Сабақ барысында оқушылардың айтқан пікірі мен үшін құнды

Сергіту сәті: жағымды қарым-қатынас пен есте сақтауды дамыту

Сергіту сәтінің мақсаты — қатысушылардың бір-бірімен жағымды қарым-қатынас орнатуына ықпал ету және есте сақтау қабілетін дамыту.

Танысу ойыны

Қатысушылар өз есімін айтып, есімінің бас әрпінен басталатын бойындағы бір қасиетін атайды. Мысалы: «Аяулым — ақылды».

Топқа бөлу

Қатысушылар фишканың түсі және фишка саны арқылы топтарға бөлінеді.

Әдіс 1: Түс бойынша

Бірдей түсті фишка алған қатысушылар бір топқа бірігеді.

Әдіс 2: Сан бойынша

Фишкадағы санға қарай топ құрамы анықталады.

Теориялық бөлім

Теориялық бөлім баяндама және презентация форматында ұсынылады.

Практикалық бөлім: «Мезгіл орындығы» тәсілі

«Мезгіл орындығы» (жаз, қыс, күз, көктем) тәсілі арқылы қатысушылар берілген тапсырмаға 3 ой-толғау жазады.

Топтық тапсырмалар

  • 1 1-топ: Білім беру жүйесіндегі қуантатын мәселелер
  • 2 2-топ: Білім беру жүйесіндегі күйзелтетін мәселелер
  • 3 3-топ: Білім беру жүйесіндегі өзгерістер (соңғы 5 жыл)
  • 4 4-топ: Білім беру жүйесіндегі жаңа тұрпатты мұғалім моделін құру

Рефлексия: Л. Зайверттің «5 саусақ» тәсілі

Қатысушылар сабақты қорытындылау үшін төмендегі құрылым бойынша кері байланыс береді.

Бас бармақ

Білдім

Балаң үйрек

Бақыладым, сезіндім

Ортан терек

Ойландым, қызықты сәттер

Шылдыр шүмек

Шештім, мақсат қойдым

Кішкентай бөбек

Келісемін, қандай жаңа ақпарат таныдым

Жаңа тұрпатты мұғалім: басты талап және кәсіби бағдар

Білім беру үдерісіндегі жаңа тұрпатты мұғалімге қойылатын басты талап — жаңаны табу, үздіксіз іздену.

«Ғылым мен еңбек, қиял мен шығармашылық тоғысқанда таланттың дамуына мүмкіндік өлшеусіз мол болады».

А. Петровский

Бүгінгі күннің өзекті міндеті — оқытудың жаңа технологияларын қолдана отырып, саналы, салауатты, жан-жақты дамыған, рухани бай, заман талабына сай әрекет ете алатын тұлғаны тәрбиелеу және дамыту.

Мұғалім мәртебесіне лайық болу және кәсіби шеберлікті жетілдіру мақсатында Өрлеу БАҰО АҚ филиалы мен Назарбаев Зияткерлік мектептері жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығында Кембридж бағдарламасы үлгісіндегі біліктілікті арттыру курсының үшінші деңгейінде білім жетілдірілді. Бұл курсқа қатысу — оқушылармен жұмысты жүйелеуге және жаңаша ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік берді.

Неліктен қазіргі әдістер күнделікті тәжірибеде болуы керек?

Пән қаншалықты құнды болса да, мұғалімнің шеберлігі жоғары болса да, егер мұғалім оқушының белсенділігін оята алмаса, берілген білім күткен нәтижеге жеткізбейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенді әрекет арқылы жүзеге асады.

Жаңа технологиялардың негізгі мақсаттарының бірі — оқыту барысында баланың еркіндігін және белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Сондықтан Кембридж тәсілдерін сабақта қолданудың маңызы жоғары.

Кембридж тәсілінің 7 модулі

1) Жаңа тәсілдер

Білім беру мен білім алудағы заманауи әдістер.

2) Сыни тұрғыдан ойлау

Талдау, дәлелдеу, негіздеу дағдыларын дамыту.

3) Бағалау

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау.

4) АКТ қолдану

Ақпаратты алу, ұсыну, сақтау, алмасу құралдары.

5) Дарынды балалар

Талантты және дарынды оқушыларды қолдау.

6) Жас ерекшелігі

Оқушылардың жасына сай оқыту мен оқу.

7) Басқару және көшбасшылық

Мұғалім енгізетін өзгерістер, сыныптағы ынтымақтастық және оқушының көшбасшылық әлеуетін ашу.

