Қызғыш құс өлеңін мәнерлеп оқу
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Пән / Сынып
Әдебиет, 5-сынып
Тақырып
Махамбет Өтемісұлы — «Қызғыш құс» өлеңі
Әдістер (RWST)
- Ой шақыру
- Венн диаграммасы
- Кубизм
- INSERT
- «5 жол өлең»
Пәнаралық байланыс
Қазақ тілі, тарих, биология
Құрал-жабдық
Ватман, маркер, үлестірме парақтар, электронды оқулық
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
М. Өтемісұлының ақындық шеберлігін таныту, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру.
Дамытушылық
Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын оқу мен жазу арқылы дамыту.
Тәрбиелік
Оқушыларды елін, жерін, Отанын шексіз сүюге әрі қорғауға тәрбиелеу; Махамбет бойындағы ерлік пен ақындық рухты оқушы санасына орнықтыру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
- Сыныптың дайындығын тексеру, сабаққа назар аударту.
II. Жаңа сабаққа кіріспе (RWST: ой шақыру)
- 3–4 минут: Махамбет Өтемісұлы туралы білетіндерін жеке қағазға жазу.
- Жұпта талқылау, топта бөлісу.
- Ортақ пікірді тақтаға түсіру.
Жұмыс жоспары
- 1«Қызғыш құс» өлеңін мәнерлеп оқу.
- 2Өлеңнің идеясына тоқталу.
- 3Өлеңнің шығу тарихымен танысу (үнтаспадан тыңдау).
- 4Сөздікпен жұмыс.
- 5Топтық жұмыс: «Құстар галереясы».
- 6Өлең құрылысына талдау.
- 7Қорытынды.
Махамбет тұлғасы: қысқаша пайым
Халық мұңын жырлаған ақын
Махамбет — халқын сүйген, халық мұңын жырлаған, «елім» деп еңіреген ақын. Оның поэзиясы — өз дәуіріндегі қанауға қарсы көтерілген шаруалар қозғалысының айқын үні.
Реалист те, романтик те
Ол езуші таптың жауыздығын тайсалмай әшкерелеген реалист, әрі ұрпақты хан, патша, би, сұлтандарға қарсы күреске шақырған романтик. Махамбет — көркем тілдің ұстасы, ерлікке үндейтін жалынды үгітші.
Өлеңнің туу сәті туралы әңгімелеу
Жапан далада тізгінін бос тастаған салт атты келеді. Қару-жарағы асынған, қабағы салыңқы, өңі жабырқау. Бұл кеше ғана қол бастап, жалаң қылыштай жарқылдап, хан жасағы мен патша әскерін шайқалтқан батыр еді.
Тағдырдың ауыр соққысы тиді: көтеріліс басшысы, ел ардақтысы Исатай дүниеден өтті. Қасында бұрынғыдай қаумалаған серігі жоқ, жалғыз. Жапан түзде арыған атымен аяңдап келеді.
Аты кілт тоқтап, әудем жердегі жарқыраған суға қадала қарайды. Көл үстінде құс атаулыны үркітіп, бір қарайған жүйткіп өтті. Тәжірибелі жолаушы оның лашын екенін аңғарды. Сол сәтте ойына таныс бір күзетші құс түсті: осы көлді қорып жүретін қызғыш қайда?
Көзін көтергенде төбесінде шырылдап ұшқан титімдей қызғышты көреді. «Көл қорыған қызғыштың да, ел қорыған ердің де тағдыры ұқсас екен-ау» деген ой батырдың жанын тіліп өтеді.
Өлеңнен үзінді
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, Қанатың қатты, мойның бос. Исатайдан айрылып, Жалғыздықпен болдым дос. Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, Ел қорыған мен едім, Мен де айрылдым елімнен. Көл қорыған сен едің, Сен де айырылдың көліңнен. Аспанда ұшқан қызғыш құс, Сені көлден айырған — Лашын құстың тепкіні. Мені елден айырған — Хан Жәңгірдің екпіні. Айтып, айтпай немене? Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні.
Осылайша қазақ поэзиясында ғана емес, әлемдік поэзиядағы да элегиялық қуаты зор көркем туынды дүниеге келді. Табиғат көрінісі мен адам күйін егіздеу арқылы ақын ішкі қасіретін де, азаматтық ұстанымын да айқын көрсетеді.
Өлеңнің идеясы: «Адам және табиғат»
Негізгі түйін
«Қызғыш құс» өлеңінде ақынның еліне, халқына деген сүйіспеншілігі, Отанына деген сағынышы көркем бедермен өрнектеледі. Ақын қызғыштың тағдыры мен өз тағдырын салыстырып, туған жерден айырылудың жан жарасын ашады.
