Аға ұрпақтың өмірінде жинақтаған білімдерін жаңа ұрпаққа жалғастыру

Ұстаздық ілімнің мәні және бүгінгі міндет

Ұстаздық ілім жетілмей, ұстаздық өнер өрге баспайды. Мұғалім мамандығын даярлау, оның шеберлігін үздіксіз жетілдіру жолына жаңа көзқарас қосу — мектептану ғылымының өзекті міндеті.

Мектептану ғылымының іргелі салаларының бірі — ұстаз ілімі. Ол білім жүйесіндегі күрделі мәселелерді ғылыми тұрғыдан түсіндіруге және шешуге негіз болады.

Кәсіби бейнені айқындау

Білім саласының менеджментіне сай профессор-оқытушы, андрагог, менеджер-педагог, жетік тәрбиеші және маман педагог қандай болуы керектігін; оларды іріктеу өлшемдерін мемлекеттің даму деңгейіне лайық нақтылайды.

Дайындау мен жетілдіру бағыты

Жетік мамандарды даярлау және одан әрі дамыту жолын көрсетеді; әлемдік даму үрдістерін талдап, әр елдің жетістігінің себептерін ашады және оны өз тәжірибемізге енгізудің мүмкіндігін бағамдайды.

Тарихи талдау және жаңа идея

Мамандарды таңдап, даярлау ісінде өз мемлекетінің даму тарихын жүйелі талдап, келешекті философиялық-педагогикалық тың идеялармен қуаттап отыру қажеттігін алға тартады.

Қазақ қоғамындағы ұстазды құрметтеу дәстүрі

Қазақ елінде ұстаз ілімінің дамыған дәстүрі, жинақталған тәжірибе және қорытылған тұжырым бар. Соның ішінде ұстазға деген елдің оң көзқарасы, құрметтеп сыйлау, қадірлеу — ата салтымызға айналған. Бұл үрдістің тамыры тереңде.

Ежелгі заманнан бүгінге дейін қазақ халқы отбасы, әулет, ауыл, ата-ру, тайпа, топ, одақ, ұлт сияқты қауымдастықтың сан алуан түрін құра отырып, мемлекет құрып, Ұлы Дала кеңістігінде мыңдаған жыл тіршілік еткен көне, текті халық.

Скифтердің тұңғыш патшасы Торғытайдан бастап, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі уақыт аралығында сақ, ғұн, түркі, оғыз-қыпшақ ұрпақтары тарихын тек найзаның ұшымен емес, ақыл-парасат күшімен, ұрпақ тәрбиесімен, өнегелі сөзбен, кісі тәрбиелеудің амал-айласымен де айшықтап, бізге сарқылмас ілім мұрасын қалдырды.

Әулет мектебі және көшпелі ортадағы оқу-білім жүйесі

Қазақтың тәрбиелеу ілімі қалыптасып, дамып, іске асу барысында талай ұлық ұстаздар шықты, әулет мектебінің сан түрі пайда болды. Бұл мектептердің бас ұстаздары — ана мен әже, ата мен әке, аға мен көке, дос пен таныс, жеңге мен жезде сияқты өнегелі тұлғалар. Олардың есімі де, іс-әрекеті де халық жадында сақталды.

Ортақ тәжірибе

Ұлы Даланың ұлық ұстаздарының ақыл-парасаты мен тәжірибесі негізінде көшпелі тұрмысқа сай, киіз туырдықтыларға (қазақ, қырғыз, моңғол) ортақ жас ұрпақты оқытып-білім беретін, тәрбиелеп үлгі көрсететін, еңбек пен өнерге баулитын, өмірге дайындайтын өзіндік оқу-білім жүйесі қалыптасты.

Кеңес дәуірінде бұл үрдіс өзгеше арнаға бұрылып, отырықшы ел үлгісіне көбірек жақындады. Оның да пайдалы тұстары болды: сол кезеңде қазақтың талай ұлағатты ұстаздары ұстаздық іліміне баға жетпес үлес қосты.

Дегенмен заман өзгерді, дәуір жаңарды. Ендеше ұстаздық ілім де жаңа белеске көтерілуі тиіс. Бұл міндет тәуелсіздік орныға бастаған кезеңнен бері қоғам болып қолға алынып келеді.

Мұғалім — барлық мамандықтың анасы

Мұғалім — барлық мамандық иесін оқытып, тәрбиелейтін абзал жан. «Мұғалім мамандығы — барлық мамандықтың анасы» деген сөздің дәл айтылғаны да сондықтан.

Көпқырлы тұлға

Ұстаз — әрі актер, әрі философ; әрі шәкіртінің ата-анасындай қамқор, қадірлі жақыны, жанашыры.

Еңбек пен ізденіс

Талантты, алғыр, еңбекқор, ізденгіш ұстаздар көп. Өз ісін жетік білетін мұғалім — ұлтымыздың мақтанышы.

Мектептің қуанышы

Бүгінде мақтанарлық мұғалім әр мектепте бар. Оларға сүйеніп, тәлім алып, өсіп-өрбудеміз.