Бұл модульдерді тиімді енгізуде дәстүрлі жеке жұмысқа қарағанда топтық жұмыс жиі нәтижелі болады. Ұйымдастырудың алғашқы қадамы — сыныпта психологиялық ахуал қалыптастыру және оқушыларды топтық өзара әрекетке бейімдеу.

Тәжірибеден: топқа бейімдеу және модульдерді кіріктіру

Психологиялық ахуал

Оқушыларды топқа бейімдеу үшін түрлі тренингтер өткізіп, сабақ мазмұнына сай топтастыру жүргізуге болады. Мысалы, химия пәнінен 8 «А» сыныбында «Оттегі» тақырыбын өткенде ұйымдастыру кезеңінде оқушыларды «атом–молекула» тәсілімен топқа бөлу тиімді.

Модульдерді кіріктіру логикасы

Жеті модульдің барлығын бір сабаққа толық енгізу әрдайым мүмкін емес. Сондықтан бір сабақта кемінде 3–4 модульді мақсатты түрде кіріктіруге ұмтылу маңызды.

Негізгі бағыттар: диалог, сыни ойлау, бағалау

Диалог арқылы оқыту

Оқушылар — өз түсінігін зерттеу және әлеуметтік өзара байланыс арқылы құратын белсенді білім алушылар. Диалог оқушы мен мұғалім арасында ой-пікірді жүйелеуге, дәлелдеуге және ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту

Сыни ойлау стратегиялары оқушылардың бір-бірін тыңдауына, ойын нақты жеткізуіне, өз бетімен жұмыс істеуіне, ізденуіне және білімін қорытындылап қолдануына жағдай жасайды.

Бұл тәсілдің дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы — білім дайын күйінде берілмейді. Мұғалім «мынадай жағдайда міндетті түрде осылай жаса» деп нұсқамай, оқушының шығармашылық ойлауына мүмкіндік береді, шешім қабылдауға үйретеді, жауапкершілігін арттырады.

Осы үдерісте дарынды оқушылардың қабілеті анық көрінеді: олар өз пікірін білдіріп қана қоймай, топ ішінде көшбасшылық танытады, серіктестеріне бағыт береді, кейде үнсіз оқушылардың ашылуына ықпал етеді.

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау

Бағалау — білім сапасының көрсеткіші. Мұғалім мен оқушыға мақсатты және мақсатқа жету өлшемдерін түсіну маңызды. Бағдарлама критерийлі бағалауды да қарастырады.

«Екі жұлдыз, бір тілек»

Өзгені бағалау арқылы өзіндегі кемшілікті аңғарып, түзетуге бағытталу.

«Үш шапалақ»

Оқушыны бірден ынталандыратын қолдау тәсілі, өзіне сенімділігін арттырады.

Кері байланыс

Стикер арқылы: не үйрендім, қалай жеттім, нені дамыту керек, қандай сұрағым бар?

ББҮ (Білемін — Білгім келеді — Үйрендім)

Оқушылардың бастапқы білімін, қызығушылығын және сабақ соңындағы нәтижесін айқындауға көмектеседі.

АКТ, дарындылық және жас ерекшелігі

Оқытуда АКТ қолдану

АКТ ақпаратты алу, бағалау, сақтау, өндіру, ұсыну және алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ интернетте бірлескен жұмыс ұйымдастыруда тиімді.

Талантты және дарынды оқушылар

Дарынды оқушылар көбіне сабаққа ынталы келеді және өзіндік ерекшеліктері арқылы дараланады: бірі ойын еркін жеткізсе, екіншісі өлеңмен, үшіншісі суреттеу арқылы ашылады.

Жас ерекшелігіне сай оқыту

Деңгейлік тапсырмалар арқылы оқушының мүмкіндігі ескеріледі: мұғалім — бағыт беруші, оқушы — ізденуші және зерттеуші. Оқушы ақпаратты өз бетінше түсініп, салыстырып, қорытынды жасайды.

Қорытынды: нәтижеге апаратын ортақ қағида

Қарастырылған тәсілдерді сабақта жүйелі әрі тиімді қолдану оқушының танымдық белсенділігін арттырады, өз бетінше білім алуына жол ашады және шығармашылығын қалыптастырады. Оқушылар оқу үдерісінің қызықты әрі жеңіл өтетінін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететінін, білімнің тереңдігі мен тиянақтылығы артатынын байқай бастайды.

Ең маңыздысы — оқушы өз ойын ашық айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді. Бұл оқыту формасын басқа пәндерде де қолдану тиімді нәтиже бере алады.