Кеткен дейді жеті жұрт

Туған өлке – тұнған шежіре

Мақсаты

Оқушылардың туған өлкеге деген қадір-қасиетін оятып, сол арқылы туып-өскен жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.

Түйін

Отан — тек атау емес: ол туған қала, өскен ауыл, оқыған мектеп, адамды азамат етіп қалыптастырған орта.

Кіріспе (мұғалім сөзі)

Отан ұғымы біз үшін айқын ақиқат. Отан — өзің туған қала, өзің өскен ауыл, өзің оқыған мектеп; қысқасы, өзіңді өмір азаматы етіп қалыптастыруға ықпал еткен орта.

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, солар жайлы білу — ауа мен судай қажет. Бүгінгі тәрбие сағатымыз осы аталы сөздердің желісімен өрбиді.

Туған жеріміз, туған Отанымыз — Қазақстан. Ал кіндік қанымыз тамған туған өлкеміз — киелі Маңғыстау.

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! «Туған өлке – тұнған шежіре» атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Маңғыстау: тарих пен рухтың мекені

Маңғыстау — шежіресі терең, талай дәуірдің ізі қалған қасиетті аймақ. Бұл өлке — «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» деген сөздің салмағын сездіретін, жалы биік, атышулы өңір.

1-жүргізуші

Маңғыстау — көнеден келе жатқан өлке.

Маңғыстау — шөл қысып, ерні кезерген белес.

Төбе-төбе бастарыңда оба жатқан,

Көне тарих қырғындарын сезем мен.

2-жүргізуші

Бабаларым ат ойнатып өскен жер,

Тұлпарларым толарсақтан су кешкен жер.

Ақ шаһардай ақтауларды үңгіп өткен,

Көкірегіңнен аңқылдап бір ескен жел.

Тамыры терең топырақ

«Маңғыстау — сонадайдан тозаңытқан, жүрегін талай ердің қобалжытқан» деп бұрынғылар толғаған. Өткеннен өшпес із қалған тарихтың тамыр-тіндері тым терең.

Берекелі Бейнеу өңірінен бастап, Шығыс пен Батысты жалғаған алтын көпір іспетті Ұлы Жібек жолының сүрлеулерінің бір тармағы осы өлкені басып өткен.

Тастың да тілі бар

Қойнауы қазынаға толы қасиетті жерге кімдер келіп, кімдер өтпеді десеңізші. Тастың өзінен жыр оқитындай, құпиясы мол өлке.

Өткен өмір айқаста істеп кеткен ізі — қойтаста да, айтаста да. Таңбасы таңбаланған, жебенің ізі қалған.

Мәңгілік боп ұраны, жоғалмайды нұр-әні: мавзолейлер мен мазарлар айдалада әлі де тұр.

Ендігі кезекті оқушыларға береміз.

Оқушы үні

1-оқушы

Бұл өлкеде әр шаңырақ қуанышта да, мұңда да алдымен Бекеттің атын ауызға алған. Өйткені ол тірісінде елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат.

Ол — жаудан елді арашалаған батыр, дауда әділетті қорғаған қазы. Әлсізге медет, күштіге айбат, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу бола білген тұлға.

Ұрпаққа — ұстаз, ұлысқа — ұран, ел иесі — жер киесі Пір ата Бекеттің отаны — осы қасиетті өлке.