Ұстаздың қалыптасу жолдары

  1. А) Ұстаздықты жан-тәнімен жасынан таңдағандар. Бұл таңдауға жақын ортасы — ата-анасы, аға-бауыры, өзі білім алған мектебі және тәлім берген ұстазы ықпал етеді.
  2. Ә) Балалық шағында ұстаздыққа бейімі байқалғандар. Олар мектептегі балалар ұйымдарының алғашқы басқышында ұйымдастырушы, жетекші ретінде белсенділігімен көзге түседі.
  3. Б) Кездейсоқ немесе тағдыр айдауымен педагог кадр дайындайтын колледжге не ЖОО-ға түсіп, жақсы ортаға тап болып, озық ұстаздар ықпалымен дарыны ашылып, шеберлігі қалыптасқандар.

Қазіргі талап: кәсіби, адамгершілігі биік мұғалім

Қазақ қоғамы дамыған сайын жас ұрпақтың сана-сезімі мен ой-өрісі де кеңейіп келеді. Бұл білім беруші ұстаздан жаңа, заманауи оқыту әдіс-тәсілдерін ұсынуды және жаңашыл білім беруді үздіксіз жалғастыруды талап етеді.

Моральдық келбет

Мұғалім — бала жанының бағбаны. Ол ары таза, әдепті, ұстамды, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді болып, өз ойын шәкіртіне анық әрі дәл жеткізе білуі тиіс.

Үздіксіз даму

Үнемі ізденіп, білімін толықтырып отырған мұғалімнің өмірлік ұстанымы бекиді, күш-қуаты артады, сабақ сапасы жоғарылайды, еңбегі еленеді.

Нәзік жауапкершілік

Бала жүрегі — мың ішекті аспап: оны күйге келтіру оңай емес. Сондықтан ұстаздыққа жетік үйрену қажет. Тәжірибесіз, жаттығусыз, талдаусыз, рухани дамусыз жақсы ұстаз болу қиын.

Адам қасиетін іздеп табу және жетілдіру — ұстаздың ауыр жүгі. Сондықтан мұғалімді даярлау жаңа талап-тілектерге сай болуы міндетті.

Қоғамдық қолдау: мәртебе, жағдай, сенім

Мұғалімге жан-жақты білім берумен қатар мемлекет тарапынан қамқорлық нақты көрініс табуы тиіс: тұрмыс жағдайына қолдау көрсету, еңбекақыны әділ төлеу, қоғамға аса қажет тұлға екеніне тұрақты назар аудару қажет. Жағдайы жасалмаған мұғалім жадырап жұмыс істей алмайды.

Қандай қоғамдық қиындық болса да мұғалімге сенім білдіріп, көмек көрсету — үкіметтің де, жергілікті басшылардың да, халықтың да ортақ парызы. Егер бұл орындалмаса, келешек қоғам азаматтарының адамдық қасиеттен алыстауы таңғаларлық жағдай болмай қалуы мүмкін.

Ұстаздық ілімді жаңғыртпай, озық жүйе құрылмайды

Қатардағы ұстаздың өзі заман талабын толық қанағаттандыра алмай қалғанын түсіну қиын емес. Сондықтан профессор-оқытушы, андрагог, менеджер-педагог, ғалым-ұстаздар сияқты айтулы педагог кадрлерді іріктеп, оқытып, жетілдіріп ұсынудың ғылыми негізін айқындау қажет. Бұл — ұстаздық ілімнің тікелей міндеті.

Өз бағытымызды нақтыламай, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде озық ұлттық жүйені құру мақсатын толық жүзеге асыру қиын.

Озық жүйе құруға ұсыныстар

1) Болашақ ұстазды мектептің өзі таңдауы керек

Келешектің айтулы ұстазын таңдап табудың, оның маман ұстаз болуына жол ашатын алғашқы ордасы — оқушының өзі оқыған мектебі. Бұл — әлем жұртында орныққан аксиома. Енді осы қағиданы Қазақстан жағдайында қалай жүзеге асыруға болады?

Қазақстан мектептерінің 70–75%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, басым бөлігі — шағын жинақты мектептер. Бұл мектептердегі бастауыш білімге кадрды дәстүрлі түрде педагогикалық колледждер даярлап келді. Соңғы жылдары мектепке дейінгі шағын орталықтар көбейіп, тәрбиеші мамандарға қажеттілік те артты.

Ауыл мектептерін мұғаліммен қамтамасыз ету бұрыннан өзекті болса, қазір талантты, дарынды, жоғары деңгейлі кадрлармен қамтамасыз ету одан да күрделене түсті. «Ауылға дипломмен», «Ауылды көркейту — елді көркейту» сияқты шаралар белгілі дәрежеде нәтиже бергенімен, мәселені түбегейлі шешпеді.

Ұсыныс: ауылда орналасқан мектептер педагогикалық колледждер мен ЖОО-ға түсетін талапкерлерге грантты «оқу орындары» емес, сол ауылдық мектептердің өзі беруі қажет. Талапкердің білім деңгейін де, ұстаздыққа бейімділігін де мектеп ұжымындай жақсы білетін құрал немесе тест жоқ. Оның үстіне, өз ауылына келетін мұғалімнің озат болғанын қаламайтын жан болмайды.

