Ата сөзі - ақылдың көзі
Кіріспе
«Ата сөзі – ақылдың көзі» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Адам баласы өмір көшінде қандай кезең, қандай заман келсе де, ұрпақ қамын және оның тәрбиесін бір сәтке де ұмыт қалдырмаған. Өйткені әр адам өз ұрпағын ғұмырының жалғасы, болашағы деп біледі.
Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс. Халқымыз ежелден салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, дінін, өнеге-өсиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Ендеше, бабалар қалдырған өсиеттердің мәніне терең бойлап, сөз маржандарының теңізіне бірге сапар шегейік.
Негізгі ой
Ұлағатты сөз — тек көркем тіркес емес, ол күнделікті әрекет пен мінез-құлыққа бағыт беретін өмірлік ереже.
Сайыс бағдарламасы
- 1. Әр топ өздерін таныстырады.
- 2. «Асылдың сөзі – ақылдың кені»: сұрақ-жауап кезеңі.
- 3. «Ескірмейтін есті сөз»: слайдтағы сөздер мен ұғымдардың мағынасын ашу.
- 4. «Көне кебеже»: суреттер бойынша мақал-мәтел құрастыру.
- 5. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»: шешендік сөздерден сахналық қойылым.
- 6. «Тапқыр болсаң озып көр»: асықтағы сөздерден сөз тіркестерін құрастыру және киелі сандарға қатысты сұрақтар.
Бағалау тәртібі
Әр бөлім бойынша топтардың жауаптарына қарай конфетке жасырылған жұлдызшалар беріледі. Сайыс соңында топтар жинаған конфеттерін ашып, ұпай санын анықтайды.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Амандасу.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
- Сабақ мақсаты мен құрылымымен таныстыру.
II. Топтармен танысу
Сайысқа қатысатын топтар:
1-топ
Қазыбек би ауылы
2-топ
Төле би ауылы
3-топ
Әйтеке би ауылы
III. «Асылдың сөзі – ақылдың кені» (сұрақ-жауап)
Бұл кезеңде салт-дәстүр мен әдет-ғұрып бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріледі. Сұраққа бірінші болып белгі берген топ жауап береді.
1) Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, не деп ырымдайды?
Малы пышаққа түседі.
2) «Жеті жарғы» заңы бойынша көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге қандай жаза қолданған?
Өлім жазасы.
3) Киіз үйдің 12 қанатты түрін қалай атайды?
Ақ Орда.
4) Баланың кішкентай кезінде шашын өсірмей, екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны қалай атайды?
Тұлым.
5) Қазақ ырымында балаға ми жегізбейді. Ол нені білдіреді?
«Мидай былжыр, бос белбеу, ынжық болып өседі» деп ырымдаған.
6) «Жеті жарғы» бойынша жазықсыз кісі өлтіргендерге қандай жаза қолданған?
Өлім жазасы.
7) Киіз үй құрылысында кереге мен шаңырақты жалғайтын бөлік қалай аталады?
Уық.
8) Ұзатылған қыз тетелес сіңлісіне басына тартатын орамал береді. Бұл дәстүр қалай аталады?
Шарғы.
9) Қазақ ырымында тіл ұшын жесе сүйреңдеп сөйлей береді дейді. Ал таңдай жесе…
Шешен болады.
10) Тұрмысқа шығатын қыздың туған-туыстарымен қоштасу өлеңі қалай аталады?
Сыңсу.
11) Жүн сабарда, сабап болған соң тамақ беру дәстүрі қалай аталады?
Тулақ шашу.
12) Құмырсқалар күндіз илеуіне асығып жатса, нені білдіреді?
Ауа райы бұзылады.
13) «Ұста пышаққа жарымас, етікші неге жарымас?»
Етікке жарымас.
14) «Дос басқа қарайды, ал дұшпан ше?»
Аяққа.
15) Қылыштан өткір не бар?
Тіл.
16) Ең киелі құс?
Аққу.
17) Сәукеле желегін кім, қай уақытта киген?
Қалыңдық киген.
18) Қазақ шопандарының «шахматы»?
Тоғызқұмалақ.
19) Жаңа туған сәбидің киетін алғашқы киімі қалай аталады?
