Менің үйренгенім

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Бөлім

Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер

Сынып

7-сынып (екінші тіл)

Сабақтың тақырыбы

Көрісу

Оқу мақсаттары

  • О6 — өзіндік көзқарасын білдіру және бағалау.
  • 7.О6 — тақырып бойынша үйренген сөздерді қолданып, мәтіндегі мәселені шынайы өмірмен байланыстыру.

Бағалау критерийлері

  • Тақырып бойынша үйренген сөздерді орынды қолдана алады.
  • Мәтінде көтерілген мәселені шынайы өмірмен байланыстырады.

Сабақтың мақсаттары

Барлық оқушылар

Тақырып бойынша үйренген сөздерді сабақ барысында қолданады.

Көптеген оқушылар

Мәтінге қатысты өз көзқарасын анық әрі дәл білдіреді.

Кейбір оқушылар

Мәтінде көтерілген мәселені шынайы өмірмен байланыстырып, дәлел келтіреді.

Тілдік мақсаттар

Пән лексикасы мен терминология

өңір дәстүр көрісу сандық құшақтасу несібе бата беру

Диалог және жазылымға қажетті тіркестер

  • Маған ұнаған тұсы — …
  • Менің ойымша, …
  • Мен өз пікірімді білдірсем, …

Мектеп құндылықтары

  • Өзіне және қоршаған ортаға құрмет
  • Ынтымақтастық
  • Жауапты азаматтық ұстаным
  • Академиялық адалдық
  • Өмір бойы білім алу
  • Ашықтық

Пәнаралық байланыс және алдыңғы білім

  • Пәнаралық байланыс: әдебиет, АКТ.
  • Алдыңғы білім: 7.Ж1 — стильдік ерекшелікті сақтай отырып күнделік, мінездеме, түсініктеме, өмірбаян жазу; «Айт мерекесі» тақырыбы.

Сабақтың барысы

Бастапқы кезең

  • Ұйымдастыру: сабақ мақсаты мен бағалау критерийлері таныстырылады.
  • Қызығушылықты ояту: оқушылар StudyStack сайтындағы әріптерді құрастыру тапсырмасы арқылы «Наурыз мерекесі», «Көрісу күні» сөздерін табады және не білетінін айтып, ой бөліседі.
  • Қайталау: алдыңғы сабақта үйренген сөздерді сөздіктен қарап, еске түсіреді.

Пайдаланылатын ресурс: studystack.com (wordscramble тапсырмасы).

Ортасы: сөздікпен жұмыс

Оқушылар «үш мүмкіндік» қағидасымен жұмыс істейді: жұбынан сұрау, сөздік кітапты пайдалану, басқа топтан көмек алу. Алдымен аударма сөздіктен орысша баламасын табады, кейін мағынасын ашу үшін түсіндірме сөздікті қолданады.

Тапсырма

Әр топ екі сөздің мағынасын анықтап, сыныпқа түсіндіріп береді.

Кері байланыс өлшемдері

  • Топ белсенді жұмыс істеді.
  • Тақырыпқа қатысты сөздерді үйренді.
  • Сөздерді сөйлеуде орынды қолдана алды.

Мәтінмен жұмыс: «Көрісу» дәстүрі

Еліміздің батыс өңірлерінде Наурыз мейрамына алдын ала үлкен дайындық жасалады. Өйткені қыстан аман-есен шыққан халық бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасады. Осы тұста есте қалатын мерекелердің бірі — 14 наурыз, Көрісу күні.

Сол күні ауыл балалары үй-үйді аралап, үлкендердің «Жасың құтты болсын!» деп берген батасы мен тәттілерін алып, қуанып қайтады. Қай жерде болсын, кездескен ауыл тұрғындары қол алысып, «Бір жасыңмен!» деп құшақтасып көріседі.

Әрбір үй 14 наурызда сандығының түбіндегі қыс бойы сақтаған дәм-тұзын шығарып, «Қазан толы болсын!» деп дастарқан жаяды. Отбасының үлкендері балаларына, ағайын-туысқа ақ батасын беріп, наурызға аман-есен жеткеніне қуанышпен тілек айтады. Әсіресе, қариялар үшін бұл — айрықша мейрам.

Көрісу күні таң атқаннан бастап үй-үйді жағалап көріседі. «Кім ерте тұрып, 40 үйге кіріп көріссе, соған Қыдыр ата несібесін береді» деген сөз де бар. Дегенмен, Көрісу күні бүкіл Қазақстан бойынша тойланатын мереке емес: оны көбіне Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындары атап өтеді.

Тапсырма 1: мәтінді түсіну және пікір айту

  1. Мәтінді көз жүгіртіп оқып, «мәтінде не туралы?» деген сұраққа дәл әрі анық жауап беру.
  2. Есте сақтап оқу: өзің қалаған бір сөйлемді жатқа айту.
  3. Кейбір сөйлемдерге комментарий беру (ойды дәлелдеп, еркін жеткізу).

Қалыптастырушы бағалау: кері байланыс

  • Мәтіннің не туралы екенін айта алды.
  • Сөйлемдерді есте сақтауда белсенді болды.
  • Жатқа айтуға талпынды, бірақ ойы толық әрі нақты шықпады.
  • Комментарийі ұнады: ойын еркін жеткізді.
  • Комментарий айтуға талпынды, алайда нақтылық жеткіліксіз болды.

Тапсырма 2: жұптық талқылау және хабарлама жазу

Оқушылар мәтінді қайта оқып, жұбымен 1 минут пікірлеседі. Негізгі міндет — мәтіндегі көтерілген мәселені табу және әр абзацтағы ойды нақтылау. Әсіресе, соңғы ойға назар аударылады: «Көрісу күні бүкіл Қазақстан бойынша тойланатын мереке емес…»

Жазылым тапсырмасы

«Неге бұл мерекені батысқазақстандықтар ғана кеңінен тойлайды? Неліктен өзге өңірлерде сирек аталып өтеді?» деген сұрақты негізге алып, Алматы, Шымкент, Қостанай қалаларындағы достарына хабарлама жазады.

Үлгі талаптары

  • Мәселені анық, түсінікті тілмен жеткізу.
  • Сөйлем құрылымын дұрыс сақтау.
  • Көлемі 6–7 сөйлем.

Орындау және бағалау

  • Топта А4 қағазына сағат тілі бағытымен бірлесіп жазады.
  • Дайын хабарламаларды сынып ішіндегі жіпке іледі.
  • Ұнаған хабарлама жанына топтасып, таңдау себебін айтады.
  • Оқушылар бірін-бірі өзара бағалайды.

Қалыптастырушы бағалау: кері байланыс

  • Тапсырманы орындауы ұнады.
  • Мәселені таба алды.
  • Хабарламаны жақсы құрастырды.
  • Жазуға талпынды, кей тұста ойын толық жеткізе алмады, бірақ белсенділік танытты.

Сабақтың соңы: рефлексия

Оқушылар тостағаншаға (қағаз қиындыларына) өз ойларын қысқа түрде жазып қалдырады:

Менің үйренгенім:

Маған ұнағаны:

Мен үшін қиын болғаны:

Автор туралы

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Текеева Жанша Тажибаевна.