Қоян мен көжектері

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті туралы

Топ

Ортаңғы топ

Білім беру саласы

Әлеуметтік орта

Пән / бағыт

Айналамен таныстыру

Түрі

Дәстүрлі емес

Типі

Бақылау арқылы жаңа білім беру

Мақсаты

  • Ертеңгілік мерекелерді еске түсіру арқылы қоян жылын анықтау және оқу мазмұнын балалардың тәжірибесімен байланыстыру.

  • Қоян мен көжектің ұқсастығы мен ерекшелігін сипаттау арқылы сөйлеу тілін дамыту.

  • Заттарды нақты атауларымен (жоңышқа, сәбіз т.б.) атай отырып, қасиеті мен сапасы туралы білімді толықтыру.

  • Ойын арқылы логикалық ойлауды және зейінді арттыру.

  • Қоршаған ортадағы жан-жануарларды аялауға және мейірімді болуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдері

Еске түсіру, ой қозғау, таңғажайып сәт, түсіндіру, сұрақ-жауап, сергіту сәті, ойын, бағалау, қорыту.

Сөздік жұмыс

Жаңа сөз

Күртеше — кеудеге киілетін, жылы жеңіл сырт киім.

Сөздік қор

Жоңышқа, күлгін.

Қажетті көрнекіліктер

  • Ойыншық қоян (көжегімен)
  • Тордағы тірі қоян (көжегімен)
  • Сәбіз
  • Жоңышқа
  • Гүлдер

Алдын ала жүргізілген жұмыс

  • Қоян туралы ертегілер оқу.

  • Мақал-мәтелдер жаттау.

  • Өлең айту.

Сабақ барысы: еске түсіру және ой қозғау

Сұрақ-жауап

Тәрбиеші

— Балалар, топта өткен ертеңгіліктерімізді еске түсірейік. Биыл қандай мерекелерді тойладық?

Балалар

— Аналар мерекесін тойладық.

Тәрбиеші

— Бұл мереке несімен есте қалды?

Балалар

— Қыздар әдемі гүл болды, ұлдар құс болып «ұшып» келді.

Тәрбиеші

— Тағы қандай мерекені қарсы алдық?

Балалар

— Наурыз мерекесін қарсы алдық. Қазақы оюмен өрнектелген әдемі киімдер кидік. Жаңа жыл мерекесін де тойладық.

Тәрбиеші

— Биылғы Жаңа жылда қандай жылды қарсы алдық?

Балалар

— Қоян жылын қарсы алдық.

Таңғажайып сәт

Көңілді әуенмен Нұрханым — Аққоян топқа кіреді. Ол балалардың қоян туралы айтып жатқанын естіп, өзінің «сиқырлы» ойыншығын көрсетеді: бұл ойыншықты оған Әділет сыйлаған.

Диалог

— Балалар, қарайықшы, бұл не?

— Қоян және оның көжектері.

Бақылау

Балалар ана қоянның неше көжегі барын санайды: бір, екі. Көжектердің ана қоянның алдында отырғанын байқайды.

«Тілектің күші» тәжірибесі

Аққоян балалардан көздерін жұмып, іштей жақсы сөздер айтуын сұрайды. Жай әуен ойналған сәтте ойыншық қоянның орнына тордағы тірі қоян (көжегімен) әкелінеді.

Қоянға ат қою

Балалар тірі қоянға назар аударып, оған және көжегіне ат қояды:

Ана қоян

Мамық

Көжек

Үлпілдек

Бақылау: қоянның түрі, түсі және дене құрылысы

Қоян түрлері

Қояндар үй қояны және дала қояны болып екіге бөлінеді. Бұл — үй қояны.

Түсі: күлгін. Көжегінің түсі: қара.

Балалар «күлгін» сөзін қайталайды.

Жүн, көз, құлақ, мұртша

  • Терісі жұқа, жүні жұмсақ әрі мамықтай.

  • Көзі дөңгелек не сопақша пішінге ұқсайды.

  • Құлағы тік, ұзынша. Қорыққанда құлағын төмен түсіріп, бүрісіп отыра қалады.

