Жеті лақ ертегісіМақсаты

Мақсаты

  • Әр кейіпкердің рөлін қимыл-қозғалыс арқылы сенімді көрсетуге үйрету.
  • Дауыс ырғағын, сөйлеу мәнерін және көркем дикцияны дамыту.
  • Ертегіні сахналау мәдениетін қалыптастыру.
  • Үй жануарларын қорғауға, қамқор болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Ертегі кейіпкерлерінің атрибуттары мен бейнелері.

Рөлдер

  • Жүргізуші, тәрбиеші: Зәмзәгүл Амангелдіқызы
  • Ешкі: тәрбиеленуші Алимахун Асемай
  • Қасқыр: тәрбиеші Асем Изатқызы
  • Лақтар: тәрбиеленушілер Абуғали Адия, Шаймұрат Айару, Ғаниқызы Ханифа
  • Аңшы: тәрбиеленуші Жомарт Нұрлыбек

Жұмбақтар арқылы кіріспе

Жүргізуші балаларға ертегіні бастамас бұрын бірнеше жұмбақ жасырады. Мақсат — көңіл күйді көтеріп, назарды шоғырландыру.

I. Басында екі таяғы бар. Төрт аяғы бар. Адам деуге болмайды. Сақалы тағы бар.

Жауабы: Ешкі

II. Тастан тасқа секірген, ұзын салпақ құлақты, қойдан маза кетірген — кім біледі?

Жауабы: Лақ

III. Алыстан сезіп ел ішін, көк төбегім ұлып тұр. Бірақ малдың өрісін қияннан-ақ біліп тұр.

Жауабы: Қасқыр

Сергіту сәті

Ертегіге кіріспес бұрын қысқа қимыл-қозғалыс жаттығуы орындалады.

Тіктеп титтей құлағын,
Ботам былай жүреді.
Сыртылдатып тұяғын,
Лағым секіріп жүреді.

Ертегінің желісі: «Жеті лақ»

Баяғы заманда бір ешкі болыпты. Оның жеті лағы бар екен. Үйі орманның шетінде орналасыпты. Ешкі күн сайын лақтарына азық әкелу үшін орманға кетеді екен.

Ешкінің ескертуі

Ешкі үйден шығарда: «Қарақтарым, шырақтарым, есікті ешкімге ашпаңдар. Әйтпесе сендерді қасқыр алып кетеді» — деп ескертеді.

Қасқырдың алғашқы әрекеті

Бір күні ешкі орманға кеткенде, қасқыр келіп есікті қағады. Бірақ лақтар сенбей, есікті ашпайды. Үйге кіре алмаған қасқыр тасада тығылып, ешкінің келуін күтеді.

Бір кезде ешкі келіп: «Қарақтарым, шырақтарым, мен сендерге азық алып келген аналарыңмын, есікті ашыңдар» — дейді.

Лақтар қуанып: «Алақай, анамыз келді!» — деп есікті ашып, ешкіні үйге кіргізеді.

Қасқырдың айласы

Ертесіне ешкі тағы да орманға кеткенде, қасқыр есікті қағып: «Қарақтарым, шырақтарым, мен сендерге азық әкелген аналарыңмын» — деп дауыстайды.

Лақтар тағы да алданып: «Алақай, анамыз келді!» — деп есікті ашады.

Қасқыр үйге кіріп, лақтарды алып кетеді. Тек ең кішкентай лақ қана пештің ішіне тығылып, аман қалады.

Сахналық дыбыстаулар: Қасқыр — «р-р-р», лақтар — «мә-мә-мә».

Анасының қайғысы

Ешкі оралғанда лақтарын таппай қатты қайғырады: «Лақтарымды қасқыр әкетіпті, енді қайттім!»

Сол кезде пештен кішкентай лақ шығып, болған жайды анасына айтып береді: «Ана, сіз орманға кеткенде қасқыр келді. Біз сіз екен деп, есікті ашып жібердік. Қасқыр балаларды алып кетті» — дейді.

Құтқару

Ешкі дереу аңшыға барып, лақтарын құтқаруды өтінеді: «Аңшы, өтінемін, менің балаларымды қасқыр алып кетіпті. Құтқарыңызшы» — дейді.

Аңшы: «Жарайды, құтқарамын» — деп уәде береді.

Аңшы қасқырды тауып, лақтарды аман алып, үйлеріне қайтарады. Ешкі қуанып, балаларымен ұзақ әрі тату өмір сүріпті.

Негізгі ой

Сақтық

Бейтаныс адамға есік ашпау, қауіпсіздік ережесін ұмытпау.

Қамқорлық

Ана мен баланың мейірімі, бір-біріне деген жауапкершілік.