түрлерін және белсенді сөйлеуді қалыптастыру.

Шығармашылық білім беру саласы

Сурет салу Мүсіндеу Жапсыру Музыка

Мақсаты: балалардың эстетикалық талғамын және сезімдік-эмоционалдық ортасын қалыптастыру, бейнелеу өнері мен музыкаға қызығушылығын дамыту.

Таным білім беру саласы

Қоршаған ортамен таныстыру Экология Сенсорика Құрастыру

Мақсаты: заттар, табиғат және адамдар әлеміне қызығушылығын қалыптастыру.

Денсаулық білім беру саласы

Дене шынықтыру

Мақсаты: бала денсаулығын нығайту, өсіп келе жатқан ағзасының қызметтері мен жүйелерін дамыту.

Мәдени-гигиеналық дағдылар

  • Ересектермен жұптасып әртүрлі қимылдарды орындайды.
  • Түбекке сұранып, дұрыс отыруға үйренеді.
  • Қасықты жұдырықтап ұстайды.
  • Өз орны мен киім ілетін шкафын таниды.
  • Ересектердің көмегімен жуынады.

«Тәй-тәй» технологиясы

Негізгі мақсат

Жас баланы есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу — отбасы мен қоғамның ортақ міндеті. Еліміздің болашағы бесіктен басталады: ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, баланың жан-жақты дамуына және өз ойын ашық жеткізе алуына ықпал етеміз.

Айрықша ерекшелік: отбасының қатысуы

«Тәй-тәй» технологиясының маңызды ерекшелігі — отбасының оқу-тәрбие үдерісіне белсенді қатысуы. Ата-аналар — өз балаларының алғашқы ұстаздары. Осы тәсіл әрбір ата-анаға балабақшадағы оқу-тәрбие жұмысына араласып, пікірлері мен ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік береді.

Орталықтар бойынша жұмыс мазмұны

Құрылыс орталығы

Балаларды блоктар арқылы заттың көлемін анықтауға, ерекше белгілерін салыстыра отырып құрастыру тәсілдерін меңгертуге бағыттаймыз. Кеңістікті бағдарлауға, оң және сол қолын ажыратып атауға, затты оң қолымен алып, сол жақтан бастап қоюға үйретеміз. Құрылыс материалдарынан аласа шарбақ және биік қақпа құрастыру дағдылары қалыптастырылады.

Зерттеу орталығы

Балаларды заттардың қасиеттерін ажыратуға үйретеміз: неден жасалғаны, түсі, көлемі, үлкен-кішілігі, қатты-жұмсақ болуы және «жарты» мен «бүтін» ұғымдары. Бала байқағанын атап айтуға және салыстыруға дағдыланады.

Желілі-рөлді ойын орталығы

Ойыншықтарды іріктеп, рөлдерге бөлісіп ойнауға үйретеміз. Қиялын, ойлауын, мақсат қою дағдыларын дамытуға назар аударамыз. Ойын арқылы еңбекке баулимыз: ойыншықтарын күтіп ұстау, қуыршағын киіндіріп-шешіндіру, ойнап болған соң жинау арқылы тәртіп пен ұқыптылық қалыптастырамыз.

Үстел үсті ойын орталығы

Ұсынылған үлгі бойынша жекелеген заттардан топ құрауға, топтан жеке затты бөліп алуға, «көп» және «бір» ұғымдарын ажыратуға үйретеміз. Қарапайым математикалық және құрастыру түсініктерін қалыптастырып, 1-ден 3-ке дейін санау дағдысын меңгертеміз. Бұл орталық ақыл-ой қабілетінің, икемді қимылдардың және көз мөлшерінің дамуына жағдай жасайды.

Өнер орталығы

Әртүрлі бейнелеу құралдарын пайдалана отырып, түстерді таңдай білуін, қылқалам мен қарындашты еркін қолдануын үйретеміз. Сурет салу арқылы заттардың бейнесін беруге, бояу түстерін алмастырып қолдануға дағдыландырамыз.

Мүсіндеуде сазбалшықпен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырамыз: белгілі бір бейнені мүсіндеу барысында саусақтың қимыл-қозғалысын дұрыс қолдануға үйретеміз.

Қосымша

«Алғашқы қадам» бағдарламасы: жүктеу.