Әуезов кино әлемінде

Пресс-конференция сабағының жоспары

Армысыздар, қонақтар, ұстаздар мен студенттер! Пресс-конференция сабағымызға қош келдіңіздер! Бүгінгі талқылайтын тақырыбымыз — Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы. Әсіресе «Абай жолы» роман-эпопеясына, сондай-ақ «Еңлік — Кебек» және «Қарагөз» пьесаларына тереңірек тоқталамыз.

Тақырып: Әуезов шығармашылығы Негізгі туындылар: «Абай жолы», «Еңлік — Кебек», «Қарагөз» Формат: пресс-конференция

Көрсетілім

Видео: Әуезов туралы (2:24 мин).

Әлем ойшылдарының Әуезов туралы пікірі

Мұхтар Әуезов — қазақ әдебиетін жанрлық тұрғыдан кеңейтіп, көркемдік мүмкіндігін биік деңгейге көтерген ұлы жазушы, академик-ғалым. Пәкістандық қоғам қайраткері Фахар Заманның: «Әуезов — өз халқының мүддесін таза да шынайы көрсете білген ойшыл, ғалым, интеллектуал» деген пікірі осыны айғақтайды. Төмендегі дәйексөздер — Әуезовті таныған, «Абай жолы» арқылы қазақты таныған тұлғалардың ойы.

«Менің басқа елдерге апаратын, өзге халықтардың табалдырығынан аттайтын екі қасиетті тұмарым бар. Олар — Манас пен Мұхтар Әуезов. Менен қазақ пен қырғыз, сендер кімсіңдер деп сұрағанда, мен Манас пен Мұхтар Әуезов туралы айтамын. Екеуі де біздің халықтарымыздың рәмізі, мақтанышы».
Шыңғыс Айтматов, Қырғызстан
«Әуезов — қазақтың ұлы жазушысы, алғашқы қазақ драматургы, тамаша аудармашы, көрнекті ғалым. Ол қазақ әдебиетінің, өнерінің, ғылымының дамуына үлкен үлес қосты және қазақ халқын бүкіл әлемге паш етті. Қазақ мәдениеті, қазақтың ұлы ақыны Абай, жазушысы Мұхтар Әуезов және оның “Абай жолы” романы — біртектес егіз ұғымдар, олар бірін-бірі жалғастырады».
Али Аббас Чинар, Түркия
«Егер Гете мен Гейне, Зегерс пен Бредель алыс Қазақстаннан екінші әдеби отанын тапса, ал М. Әуезов “Таң алдында” романы арқылы біздің жерімізге өзі үшін берік киіз үй тікті».
Эрих Мюллер, Германия
«Абай — қазақ халқының ұлы ақыны, Шәкәрім — оның бауыры әрі ізбасары, ал Мұхтар — абайтанудың негізін қалаушы. Осы үш алып — қазақ халқының мақтанышы мен абыройы».
Су Чжоу Сюнь, Қытай
«Эпикалық “Абай” романы, менің пікірімше, — ХХ ғасырдағы ең тамаша романдардың бірі. Қат-қабат бейнелер мен ойларға толы осы шығарма оқырманды бізден алыс замандарға жетелейді».
Луи Арагон, Франция

Баяндама: Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолы

Әуезов туралы баяндама дайындаған студентіміз: 12 ЕА тобы (аты-жөні көрсетіледі).

Өмірбаяннан

  • Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келді.
  • Әкесі Омархан мен атасы Әуез — сауатты, көзі ашық адамдар. Мұхтар сөз өнері дәстүрі берік ортада өсті.
  • Алты жасында атасының үйретуімен Абай өлеңдерін жаттап, ұлы ақынның өзіне айтып бергені айтылады.
  • Атасы Әуез бен әжесі Дінасыл оны «Қоңыр» деп атаған; кейін бұл есім бүркеншік ат ретінде қолданылған.
  • Ленинградта оқып, жоғары білім алған тұңғыш қазақ студенттерінің бірі болды.

Әлемге ашылған кеңістік

  • Әуезов шығармалары қазақ даласының барлық аймағын — солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын кең қамтиды.
  • Америка, Үндістан, Жапония елдерінде болғаны — оның дүниетаным көкжиегін кеңейткен маңызды дерек.
  • Қазақтың психологиясын, әдет-ғұрпын, салт-санасын әлемнің әр түкпіріне танытқан қаламгерлердің алдыңғы қатарында тұр.

