Жетім бала

Тақырып

Ән – күй – халық қазынасы.

Сабақ түрі

Ойын сабағы (топтық жарыс)

Көрнекілік

Әуен үзінділері, ән мазмұнын ашатын слайд-суреттер, Құрманғазы мен Дина портреттері, киіз үй макеттері

Нәтиже

Білімді сайыс арқылы бекіту, өнерге қызығушылықты арттыру

Мақсаттары

1) Ұлттық құндылықты тану

Дәстүрлі өнер түрлерін оқыту және үйрету арқылы оқушылардың ұлттық дүниетанымы мен ұлттық психологиясын қалыптастыру; ән-күй, бейнелеу өнері және еңбекке баулу пәндерінің байланысы арқылы өнерге баулу.

2) Тарихи сананы тәрбиелеу

Ән-күй тарихына тоқталып, осы саладағы тарихи тұлғаларды үлгі ету арқылы туған жерді сүюге тәрбиелеу.

3) Музыкалық қабілетті дамыту

Оқушылардың әуенді түсініп, сезіне білуін дамыту; есте сақтау, қиялдау және ойлау қабілеттерін арттыру.

Бағдарлама

  1. 1

    «Әуенді тап» ойыны

    Халық әндері мен балалар әндерінің әуенін тыңдап, ең жылдам анықтау.

  2. 2

    Музыкалық терминдер

    Экрандағы сұрақтарға 3 нұсқаның ішінен дұрыс жауапты табу.

  3. 3

    «Сырлы да сазды әуен»

    Ән мазмұны мен бейнелеу өнері арасындағы байланысты түсіну.

  4. 4

    Күй – күйші, ән – әнші

    Тұлғалар мен шығармаларды сәйкестендіру, ұжымдық құрастыру тапсырмасы.

  5. 5

    Қорытындылау

    Ұпайларды есептеу, жеңімпазды анықтау және марапаттау.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру бөлімі

Кең залдың іші күмбірлеген күйге толады. Сынып безендіріліп, оқушылар екі топқа бөлініп орналасады. Әр топтың алдына сигнал беруге арналған белгі қою құралы қойылады.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Балалар, «Ән – күй – халық қазынасы» атты сайыс сабағымызға қош келдіңіздер! Бүгін сіздер музыка пәні бойынша алған білімдеріңізді ортаға салып, өзара жарысқа түсесіздер. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Енді ойын сабағымызды жүргізушілер жалғастырады.

Жүргізушілердің ашылу сөзі

Ән барады айналып гүл даланы,
Таң самалы толқиды жылғадағы.
Ағысынан тынбайтын тіршіліктің
Жайнатады даласын нұр жанары.

1-жүргізуші

Ән әуенде төгіледі бүгін бір үн,
Таратқандай әлемге ғұмыр нұрын.
Сандуғаштай сайрайды серпіп тастап
Аспанның көк күмбезді шымылдығын.

2-жүргізуші

Екі жүргізуші: «Ән – күй – халық қазынасы» атты сайысымызға қош келдіңіздер!

1-кезең: «Әуенді тап»

Шарты

Мектеп бағдарламасындағы халық әндері мен балалар әндерінің әуені әр топтың таңдауы бойынша орындалады. Әуенді қай топ бірінші болып тапса, сол топ 5 ұпай алады.

Ән әуенін табыңдар,
Бәрің бермен келіңдер!
Бұл қызықты ойынды
Тамашалап көріңдер.

1-жүргізуші

Еш қиыны жоқ мұның,
Сазын білсең өлеңнің.
Түсінсеңіз болғаны —
Құдіреті бұл өнердің.

Бұл ойыннан қашпайық,
Әуенін тауып тастайық.
Әзір болсақ бәріміз,
Ендеше, ойынды бастайық!

2-жүргізуші

Ойын соңында ұпай саны есептеледі.

2-кезең: Музыкалық терминдер

Шарты

Экранда музыка пәні бойынша сұрақтар және жауаптың үш нұсқасы беріледі. Дұрыс нұсқаны бірінші болып тапқан топ 10 ұпай алады.

Сұрақтар

  1. 1) Қай ән тұрмыс-салт әні?

