Жүйелік қапшықтар

Пән: Информатика

Мұғалім: Бұзауова Айгерім

Сынып: 7

Сабақтың тақырыбы

Бағыттаушы (Windows Explorer) қосымшасы. Қапшықтардың құрылымы және жасалуы.

Сабақтың мақсаты

  • Файлдарды сақтауды, қапшықтар мен таңбашалар құруды және Себет ұғымын меңгерту.
  • Файл мен қапшықтың құрылымын түсіндіру, объектілермен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
  • Ұқыптылыққа, әдептілікке және қауіпсіздік ережелерін сақтауға тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша

Сабақтың типі
Жаңа материалды меңгеру сабағы.
Оқыту тәсілдері
Сұрақ-жауап, өз бетімен жұмыс, тест жұмысы.
Көрнекіліктер
Тесттер, таратпа материалдар.
Құрал-жабдықтар
Дербес компьютер, интерактивті тақта, СИН бағдарламасы.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Бүгінгі сабақтың мақсаты — файлдарды сақтау, қапшықтар мен таңбашалар құру, Себет ұғымын түсіну және файл-қапшық құрылымын меңгеру. Жаңа тақырыпты бастамас бұрын үй тапсырмасын қайталаймыз.

II. Өткенді пысықтау (ауызша сұрақтар)

Жұмбақ 1

Батырманы басасың, қажетіңді ашасың.

Enter батырмасы

Жұмбақ 2

Компьютерден енеді, қағазға басып береді.

Принтер

Жұмбақ 3

Ақпаратты сақтап-таратқан, жұртты өзіне қаратқан.

Тасымалдаушы дискілер

III. Жаңа сабақ

Windows объектілері

Windows-та объектілер екі топқа бөлінеді: негізгі және арнайы.

Негізгі объектілер

  • Қапшықтар
  • Бағдарламалар
  • Құжаттар
  • Таңбашалар

Арнайы объектілер

  • Бас мәзір
  • Басқару тақтасы
  • Менің компьютерім
  • Себет

Windows қапшықтарының иерархиясындағы ең жоғарғы деңгей — Жұмыс үстелі қапшығы.

Файл дегеніміз не?

Файл — аты бар байттар тізбегі. Файл атауы әдетте екі бөліктен тұрады: негізгі аты және кеңейтімі.

Маңызды ереже

Файлдың атын оның мазмұнына сай қою дұрыс: бұл құжаттарды табуды және реттеуді жеңілдетеді.

Файл атауына қойылатын талаптар (Windows 98 мысалында)

  • Файл атауы және кеңейтімі болады.
  • Файл атауы (бос орынды қоса алғанда) 255 таңбаға дейін болуы мүмкін. Алайда басқа жүйелермен (мысалы, MS-DOS) жұмыс істегенде, атау 8 таңбадан аспауы мүмкін екенін ескерген жөн.
  • Үлкен/кіші әріптерді, 0–9 цифрларын және кейбір арнайы таңбаларды қолдануға болады: -, _, !, @, #, $, %, &, ( ), { }.
  • Кейбір таңбаларды қолдануға болмайды: *, :, ;, ?, ", . (кеңейтімнен бөлек жағдайда), сондай-ақ жол бөлгіш белгілер.

Файл кеңейтімі нені білдіреді?

Кеңейтім көбіне үш таңбадан тұрады және файл атауынан нүкте арқылы бөлінеді. Ол файлдың түрін (мазмұнын) көрсетеді.

.doc

Мәтіндік құжат

.bmp

Графикалық файл

.htm

Web парақ

.txt

Блокнот құжаты

.ppt

Презентация

Файлдар ішінде мәтіндік, графикалық, дыбыстық ақпарат, бағдарламалар мәтіні және бағдарламаның жұмысы туралы деректер болуы мүмкін. Сондықтан файлдарды жүйелі атау және дұрыс кеңейтім арқылы реттеу маңызды.

Қапшықтар: құрылымы және жасалуы

Қапшық — белгілі бір белгі бойынша файлдарды біріктіру тәсілі (мысалы, тақырып бойынша). Қарапайым түрде айтсақ, қапшық — атауы бар файлдар тобы.

Қапшықтардың түрлері

  • Жүйелік қапшықтар — Windows объектілері сақталатын негізгі қапшықтар.
  • Жұмыс қапшықтары — пайдаланушы құжаттары мен файлдары сақталатын қапшықтар.

Ескерту

Жүйелік қапшықтарға өзгеріс енгізу операциялық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуіне немесе тоқтап қалуына әкелуі мүмкін.

Жүйелік қапшықтарға мысал

Windows, Program Files және бағдарламалар арқылы құрылған қапшықтар.

Жұмысқа қажет негізгі қапшықтар

  • Менің компьютерім

    ДК ресурстарына қол жеткізу.

  • Логикалық дискілер

    Файлдар мен қапшықтар орналасатын сақтау орындары.

  • Себет

    Жойылған файлдарды уақытша сақтау.

  • Принтерлер

    Баспа құрылғыларын басқару.

  • Кәдімгі қапшықтар (каталогтар)

    Пайдаланушы файлдары сақталатын және реттелетін қапшықтар.