Шығармашылық қырлары

Қара сөз шебері

Жиырма жасында «Еңлік — Кебек» трагедиясын жазғаннан кейін-ақ, он шақты жыл ішінде көптеген әңгіме, повесть, пьесаларымен танылды: «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек», «Қыр әңгімелері», «Жетім», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу», «Қилы заман».

Аудармашы

Л. Н. Толстой, Ю. Вагнер, Дж. Лондон шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Кино әлемінде

«Қараш-Қараш оқиғасы» мен «Көксерек» туындылары экран тіліне бейімделіп, кең аудиторияға жол тартты.

Абайтанушы

«Абай туралы айшықты ойлар», «Абай туралы жаңа кітап», «Абай өлеңдерінің текстологиясы» еңбектері — абайтанудың ғылыми негізін бекіткен зерттеулер.

Публицист

«Адамдық негізі — әйел», «Қазақтың өзгеше мінездері» мақалалары қоғам, мінез, мәдениет жайлы өткір ой айтады.

Драматург

«Абай» (Л. Соболевпен бірге), «Еңлік — Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше — тоқал» және басқа пьесалар қазақ драматургиясының көркемдік көкжиегін кеңейтті.

Ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ізденістердің нәтижесінде Әуезов күллі әлемге ұлы Абайды танытып қана қойған жоқ, қазақ халқы «Абай жолы» арқылы өзін де тереңірек таныды. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың бағалауынша, бұл шығарма — тек қазақ халқының ғана емес, көшпелі түркі жұртының өткені туралы жазылған ең алғашқы кең тынысты туындылардың бірі.

Баяндама: «Абай жолы» және әлеуметтік мәселелер

«Абай жолы» романы туралы және ондағы әлеуметтік мәселелер жайлы баяндама: 12 ЕА тобының студенті Муратова Гүлайым.

Роман-эпопеяның орны

«Абай жолы» — қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман-эпопея. 1-кітабы 1942 жылы, 2-кітабы 1947 жылы, 3-кітабы 1952 жылы, 4-томы 1956 жылы жарық көрді. Әуезов осы төрт том арқылы әлемге ғана емес, өз отандастарына да қазақ деген халықтың рухани болмысын терең танытты.

Сол себепті: Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқымай французды толық таныдым деу қаншалықты қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты таныдым деу де соншалықты қиын.

Қамқа мен Қодар оқиғасы: көркемдік шешім және тарихи уақыт

Романда Қамқа мен Қодар оқиғасы адам тағдыры, қауым үкімі, әділдік пен қатал заң арасындағы қайшылықты айқын көрсетеді. Оқиға желісі бойынша, жалғыз баласынан айырылған Қодар ата мен келіні Қамқа бір үйде тұрады. Қайғы үстіндегі бұл жағдайға байланысты оларға түрлі жала жабылып, билер кеңесінің шешімімен екеуін алдымен түйеге байлап тас атып, кейін дарға асу үкімі кесіледі. Жас Абай бұл оқиғадан кейін қатты ауырады.

Алайда тарихи деректерге сүйенсек, Қамқа мен Қодар оқиғасы Абай дүниеге келмей тұрып болған. Әуезовтің мұны романға енгізудегі көркемдік мақсаты — сол дәуірдегі билік жүйесінің қаталдығын, қоғамдық моральдың қысымын және «тәртіп орнату» деген ұғымның қайшылықты табиғатын көрсету. Сонымен бірге, бұл оқиға арқылы қоғамды азғындық пен бейберекеттіктен сақтандыруға бағытталған сол заман заңының логикасы да ашылады: арсыз жолға түскеннің жазасы — ауыр, көпшілік алдында орындалатын қатаң үкім.

Қонақ сөзі: Тұрсын Жұртбай

Бүгінгі жиынға белгілі алаштанушы, абайтанушы ғалым, ағамыз Тұрсын Жұртбай қонақ болып отыр. Қонағымыз Абай және «Абай жолы» туралы ой бөліседі (слайд: «Абай» пьесасы, Т. Жұртбай, Әуезов және Абай суреттері).

Тұрсын Жұртбайдың сөзі

Армысыңдар, балалар! Жастар үшін жақсы жиын өтіп жатыр. Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегеніндей, бірлесіп осындай жұмыс жасап, Абайды жұртшылыққа танытып жатыр екенсіңдер. Өркендерің өсе берсін!

Мен жүрген жерімде Абайдың мына бір сөзін жиі айтамын. Дұрыстап тыңдап, саналарыңа тоқып алыңдар. Өмірінің соңғы кезеңдерінде айтқан сөзі:

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын. Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса. Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін. Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын. Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын; керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».