Үміткер грант санынан артық болса немесе лайықты талапкер табылмаса, оны аумақтық білім басқармасы реттей алады. Бұл тәсіл өз маманын даярлауға жергілікті жауапкершілікті арттырады. Шетелдік тәжірибеде мұндай бағыттағы үлгілер көп: жастар бәсекеге түсіп, ұстаздықты саналы түрде таңдайтын жүйелер қалыптасқан.

Сонымен қатар, төлемақы арқылы (кредиттік) педагогикалық мамандыққа түсушілерге орынсыз шектеу қоймау керек. Кей елдерде бір мұғалімдік орынға 2–3 мықты маман кезекте тұрып, шеберлігімен сыналып қызметке кіреді. Сол себепті кей ортада «ғалым болу оңай, ұстаз болу қиын» деген қағида орныққан.

2) Жас мұғалімді «көш жүре түзеледімен» жалғыз қалдырмау

Білімнің қоғамдағы, экономикадағы, өндірістегі және тұрмыстағы жетекші күш екені бүгін толық айқындалды. «Білімің болса ақша табу оңай, білікті болсаң пайда табу оңай» деген ұстаным да бекіді.

Алайда мұғалім үшін жүктеме әлдеқайда ауыр: пәндік ғылымды меңгерумен бірге адамтану мен педагогиканы, әдістемені терең игеруі керек. Оған қоса, шәкірт жанын түсініп, әр балаға жылу жеткізе алатын қабілет қажет. Бұл қасиеттер «оқып қана» толық қалыптаспайды.

Бүгінгі тәжірибеде жас мұғалім кейде ұстаздық шеберлікті толық игермей мектеп табалдырығын аттайды. Ал оны дайындаған орта «ұстаздықты өмірде өзі игереді, көш жүре түзеледі» деп қол бұлғап қала береді. Нәтижесінде жас ұстазға шеберлікті жинауға 3–5 жыл қажет болады; осы кезеңде ол қателеседі, қиналады, кейде мектептен кетеді. Ең бастысы — алғашқы шәкірттерінің білім алуына да белгілі мөлшерде зиян келуі мүмкін.

Бұл сұраққа ұстаздық ілім баяғыдан жауап берген. Ендігі міндет — сол ғылыми қорытындыларды жүйеге айналдырып, жас мұғалімді кәсіби ортада мақсатты түрде сүйемелдеу.

3) Педагог даярлаудың өзегі — құзырлы сауаттылық

Жетік маман, білікті ұстаз даярлап жетілдірудің негізі — оқу-білім беру жүйесінің сапасына тіреледі. Білім беру дегеніміз — аға ұрпақ жинақтаған білімді жаңа ұрпаққа жалғастыру. Бұл үрдіс сауаты ашылмаған ортада да түрлі жолмен жүзеге асқан. Демек, тарихи тәжірибе бар: жазу-сызуды үйрету де, көкірек көзін ашу да — ұстаздық өнердің міндеті.

Мәселен, латын әліпбиіне көшу сияқты ауқымды өзгерістерді жас ұрпаққа игертетін әдіс-амал, теориялық және практикалық тәсілдер алдын ала дайын болуы тиіс. Мұны жүзеге асыратын тұлға — бүгінгі қазақстандық мұғалім.

Құзырлы сауаттылықтың қысқаша үлгісі

Құзырлы сауаттылық — ғылым негізін игеруге, мамандық иеленуге қажет, шығу тегі мен әлеуметтік жағдайына тәуелсіз әр адам міндетті түрде меңгеруі тиіс ортақ білім жиынтығы. Бұл ұстаным ЮНЕСКО білім беру философиясынан бастап, көптеген елдердің білім заңдары мен саясатында жан-жақты талданған.

  • Оқып-жазу сауаттылығы
  • Қарым-қатынас сауаттылығы
  • Ойлап-пайымдау сауаттылығы
  • Есептеу және қаржылық сауаттылық
  • Техникалық тұтыну сауаттылығы

Бұл сауаттылықтар тұлғалық дамуда мәдениет деңгейіне көтерілсе, өмірде кемел адам қалыптасады. Ал болашақ педагог үшін қарым-қатынас сауаттылығының бір тармағы ретінде адамтану сауаттылығы ерекше маңызды.

Бұрын аталған сауаттылықтарды толық меңгермеген орта деңгейлі түлектерді де мұғалімдікке дайындап келдік. Солардың арасынан дарынды, талантты ұстаздар шыққаны рас. Бірақ бүгінгі күні қызметтегі барлық ұстаз толықтай заман талабына сай деп айту қиын.

Ендігі жерде аталған сауаттылықтарды игергендер ғана педагог мамандығын алуға тиіс. Педагог кадрлар даярлау бағыты осы негізде құрылуы қажет. Бұл мақсатқа жетудің бірінші шарты — ұстаздық ілімді жүйелі түрде жетілдіру.

Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы)