Сабақтың көрнекілігі. Жаңа тақырып
Шығармашылық тақырып
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері сабақтарында оқушылардың есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Негізгі ой (хадис)
«Ғылымның апаты — естен шығару және ғылымға қызығушылығы жоқ адамдарға үйретіп, уақытыңды босқа кеткізу».
Бұл ұстаным білімнің құнын сақтап, оқушының қызығушылығын оятуға басымдық беруді еске салады.
Педагогикалық ұстаным (Уильям Уорд)
«Жай мұғалім хабарлайды; жақсы мұғалім түсіндіреді; керемет мұғалім көрсетеді; ұлы мұғалім шабыттандырады».
Сабақта түсіндірумен қатар, көрсетіп-ұғындыру және шабыттандыру әдістері оқушының есте сақтауын күшейтеді.
Пікір қосу
Қос-қорған жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жаппаров Шарипжан Рахимұлы қазіргі таңда қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технология элементтері мен халықтық педагогиканы тиімді қолдана отырып, оқушылардың есте сақтау қабілеттерін дамыту бағыты бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Мұғалім Кембридж тәсілі бойынша III деңгейді аяқтап, кәсіби біліктілігін арттырған. Бұл ізденістер мұғалім шеберлігінің артатынын, ал оқушылардың есте сақтауы мен пәнге қызығушылығы күшейетінін көрсетеді.
Жаңа идеялар фестиваліндегі баяндамасында ол өз тақырыбының тиімді тұстарын дәлелдеп, «Есте сақтау — білімді апаттан сақтайды» деген ойды нақты мысалдармен негіздеді.
Үрімова Рахила — Қалалық білім бөлімінің әдіскері, филология ғылымдарының кандидаты.
Сабақ үлгісі
Сабақ тақырыбы
Етістік
Мақсаттар
- Білімділік: жаңа тақырыпты толық меңгерту.
- Дамытушылық: оқушылардың ой-өрісін, дүниетанымын, тілін және есте сақтау қабілетін дамыту.
- Тәрбиелік: әр істі саналы орындауға, ақылды мен ақымақты ажырата білуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Ертегі сабақ
Сабақтың әдістері
- түсіндіру;
- сахналық қойылым;
- әңгімелесу;
- жаттығу орындау;
- пысықтау;
- топтастыру және салыстыру;
- сұрақ-жауап.
Көрнекіліктер
- оқулық;
- интербелсенді тақта;
- кесте, плакаттар;
- шарлар;
- ертегі қаһармандарының киімдері;
- үлестірмелі кеспелер;
- ойындар;
- DVD.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
-
Сәлемдесу және дайындық
Оқушылармен сәлемдесу, сабаққа қатысуын белгілеу, сыныптың дайындығы мен тазалығын тексеру, үй тапсырмасын сұрау. Оқушыларға сабақтың ұранын айтқызу.
Сабақ ұраны
Бал араша тынбаймыз, Білім балын жинаймыз. Мектеп ана, өзіңе біз Бестіктерді сыйлаймыз.
-
Үй тапсырмасы
- 61-жаттығуды орындау;
- «Жақсылық» тақырыбында мәтін құрастыру;
- өткенді қайталау.
-
Өткен тақырыптарды тексеру
Оқушылардың меңгеру деңгейін үлестірмелі кеспелер және «лото» ойыны арқылы анықтау, өткен материалға қысқаша шолу жасау.
Лото ойынының құрылымы
Ойын өткен тақырыптар бойынша 30 нөмірленген сұрақтан тұрады. Оқушыларға алты кеспе таратылады; әр кеспедегі нөмірлер қайталанбайды. Кім бірінші дайын болса, сол жауап береді.
Бағалау тәсілі
Дұрыс жауапқа баға орнына жұлдыз беріледі. Тоқсан соңында жиналған жұлдыз саны арқылы оқушының материалды қаншалықты меңгергені байқалады.
Сондай-ақ, есте сақтау қабілетін анықтауға арналған кестемен жұмыс жүргізіледі.
II. Негізгі бөлім
Жаңа тақырып
Етістік
Эпиграф
«Ақылды адам айтқызбай біледі, ақсұңқар қаққызбай іледі.» (мақал)
Мақалды оқып, мазмұнын түсіндіру. Сабақ соңында мақалдың қаншалықты есте қалғаны сұралады және ішіндегі етістіктер табылады.
Ертегі арқылы түсіндіру
Ерте, ерте, ертеде морфология патшалығында сөз таптарына иелік еткен Сөйлем деген хан болыпты. Хан бар жиған мал-дүниесін жинап, ұлдарын шақырып, еншісін бөліп бермек болады.
Үлкен ұлдары кезекпен тілектерін айтады: бірі — зат есімді, бірі — сын есімді, енді бірі — сан есімді сұрайды. Сонда хан: «Етістік қайда жүр өзі? Неге келмеді, шақырыңдар!» — дейді.
Ұлдары: «Ол үнемі іс-әрекетпен айналысып жүреді, қазір де бір нәрсемен шұғылданып жатқан шығар», — деп жауап береді. Көп ұзамай қолында домбырасы бар Етістік кіріп келеді:
Етістік: «Ассалаумағалейкум, хан әке! Маған қандай жұмысыңыз бар? Енші бермесеңіз де болады, мен сіздің қызметіңізде боламын».
Хан басқа ұлдарына сұрағанын беріп, Етістікті өз қасында алып қалады. Сөйтіп, сөйлем етістіксіз аяқталмайтынын, ой толық баянды болмайтынын ұғады.
Анықтама
Етістік — іс-әрекетті, қимылды білдіріп, не қылды?, не істеді?, қайтті? деген сұрақтарға жауап беретін сөз табы.
Құрамына қарай түрлері
- 1) Дара етістік — бір сөзден жасалады. Мысалы: барды, алды, жазды.
- 2) Күрделі етістік — бірнеше сөзден жасалып, бір сұраққа жауап береді. Мысалы: алып барды, жұлып алды, жазып тастады.
Етістіктің шақтары
-
Өткен шақ
Іс-әрекеттің болып өткенін білдіреді.
-
Осы шақ
Іс-әрекеттің дәл сол уақытта орындалып жатқанын білдіреді.
-
Келер шақ
Іс-әрекеттің енді болатынын білдіреді.
III. Жаттығу орындау сәті
Оқушылар «Жануарлар қалай дыбыстайды?», «Не істейді?» деген сұрақтарға жауап беріп, етістіктерді табады.