Иткөйлек.
20) Мұсылманның қасиетті кітабы?
Құран.
IV. «Ескірмейтін есті сөз» (ырым-тыйым мәні)
Жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруда қазақ халқының ырым-тыйымдары мен наным-сенімдерінің орны ерекше. Бұл — халық этнопедагогикасының маңызды бөлігі. Кей тұсы ұзақ жылғы тәжірибеден шыққан түсінікке негізделсе, кей тұсы қарапайым әдеп қағидаларына сүйенеді.
Мысалы: құмырсқаның илеуін бұзба, суға түкірме, көкті жұлма, ысырапқа жол берме. Төмендегі нақылдарды сайыскерлер мағынасын түсіндіріп береді.
1) «Аққуды атпайды»
Киесі ұрады; аққу — киелі құс.
2) «Жолаушыға “қайда барасың?” деп сұрамайды»
Жолы болмай қалады деп ырымдап, оның орнына «жол болсын» деп тілек айтады.
3) «Балаға құйымшақ жегізбейді»
Ұшқалақ, жеңілтек, сабырсыз болады дейді.
4) «Біреу қайтыс болды» деп жаңсақ айтса, қалай жориды?
Ұзақ өмір сүреді деп жориды.
5) «Ауылға атпен шауып келуге болмайды»
Қаралы хабар жеткізгенде немесе жау шапқанда ғана шауып кіреді деген түсінік бар.
6) Жақын адамға мысық, ит, пышақ не қару сыйламайды
Араздасып қалады деп ырымдаған.
7) Аң-құс төлдегенде аңға шықпайды
Табиғатты аялау, жан-жануар басының көбеюіне мүмкіндік беру, обалына қалмау.
8) Ішінде суы не тамағы бар ыдыстың бетін ашық қалдырмайды
Тазалық үшін; сондай-ақ «жын-шайтан жалап кетеді» деген наным бар.
9) Жас балаға, қызға кәрі жілік ұстатпайды
Ер бала бойдақ жүріп қалады, қыз бала оң жақта отырып қалады деп ырымдаған.
10) «Ымырт түсе үй тазалама, қоқыс шығарма»
Үйдің ырысы кетеді дейді.
V. «Көне кебеже» (мақал-мәтел құрастыру)
Ғасырлар бойы сұрыпталып, салмақтанған асыл сөздің мәйегі — мақал-мәтел. Бұл бөлімде берілген суреттер мен сөздерге сүйеніп, мақалдың жалғасын табу немесе мақал құрастыру ұсынылады.
Мысал ретінде қолданылатын мақалдар
- Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады.
- Ел көркі — мал, өзен көркі — тал.
- Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
- Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын.
- Тәні саудың — жаны сау.
VI. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» (сахналық қойылым)
Топтар шешендік сөздерге негізделген қысқа сахналық қойылым көрсетеді. Мақсат — ойды ықшам, мәнді әрі әсерлі жеткізу мәдениетін таныту.
VII. «Тапқыр болсаң озып көр» (киелі сандар)
Бұл кезеңде киелі сандарға байланысты сенімдер мен ұғымдар талқыланады. Қоржындағы асықтарға жасырылған сұрақтарға жауап беріледі.
Үш санына қатысты ұғымдар
- Үш жүз: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.
- Үш жұрт: өз жұртың, нағашы жұрт, қайын жұрт.
- Үш қуат: ақыл қуат, жүрек қуат, сенім қуат.
Үштік ұғымдар (жалғасы)
- Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.
- Үш дауасыз: мінез, кәрілік, ажал.
- Үш би: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.
- Үш қадірсіз: жастық шақ, денсаулық, жақсы жар.
Сабақты бекіту және қорытынды
Бүгін біз ата-бабамыздан мұра болып қалған асыл сөздерге тоқталып, олардың мән-мағынасына тағы бір мәрте ой жүгірттік. Дәстүр, ырым-тыйым, мақал-мәтел, шешендік сөз — барлығы да адамды жақсылыққа бастайтын рухани бағдар.
Қорытынды кезеңде жеңімпаз топ анықталып, қатысушылардың жұмысына баға беріледі.