Желтоқсан құрбандарымен таныстыру
Сабақтың мақсаты
Оқушыларды Отанды сүюге тәрбиелеу, ел тәуелсіздігін насихаттау және Тәуелсіздіктің алтын діңгегі саналатын 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне ғылыми тұрғыда сипаттама беру. Желтоқсан оқиғасының қыр-сырымен таныстырып, құрбандарын еске алу арқылы тарихи шындыққа көз жеткізу.
Тәрбиелік мәні
Желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апалардың ерлігін үлгі ете отырып, елін-жерін сүюге, Отанды қастерлеуге, шыншылдық пен әділдікке тәрбиелеу.
Дамытушылық
Оқушылардың сөздік қорын молайту, ойды жүйелі жеткізу дағдысын дамыту және есте сақтау қабілеттерін арттыру.
Көрнекіліктер
- Желтоқсан құрбандарының фотосуреттері
- Д. Қонаевқа қатысты материалдар
- Кітаптар, нақыл сөздер, «Желтоқсан алаңы» көріністері
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру
Қонақтармен сәлемдесу
Әдеби бөлім
«Тәуелсіздік – тұғырым» әдеби-сазды бағдарлама
Сахналық қойылым
«Мұзда жанған алау»
Талқылау
«Есте қалған сол бір кез» және қонақтармен әңгіме
Ой тастайтын дәйексөз
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің иесі өзің екеніңді ұмытпа!»
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан
Тәуелсіздікке 26 жыл
Кіріспе
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Сіздерді 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Егемен ел атанғанға дейін халқымыз талай қиындықты бастан өткерді. Сол ауыр сындардың бірі — қазақ халқының ары мен намысына, тағдыры мен тарихына өшпес таңба салған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
1986 жылғы Желтоқсан: оқиға өрісі
Пленум шешімі
1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің небәрі 18 минутқа созылған V пленумында Д. А. Қонаевтың орнына Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ұсынуымен Г. Колбин тағайындалды. Ол бұған дейін Ульяновск облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған және республикаға мүлде бейтаныс еді.
Жаппай толқу
17 желтоқсанда таңертең Алматыда жаппай толқу басталып, кейін республикадағы басқа қалаларға да тарады. Г. Колбиннің тағайындалуы — тек сылтау. Наразылыққа жылдар бойы қордаланған себептер түрткі болды. Жастар Брежнев алаңына жиналып, әділет пен теңдік талап етті.
Алаңдағы үн
-
Ұран
«Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған»
-
Талап
«Әрбір ұлтты өз көсемі басқарсын!»
-
Мұрат
«Тәуелсіздік керек!»
Қақтығыс және қудалау
Республика басшылығы жастармен тең құқылы келісімге бармады, олардың пікірін тыңдауға құлық танытпады. Саяси наразылықты билікке төнген қатер деп бағалап, Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтірді. Алаңдағы жастар қоршауға алынып, әр аймақтан арнайы әскер бөлімдері жеткізілді.
Шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген жалған айыптар тағылды. Көптеген студенттер оқу орындарынан шығарылып, бірқатары қамауға алынды.
Желтоқсанға арналған жолдар
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзда жанған алауы!
Өздеріңдей өр намыс жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Желтоқсан құрбандары
Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира сияқты қазақ жастары Желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлық танытып, ерлік көрсетіп, құрбан болды.
Қайрат
Рысқұлбеков
Ләззат
Асанова
Ербол
Сыпатаев
Сәбира
Желтоқсан құрбаны
Еске алу
Желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алайық.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді»
Ілияс Жансүгіров
Тәуелсіздікке бастар жол
Желтоқсан — ерлік тарихымыз. Сондықтан атқарылған істерді орынды деп бағалаймыз. Президент Жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі — «Алтын жұлдыз» табысталды. Сәбира, Ләззат, Ерболға ақтау жөніндегі анықтама құжаттары берілді.
Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсанның арман-тілегі орындалып, елімізге тәуелсіздік таңы атты. Қай мемлекет үшін де тәуелсіздік — ең қымбат құндылық. Егемендік — көптеген ұлттар мен халықтардың мәңгілік асқақ арманы. Бүгінгі күні де азаттық үшін күресіп жатқан халықтар бар.
Бабаларымыз «Егемен болмай ел болмас, етектен кескен жең болмас» деп, ұлан-ғайыр даланы мекендеген елдің өзгелермен терезесі тең, дербес мемлекет болуын армандап өтті.
1991 жылғы тарихи белес
Халқымыздың бақытына орай, Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың тереңнен зерделей білетін саясаты мен көрегендігінің арқасында 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан егемендікке қол жеткізді. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, атқаруға келгенде ғасырлық салмағы бар іс еді.
Кешегі үлкен державадан жеке отау болып шыққан елдерге әлем назар тікті: «Қайтер екен?» деп, алғашқы қадамды қадағалады. Әр түрлі жолдармен азаттық алған мемлекеттердің ел болып еңсе тіктеуі әрқалай болғаны тарихтан белгілі.
Тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстанды нарық экономикасына бағыттауда Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи шешім қабылдап, тәуекелге бел буды. Соның нәтижесінде ел дамуына даңғыл жол ашылды.
Ел бірлігі мен жаңғыру
Қазақстанның өзгелерге үлгі болатын тұстары аз емес. Жаһандық жаңашыл жобаларға бастама жасау, ұлттық рухты нығайту, қоғамның ішкі бағытын нақтылау — ел дамуының маңызды тетіктері. Біз — ұлттық міндеті берік, ұлттық рухы жаңарған елміз.
Еліміз стратегиялық индустриялық-инновациялық даму мақсатын алға қойып, саяси және экономикалық тұрғыда дұрыс шешімдер табуға мүмкіндік алды. Халық тұрмысын жақсарту, адам құқығын қорғау, әлеуметтік әділдік орнату, ұлтаралық келісім мен бірлікті сақтау бағытындағы бастамалар халықаралық қолдауға ие болды.
Тәуелсіздік туралы қанатты ойлар
ХХ ғасырдың соңында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет пайда болды. Сол — Қазақстан. Осы мемлекеттің бастауында тұру бақыты Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырды. Президент Қазақстан Республикасын әлем таныған тәуелсіз мемлекет тұғырына қондырған тарихи тұлғаға айналды.
Тәуелсіздік туралы
«Егер біз Тәуелсіздіктен айырылсақ, бізге кешірім жоқ.»
Маңызы
«Тәуелсіздік — ата-бабаларымыздың жүздеген жылдарға созылған арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.»
Тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша. Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінен тайсалмауға тиіспіз. Мыңжылдықтың тоғысында тәуелсіз мемлекет құрдық.
Қазақстанның болашағы үшін өсіп-өркендеу, нығаю жолында ең қажеті — халқымыздың бірлігі. Осы жылдар ішінде талай белестен өттік, Қазақстанды әлем таныды.
Қорытынды тілек
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!
Дерек
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылы
№194 орта мектебі
Пәні мұғалімі: Көшербаева Жадыра