    • A) Қараторғай
    • Ә) Елім-ай
    • Б) Бесік жыры
  2. 2) Әнді шығарушы адам:

    • A) ақын
    • Ә) жырау
    • Б) композитор
  3. 3) «Қосалқа» күйінің авторы кім?

    • A) Құрманғазы
    • Ә) Дәулеткерей
    • Б) Қорқыт
  4. 4) Қайсысы үрмелі аспап?

    • A) жетіген
    • Ә) шаңқобыз
    • Б) сазсырнай
  5. 5) Оркестрді басқарушы адам:

    • A) әнші
    • Ә) дирижер
    • Б) күйші
  6. 6) Сахналанып, ән айтылып, би биленетін ертегі:

    • A) пьеса
    • Ә) вальс
    • Б) опера
  7. 7) Көп адамның бірігіп ән айтуы:

    • A) концерт
    • Ә) хор
    • Б) дуэт
  8. 8) Музыка тілінде дыбыстың өте қысқа, жеңіл орындалуы:

    • A) фермата
    • Ә) стаккато
    • Б) крещендо
  9. 9) «Көкшолақ» әнінің авторы кім?

    • A) Кенен Әзірбаев
    • Ә) Ибрагим Нүсіпбаев
    • Б) Жаяу Мұса
  10. 10) Құрманғазының шәкірті болған күйші:

    • A) Дина
    • Ә) Сармалай
    • Б) Ықылас

Ойын соңында ұпай саны есептеледі.

3-кезең: «Сырлы да сазды әуен»

Мұғалімнің түсіндіруі

Балалар, әрбір әннің, әр әуеннің өзіндік мазмұны мен мәні бар. Ән жайдан-жай тумайды: оған белгілі бір тарихи оқиға, көңіл күй әсер етеді. Сол әсердің нәтижесінде әншінің көкейінен әуен туып, оқиға мен сезімді бейнелейді.

Сұрақ:

Өз ойы мен сезімін тағы қандай өнер иелері бейнелей алады?

Жауап: ақындар, суретшілер, мүсіншілер, сәулетшілер және т.б.

Келесі тапсырмада әнші мен суретші арасындағы байланысты қарастырамыз: әнші ойын ән арқылы жеткізсе, суретші оны қылқаламмен бейнелейді.

Шарты

Суретшілер салған суреттер көрсетіледі. Сол суреттердің өздерің білетін қай әнге қатысты екенін анықтаңдар. Қай топ бірінші тапса, әр дұрыс жауап үшін 10 ұпай алады.

Әндер тізімі

  • 1) Қамажай
  • 2) Мектебім
  • 3) Ақсақ құлан
  • 4) Ортеке
  • 5) Алатау
  • 6) Шырша әні
  • 7) Жетім бала
  • 8) Бесік жыры

Ойын соңында ұпай саны есептеледі.

4-кезең: «Күй – күйші, ән – әнші»

Әңгіме-өрбіту

Музыка пәні арқылы сендер көптеген күйшілерді, композиторларды және әуелете ән салған әншілерді таныдыңдар. Ендеше, қандай атақты тұлғаларды атай аласыңдар?

Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Ықылас, Қорқыт, Жаяу Мұса, Ақан, Біржан және т.б.

Шығармашылық тапсырма

Алдарыңда дарынды тұлғалар шыққан қазақ даласының көрінісі беріледі. Мақсат — осы көріністі тойлы ауылға айналдыру.

  • 1

    Жайлауға ата-бабамыздан мұра болған киіз үйлерді тігіп, ою-өрнекпен безендіреміз.

  • 2

    Ою-өрнектің бір жартысында күйші-композиторлардың есімдері, екінші жартысында олардың шығармаларының атаулары беріледі.

  • 3

    Топ мүшелері есім мен шығарманы дұрыс сәйкестендіріп, киіз үйлерге жапсырады.

Қай топ бірінші болып аяқтаса, сол топқа 30 ұпай беріледі.

Қорытындылау

Кеш соңында барлық кезең бойынша жиналған ұпайлар есептеліп, жеңімпаз топ анықталады және марапатталады.

Сайыс «Ән сабағы» әнімен аяқталады.