  • Тұмсығының астындағы мұртшалары иісті ажыратуға көмектеседі.

Аяқтары және қозғалысы

Қоянның төрт аяғы болады: алдыңғы екеуі қысқалау, артқы екеуі сәл ұзындау. Сондықтан қоян секіріп қозғалады.

Қоян — өте үркек жануар. Сол себепті ертегілерде оны «қорқақ», «ұзынқұлақ» деп атайтынымызды еске түсіреміз.

Салыстыру: Мамық пен Үлпілдек

Балалар көжектің ересек қоянға ұқсайтынын айтады, бірақ оның кішкентай екенін байқайды.

Қорегі, күтімі және пайдалығы

Қоян немен қоректенеді?

Қоян сәбізді жақсы көреді. Сонымен қатар түрлі шөптермен, ағаштың қабығымен, бұтағымен қоректенеді. Әсіресе жоңышқаны сүйсініп жейді.

Жоңышқа

Азықтық шөп. Майда жапырақтары болады. Піскен кезде көкшіл гүл шығарады. Түсі — жасыл.

Сөзді бекіту

Балалар «жоңышқа» сөзін қайталайды.

Сәбіз

Түсі — сарғыш-қызыл, пішіні — сопақша.

Су ішу әдеті

Қоян суды аз-аздан, бірақ жиі ішеді.

Қояндар аш қалмас үшін оларға уақытында жем мен су беріп, күтім жасау қажет.

Пайдасы және қауіпсіздікке қатысты дерек

Терісінің пайдасы

Қоян терісінен бас киім және жеңіл күртешелер тігіледі.

Сөзді бекіту

Балалар «күртеше» сөзін қайталайды.

Жыл мезгіліне сай түсі

Қоянның түсі жыл мезгіліне қарай өзгеруі мүмкін: қыста ақшыл, ал көктем-күзде сұрғылт не ала болады.

Маңызды ескерту

Көжек туғаннан кейін әке қоянды бөлек ұстау қажет болуы мүмкін. Бұл көжектердің қауіпсіздігі үшін айтылады.

Тәрбиелік бағыты

Қоршаған ортадағы жан-жануарларға қамқор болу, оларды аялау және мейірімділік таныту — бүгінгі жұмыстың өзегі.

Сергіту сәті: көжек қимылы

Балалар орнынан тұрып, көжектер сияқты қимыл-қозғалыс жасайды:

Біз кішкентай көжекпіз,
Батыл әрі өжетпіз.
Қалқиып ұзын құлағым,
Жүйрік боп озып тұрамын.

Ойын: «Иә» мен «Жоқ»

Ойын шарты

«Жоқ» сөзін айтуға болмайды. Оның орнына «болмайды» немесе «олай емес» деп жауап береміз.

1) Қоянның дене мүшелері

  • Қоянның жүні мамық па?

  • Қоянның 4 аяғы бар ма?

  • Қоян секіре ме?

  • Қоян ұйықтай ма?

  • Қоян күле ме?

2) Қоянның қасиеті

  • Қоян жоңышқа жей ме?

  • Жоңышқа жасыл ма?

  • Қоян сәбізді кеміріп жей ме?

  • Қоян су іше ме?

  • Қоян кесемен айран іше ме?

3) Қоянның ерекшелігі

  • Қоянның көжегі бола ма?

  • Көжек сүйкімді ме?

  • Қоян көжегін ойната ма?

  • Қоян ертегілерде кездесе ме?

  • Қоян кино көре ме?

Қорытындылау

Аққоян балаларға алғыс айтып, олардың қоян туралы көп білетінін атап өтеді. Балалар бүгінгі оқу іс-әрекетінде қоян және оның көжегі — Үлпілдек туралы жаңа мәліметтермен танысты.

Күтілетін нәтиже

Білуі

Үй қояны туралы толық мағлұмат алады.

Меңгеруі

Қоянның қасиеті, іс-әрекеті, қорегі туралы білімін кеңейтеді.

Жасай алуы

Өз ойын еркін жеткізеді, ойын шартын және ережесін сақтап орындауға бейімделеді.