Тур Жалғасын тап

«Мың бір мақал» сайысы

Бұл жарыс сабағы оқушылардың мақал-мәтелдерді жатқа білуін, оларды күнделікті ауызекі сөйлеуде орынды қолдануын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар шапшаңдық пен ептілікті дамытуға, тіл байлығын арттыруға және туған елін, жерін сүюге тәрбиелеуге ықпал етеді.

Мақсаты

  • Білімділік: мақал-мәтелдерді жатқа айту және күнделікті тілде қолдану дағдысын дамыту.
  • Дамытушылық: шапшаңдыққа, ептілікке баулу, сөздік қорды молайту.
  • Тәрбиелік: туған елін, жерін қадірлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу.

Түрі және көрнекілігі

Түрі

Жарыс сабақ.

Көрнекілігі

Шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер жазылған слайдтар, 10 балдық жетондар.

Сайыс құрылымы

  1. 1 «Кім жылдам»
  2. 2 «Жалғасын тап»
  3. 3 «Мағынасын түсіндір»
  4. 4 Үй тапсырмасы
  5. 5 «Аударып көр»
  6. 6 Қорытындылау

Кіріспе

Құрметті оқушылар, ұстаздар, қонақтар және ойынға қатысушылар! Бүгінгі сайысымыз «Мың бір мақал» деп аталады және 6 турдан тұрады. Алдымен сайыстың мақсаты мен жоспарымен танысып өтейік.

Мақал-мәтелдер — халық ауыз әдебиетінің маңызды бір саласы. Мақалдар ойдың дәлдігімен, терең мазмұнымен және ықшамдылығымен ерекшеленеді. Оларда халықтың тарихы, әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі мол көрініс табады.

Негізгі бөлім

Оқушылар екі топқа бөлінеді. Әр топ өз атауын және ұранын таныстырады.

1-тур: «Кім жылдам»

Бұл турда әр топтан бір оқушы шығып, өздері таңдаған тақырып бойынша мақал айтады. Әр мақал үшін 10 ұпай беріледі.

2-тур: «Жалғасын тап»

Мақалдың жалғасын табу керек. Әр дұрыс жауапқа 10 ұпай беріледі.

1. Көзі соқырдан қорықпа, көңілі соқырдан қорық.

2. Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.

3. Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме.

4. Ат жаманы жолда қалдырар, жолдасы жаманды қолда қалдырар.

5. Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді; атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді.

6. Әдептілік, ар-ұят — адамдықтың белгісі; тұрпайы мінез, тағы жат — надандықтың белгісі.

3-тур: «Мағынасын түсіндір»

Әр команда берілген мақалдардың мағынасын ашып, түсіндіріп береді.

  • 1. Жаста оқыған оқуың — тасқа жазған сөзбен тең; қартайғанда оқыған оқуың — мұзға жазған сөзбен тең.
  • 2. Жұмыла көтерген жүк жеңіл.
  • 3. Еңбекке бейім болсаң, қатарыңнан кейін болмайсың.
  • 4. Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады.

4-тур: Үй тапсырмасы

Суреттерде бейнеленген заттарға байланысты мақал айту. Әр команда қарсы команданың салған суретімен жұмыс жасайды.

5-тур: «Аударып көр»

Орыс тілінде оқылған мақалдың қазақша баламасын табу. Әр дұрыс жауапқа 10 ұпай беріледі.

1. Кто молоко украл — тот спасся, кто чашку облизал — попался.

2. Две головы бараньих целиком не умещаются в котле одном.

3. В родной долине лучше прахом быть, чем на чужбине падишахом быть.

4. Даже мышка, что жива, лучше мёртвого льва.

6-тур: Қорытындылау

Сабақ соңында әр команданың жинаған жетондары саналып, қорытынды шығарылады. Ұпайы көп команда марапатталады.