Қазақтың бүкіл тарихы - бірігу тарихы, тұтастану тарихы

Қазақ хандығының құрылуы — ұлт тарихының өзегі

Қазақ хандығының құрылуы — Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі. Сол кезеңде басталған этникалық дамулар кейін ұлттық деңгейге ұласып, қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ықпал етті. Бұл үдеріс тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуына тарихи негіз болды.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың пікірінше: «Қазақтың бүкіл тарихы — бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық». Бұл ой Қазақ хандығы дәуіріндегі мемлекеттік тұтастану мен бірлік идеясын айқындай түседі.

Қазақ халқының тарихи тамыры тереңде жатыр. Біз — Орта Азиядағы ежелден келе жатқан мемлекеттердің бірі. Қазақ хандығы — елдігіміздің түп бастауы, ал тәуелсіз Қазақстан — халқымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлық арманы.

Мемлекет шеңбері және тарихи уақыт

Өмір сүрген кезеңі

1465–1847 жылдар аралығында бүгінгі Қазақстан Республикасы мен көрші аймақтардың территориясында өмір сүрген мемлекет.

Тұңғыш хан

Керей хан — хандықтың іргесін қалаған алғашқы билеуші ретінде танылады.

Соңғы хан

Кенесары Қасымұлы — дәстүрлі хандық биліктің соңғы өкілі саналады.

Құрылу тарихы: Шу мен Талас өңірі

Қазақ хандығының құрылу тарихына тоқталсақ, 1457 жылы Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты ру-тайпаларымен Шу өңіріне қоныс аударып, жаңа мемлекеттің негізін қалады.

Деректік негіз

Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылған жері ретінде Шу мен Талас өңірі аталады.

Әбілқайыр ханның саясатына наразы болған сұлтандар, әмірлер және ру-тайпа басшылары Керей мен Жәнібекке қосылды. Қысқа уақыт ішінде халық саны 200 мыңнан асты. Қазақ хандығының құрылуын оған дейінгі бүкіл Қазақстан аумағында жүрген әлеуметтік-экономикалық және этно-саяси үдерістердің заңды қорытындысы деп бағалауға болады.

Нығаю және сыртқы байланыстар

XV ғасырдың 60-жылдары қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, Батыс Жетісуды мекендеді. XVI–XVII ғасырларда Қазақ хандығы күшейіп, шекаралары кеңейе түсті. Орта Азия хандықтарымен, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен және Ресеймен тығыз байланыс орнатты.

Шапқыншылықтар дәуірі және бірлік

Ұлан-байтақ жерімізге жан-жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді. Ең қатерлісі — XVI–XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы болды.

Тарихи тұлғалар тоғысы

Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйытқы болуымен Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Баян батыр сынды көптеген батырлар Абылай ханның ақ туының астына бірігіп, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті күшейтті. Нәтижесінде қазақ жері толық азат етілді.

XVIII ғасырда қазақ хандығының тәуелсіздігіне төнген қауіп тек жоңғарлармен шектелмеді. Оңтүстіктен Хиуа, Қоқан, Бұхара хандықтары, батыс пен солтүстіктен қалмақтар, башқұрттар және орыс казактары үздіксіз шапқыншылық жасап отырды.

Тарихи таңдау және тәуелсіздіктің әлсіреуі

Қазақ халқын аман сақтап қалу үшін қиын кезеңде Әбілқайыр хан бастаған қазақ сұлтандары, билері мен батырлары Ресей империясының құрамына ене бастады. Осылайша елдің дербестігі біртіндеп әлсіреп, тәуелсіздігінен айырылу үдерісі күшейді.

Қорытынды ой

Қазақ хандығы тарихы — мемлекеттілік пен бірліктің, сыртқы қатерге қарсы тұрудың және елдікті сақтаудың сабақтары. Бұл тәжірибе бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихи санасын қалыптастыруда ерекше мәнге ие.

Орындаған: тарих пәнінің мұғалімі, Ж. Т. Демесинова

Жансүгіров атындағы орта мектебі, коммуналдық мемлекеттік мекеме