Оқушылардың арасында жақсылық пен жамандық сезімдерін дамытуға ықпа ету
Сабақ жоспары (4-сынып): «Жақсылық жасай білейік»
Бұл жоспар «Өзін-өзі тану» пәніне арналған. Сабақтың өзегі — оқушылардың өзара сыйластығын күшейту, мейірімділік пен сүйіспеншілікке баулу және күнделікті өмірде жақсылық жасау дағдысын қалыптастыру.
Құндылық
Дұрыс әрекет
Қасиеттер
- сыйластық
- бақыт
- мейірімділік
- сүйіспеншілік
- талаптану
Сабақ мақсаты
Оқушылар арасында жағымды қарым-қатынас орнату, бір-біріне және қоршаған ортаға жақсылық жасай білуге бағыт беру, ой-өрісін дамыту.
Міндеттері
- Адамдар арасындағы қарым-қатынаста «жақсылық» ұғымының мәнін түсіндіру.
- Оқушылардың жақсылық пен жамандықты ажырата білу сезімін дамытуға ықпал ету.
- Сыйластыққа, әдептілікке, шыншылдыққа, адалдыққа және жақсылық жасауға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
БастауОқушылармен амандасып, «Өзін-өзі тану» сабағының 5-Т ережесін қайталаймыз. Сабаққа қатысқаны үшін әр балаға 20 ұпай беріледі.
Оқу құралдарын (5 зат) тексеріп, ұпайларын түгендейміз.
Сәлемдесу:
Үлкенге де — Сіз, Кішіге де — Сіз. Бар адамға құрметпен, Бас иеміз біз.
2) Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»
РефлексияОқушылар тынышталып, назарын ішкі сезіміне аударады. Мақсат — ойды жинақтау, жүректі тыныштандыру және мейірімге баптау.
3) Шаттық шеңбері
Жылы байланысБалалар шаттық шеңберіне жиналып, бір-біріне бүгінгі күннің сәтті өтуіне арналған жақсы тілектер айтады.
Өлең: «Өзіңді тану»
Жақсы болу — өзіңнен, Жаман болу — өзіңнен. Өзіңді өзің аяла да, Өзің үйрен өзіңнен. Жақсылық көрсең біреуден, «Мен қандаймын?» деп ойла. Өзіңді өзің қолыңа ал, Өзіңсің — ақыл айнасы. Тиеді саған мәні бар — Өзіңді тану пайдасы.
4) Үй тапсырмасын тексеру
ТалқылауОқушылар «Жақсылық пен жамандық» ертегісі бойынша сұрақтарға жауап береді:
- Неліктен адам Жақсылықтың айтқандарын орындады деп ойлайсың?
- «Жамандыққа ерсең жаман боласың, жақсылыққа ерсең жақсы боласың» деген ойға қандай пікір айта аласың?
5) Дәйексөз
МағынаТақырыпқа сай дәйексөз оқылып, дәптерге жазылады. Мағынасы бірге талданады.
Дәйексөз
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын».
Дәйексөз хормен қайталанады: алдымен ұл балалар, кейін қыздар, соңында барлығы бірге айтады.
6) Шығармашылық жұмыс: ертегіні өз ойыңмен жалғастыр
Топтық жұмысI топ: «Қарлығаш пен дәуіт»
ЖалғастыруБір қарлығаш ұя салып, балапандарын асырап жүреді. Бір күні жауыз жылан балапандарды жегісі келіп, ұя салынған ағашқа өрмелеп шыға бастайды. Қарлығаш жыланды көріп, қатты қорқып, балапандарын қорғап қалатын араша іздейді...
II топ: «Аю мен тышқан»
ЖалғастыруБір тышқан аңдаусызда аюдың апанына тап болып қалады. Адасып жүріп, аюдың құлағына кіріп кетеді. Аю шошып оянып, құлағын басып қояды:
— Менің құлағым — сенің інің деп пе едің? — деп ақырады. — Өзіңді жақсылап сабайын ба?
— Соқпашы. Мен де бір керегіңе жарармын.
— Бармақтай болып, не керегіме жарармын дейсің? — деп күледі аю. Дегенмен, босатып жібереді.
Нәтиже күтілімі
Оқушылар оқиғаны жалғастыра отырып, кейіпкерлер әрекеті арқылы жақсылықтың құнын, өзара көмектің маңызын және мейірімді шешім қабылдаудың нәтижесін түсіндіреді.
Мектеп және мұғалім туралы ақпарат
Мектеп
№18 ЖББОМ КММ
Мұғалім
Сағындық Іңкәр Қанатқызы