Қарсы күш бейнесі
Қызғыштың жауы — лашын. Ақынның жауы — Хан Жәңгір. Қызғышты көлінен айырған тепкі қандай қатал болса, Махамбетті елінен айырған саяси қысым да сондай ауыр.
Дәйексөз арқылы дәлел
«Сені көлден айырған —
Лашын құстың тепкіні.»
Табиғаттағы күшті жыртқыш — қорғансыз құсқа қауіп.
«Мені елден айырған —
Хан Жәңгірдің екпіні.»
Әлеуметтік-саяси қысым — ерді елінен ажыратқан қасірет.
Сөздік және «Құстар галереясы»
Қызғыш
Желкесінде қара қауырсынды айдары бар, кішкентай қоңыр ала құс.
Лашын
Тегеуріні қатты, тепкіні күшті жыртқыш құс.
Құс бейнесі
Махамбет поэзиясында құстар — ерлік, мұң, биік арман, еркіндік сияқты идеяларды жеткізетін жиі кездесетін көркем образ.
Топтық жұмыс: құс образдары кездесетін өлеңдер
- «Соғыс» — «Қызғыштай болған асыл ер»
- «Арғымақтың баласы» — «Сұңқарлар үлгі алар деп»
- «Мұнар күн» — «Лашын қуға төнген күн»
- «Орай да борай қар жауса» — лашын, сұңқар, қарға бейнелері
- «Аймақ көл» — «…мен де бір аққу болдым…»
- «Қаршыға деген бір құс бар» — «Қанаты айдың астында»
Тапсырма: әр топ өлеңдерден үзінді оқып, құс образын дәлелмен көрсетеді; кейін «құстар галереясын» тақтада құрастырады.
Өлеңге талдау және шығармашылық жұмыс
Композициялық талдау
Тапсырма: өлеңнің құрылымына талдау жасап, «Соғыс» өлеңімен салыстыру (шумақ саны, тармақ саны, буын өлшемі, ұйқас түрі, бейнелі сөздер).
| Өлшем | «Соғыс» | «Қызғыш құс» |
|---|---|---|
| Шумақ | Толтыру | Толтыру |
| Тармақ | Толтыру | Толтыру |
| Буын | Толтыру | Толтыру |
| Ұйқас | Толтыру | Толтыру |
| Бейнелі сөздер | Толтыру | Толтыру |
«5 жол өлең» үлгісі
- 1. Махамбет Өтемісұлы
- 2. Ақберен ақын, адал дос
- 3. Өлең жазды, күресті, өкінді
- 4. Сегіз қырлы, бір сырлы
- 5. Батыр
Тапсырма: осы үлгі бойынша өз нұсқаңды құрастырып, Махамбеттің тұлғалық қырларын дәлелмен аш.
Бекіту сұрақтары
Білімді тексеру
- 1Махамбет Өтемісұлы қай жерде дүниеге келген?
- 2Махамбет қай жерде жерленген? (Қараой)
- 3Жергілікті ақын-жазушылардың Махамбетке арнаған қандай шығармаларын білесіңдер?
- 4Махамбет арманына жетті ме? Неліктен?
Рефлексия
«Қызғыш құс» өлеңінен қандай қасиеттерді бойыңа сіңірдің?
Осы қасиеттердің қайсысы қазіргі жастар бойында сирек кездеседі?
Құс атаулары (тірек сөздер)
Қорытынды
Бүгін, шүкір, заман — біздікі. Дәуір де өзіміздікі. Ғасыр да біздің игілік ғасырымыз болуға тиіс. Қазіргі Қазақстан — егемен ел, өз еркі өзіндегі азат, дербес мемлекет.
Бүгінгі басшы — ел еркіндігін тұсаулап қарауылға қойған құқықсыз хан емес, халық сайлаған, мемлекет тәуелсіздігін қорғайтын мәртебелі Президент.
Қорытынды шумақ
Ақыры жетті күн бүгін, Ақырып теңдік сұраған. Түнектің түріп түндігін, Ат міндің сұлу құладан. Парызың бүгін өтелген, Әр ізің жатыр жаңғырып. Азаттық туын көтерген, Ақынның жыры мәңгілік!
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Оқушылардың мәнерлеп оқуы, талдауы, топтық жұмысы және шығармашылық тапсырмалардағы белсенділігі ескеріледі.
Үй тапсырмасы
- «Қызғыш құс» өлеңін жаттау.
- Тірек сөздерді пайдаланып, «Махамбет — патриот ақын» тақырыбында шағын шығарма жазу.
- Өлеңнен бойға сіңірген қасиеттерің туралы қысқа жауап дайындау.