Құрметтті Қызғалдақ гүл шоғының балалары

«Алтын сандық» — әдеби-музыкалық ойын

Бұл сабақ-ойын балалардың көктем туралы білімін тереңдетіп, табиғатпен байланысын күшейтуге және ән, өлең, мақал-мәтел, жұмбақ арқылы тіл мәдениетін дамытуға бағытталған.

Мақсаты (білімділік)

  • Көктем туралы білімді пысықтау, тиянақтау.
  • Көктем мезгілінің ерекшелігін сезіндіру.
  • Табиғат құбылыстарымен байланыстырып, сөйлеу шеберлігін шыңдау.

Мақсаты (дамытушылық)

  • Дүниетанымды кеңейту, көркем ойлау қабілетін арттыру.
  • Шығармашылық қабілетті дамыту.
  • Музыкалық танымды қалыптастыру, әуенді тыңдап сезіне білуге үйрету.
  • Зейінді дамыту.

Мақсаты (тәрбиелік)

  • Табиғатты аялауға, қорғауға, сүйе білуге тәрбиелеу.
  • Әдемілікке, әсемдікке баулу, эстетикалық талғамды көтеру.
  • Ауыз әдебиеті үлгілерін (жұмбақ, мақал-мәтел) үйретіп, ойынға қолдануға дағдыландыру.

Пәнаралық байланыс

Ән сабағы, айналамен танысу, көркем әдебиет, математика.

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, көркем сөз, сұрақ-жауап, таңғажайып сәт, ойын, бағалау.

Көрнекіліктер мен алдын ала жұмыс

Көрнекіліктер

Гүлдер, құстар, сандық, алтын қақпа, күміс қақпа, күн, өзен, су, сыйлықтар.

Алдын ала жүргізілген жұмыс

Серуен кезінде көктемнің алғашқы белгілерімен таныстыру. 8 наурыз мерекесіне орай «Көктем — Ана, қыздар — гүл» тақырыбында түсінік беру.

Сабақ барысы: көрініс, ән, сұрақ-жауап

1) «Гүлдер неге жабырқау?»

Ортада гүл бейнесіндегі қыздар «ұйықтап» жатады.

Тәрбиеші

Балалар, мына гүлдер неге жабырқау, көңілсіз? Жас гүлдер жайқалып, көркеюі үшін не қажет?

Балалар

Күннің көзі керек.

2) Күннің келуі (әнмен)

Жиналған барша жамағат,
Етейін барға қанағат.
Әлемге ортақ күнмін мен,
Алыңдар менен ұлағат.

Төгемін алтын нұрымды,
Риза етіп қала, даламды.
Ешнәрсе менсіз өспейді,
Бар әлем мені дос дейді.

Сондықтан барша адамзат
Күнді әнге қос дейді.

3) Балалардың хормен тілегі

Сөнбе ешқашан күніміз!
Тілейді мұны жеріміз.
Тілейді мұны еліміз,
Тілейміз мұны бәріміз.

4) Гүлге қажет тағы не бар?

Тәрбиеші

Гүлдер сәл бой түзегендей. Ал биіктеп, әрі қарай өркен жаюы үшін тағы не қажет?

Балалар

Таза ауа мен су қажет.

Тәрбиеші

Дұрыс. Күн нұрымен бірге таза ауа және нәр беретін су керек. «Көкті жұлма, көктей соларсың» — табиғатты қорғауымыз қажет.

Музыка ойнап, балалар айнала билеп жүріп гүлдерге су құяды.

5) Гүлдердің сөзі

Перизат (1-гүл)

Мен — жердің көркі саналған табиғаттың бір мүшесімін.

Ақнұр (2-гүл)

Жайқалып, жайнап өскен гүлді адамзат жақсы көреді.

Ардақ (3-гүл)

Өйткені бәріміз хош иіс береміз.

Жансая (4-гүл)

Гүлдерді қуаныш тойларда, мерекелерде сыйлық ретінде ұсынады.

Гауһар (5-гүл)

Гүлдердің алуан түрлі болуы табиғатқа әсем көрік береді.

Барлық қыздар: Бәріміз қосылып адамзатқа бақыт сыйлаймыз.

6) Көктем әні

Келді көктем далаға,
Келді сұлу шағала.
Аспандағы ақ құстар
Айдын көлді арала.

А-а-а, нұрлы көктем,
А-а-а, сүйді беттен.
Гүл көктемді қарсы алып,
Би билейміз ән салып.

Көктем — Анамен кездесу

7) Көктем — Ананың сөзі

Менің кішкентай бүлдіршіндерім! Мен — Көктем-Ананы мыналардан таныдыңдар: табиғаттан нәр алып, жердің көгіне жан бітіретін мезгілмін. Айналаға еркелей, наздана қараймын.

Сендер менің бір бөлшегімсіңдер: сайраған құс та, жүгірген аң да, сыбдырлаған шөп те, сылдырлап аққан су да, жер тәңірісі — Адам да менің ұрпағым. Міне, жыл мезгілі — көктем келді. Дүние жаңарып, тіршілік оянды.

Сендердің бойларыңа күн нұрымен жылылық таратамын.

8) Балалардың тілегі

Бала

Қайырымды Көктем-Ана! Бүгінгі сабағымызға келіп, қуаныш пен жылылық сыйлап жатырсыз. Біз де сізге ақ тілегімізді арнайық.

  • Дәулет: Көктем-Ана құшағы кең, пейілі мол болсын.
  • Бекзат: Күніміз әрқашан шуақты болсын.
  • Мұрат: Жер бетіндегі адамдар аман болсын.
  • Мақсат: Гүлдеріміз солмай, жайқалып өсе берсін.
  • Тәжім: Жеріміздің өнімі мол болсын.
  • Гауһар: Табиғатымыз жайнап, көркейе берсін.

Көктем — Ана

Тілектерің қабыл болсын!

Көбелектер ойыны

Көктем-Ана гүлдерінің хош иісін сезіну үшін балалар 4–5 баладан «көбелек» болып ұшып келіп қонады.

Тәрбиеші

Бүгін қонағымыз — Көктем-Ана. Ол сендердің бойларыңнан жақсы қасиеттерді, балабақшадан алған білімді көргісі келеді. Балаларымызда шешендік те, тапқырлық та, әншілік те бар.

«Алтын сандық» ойыны: қақпалардан өту

Алтын сандық бірден ашылмайды: алдымен күміс қақпа, одан кейін алтын қақпа сұрақтарымен сынақтан өтеміз. Білімді де өнерлі балалар ғана қақпаларды аша алады.

Топқа бөліну

Балалар гүлдерден бір-бірден үзіп алады да, екі топқа бөлінеді: «Қызғалдақ» және «Сарғалдақ».

Сұрақ

Гүлдер несімен ерекше?

Жауап

Гүлдерге көбелектер қонып, шырынымен қоректеніп жатыр. Әр гүлге әр түрлі көбелек қонып тұр.

Күміс қақпа: сұрақтар

«Қызғалдақ» тобы — жұмбақ

Жұпары аңқып даланың,
Иісі мұрын жарады.
Жылы самал соғады —
Бұл қай кезде болады?

Жауап: Көктемде.

«Қызғалдақ» тобы — әуен арқылы

Әннің аты қандай? Сөзі мен өлеңі кімдікі?

Жауап: Әннің аты — «Көктем». Сөзі — Сәтібековтікі. Өлеңі — Қуатбаевтікі.

«Сарғалдақ» тобы — айларды ата

Көктем айларын атаңдар.

Жауап: Наурыз, сәуір, мамыр.

«Сарғалдақ» тобы — гүлге қатысты есімдер

Гүлге байланысты қандай қыздардың есімдерін білесіңдер?

Раушан, Райхан, Балауса, Бәйшешек, Қалампыр, Масаты, Роза, Қызғалдақ.

Сұрақтарға дұрыс жауап берілген соң күміс қақпа ашылады.

Алтын қақпа: апалардың сұрақтары

Алтын қақпа сұрағын қоюға көктемдей көңілі кең, асыл апалар келеді. Олар сыйлықпен де келген.

1) «Қызғалдақ» тобы

Қандай ағаш түрлерін білесіңдер?

Қарағай, қара тал, жиде, қайың, емен.

2) «Сарғалдақ» тобы

Туған жер туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?

  • Жері байдың — елі бай.
  • Жер — адамның бесігі.
  • Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
  • Жер — Ана, ел — бала.
  • Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер.

3) «Қызғалдақ» тобы

Табиғаттың төрт құдіретін атаңдар.

Қайырымды қара жер, мөлдір таза су, шұғылалы алтын күн, мейірімді Аспан ата.

4) «Сарғалдақ» тобы

Көктем туралы қандай тақпақ білесіңдер?

Қар еріді, су ақты,
Күндер туды шуақты.
Байтақ дала келбеті,
Түкті кілем сияқты.

Көкке бояп өңірді,
Көктем келді көңілді.
Бау-бақшада сайраған,
Құстар әні төгілді.

Тосырқама жыл құсы,
Қона кет, ұшпай жоғары.
Күткенбіз қашан келер деп,
Көктемнің сәнді қонағы.

Жауаптардан кейін алтын қақпа ашылады.

Алтын сандықтың соңғы сыны

Енді ең маңызды сұрақты Көктем-Ана қояды. Дұрыс жауап берілсе, алтын сандық ашылып, сыйлықтар табысталады.

«Қызғалдақ» тобына жұмбақ

Бір зат бар дүниеде құшағы кең,
Адамзат, жан-жануар арасында
Мәңгілік өсіп-өніп өмір сүрген.

Жауап: Жер.

«Сарғалдақ» тобына жұмбақ

Ежелден халық бұл гүлді
Жалқауларға қимайды.
Қорғайтын елді, үлгілі
Батырларға сыйлайды.

Жауап: Қалампыр.

Сыйлық сәті

Алтын сандық ашылып, ішіндегі сыйлықтар балаларға таратылады.

Қорытынды сөз және жылы лебіз

Көктем — Ана

Балаларым, менің құшағым кең — өйткені құшағыма бәрі сыйып кетеді. Бүгін сендердің ән-жырларыңды тыңдап, бір жасап қалдым. Бойыма ерекше күш дарығандай.

Жер бетінде тек әсем әуен әуелесін, сәбилер тыныш ұйықтасын. Көктем сайын жасарып, жайнап осы мезгілді асыға күтемін, достарым!

Сендерге өз жүрегімді ұсынамын: ол — жақсылыққа бастайтын ыстық лебіз бен гүлге оранған ізгі ниет.

Тәрбиеші және балалар

Балалар

Сізге көп рақмет, Көктем — Ана!

Тәрбиеші

Ендеше, бүгінгі сабағымыз әсем әннің әлдиімен тербелсін:

Бейне сонау құс әні,
Арман биік ұшады.
Күндей ыстық қашанда,
Балабақша құшағы.

(Табиғи материалдан жасалған сыйлықтар таратылады.)