Тұрар кім

Сабақтың тақырыбы

Шерхан Мұртаза, «Тұтқын бала» ( «Қызыл жебе» романынан үзінді ): Тұрар бейнесі және шығарманың көркемдік ерекшелігі.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Жас Тұрардың тауқыметке толы тағдыр белестерін терең меңгерту.
  • Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік пен заман шындығының көріністерін талдау.

Дамытушылық

  • Ойлау қабілеті мен қиялды дамыту.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыландыру.
  • Қоғам қайраткері Тұрардың қызық та қиын өмірінен деректер беру.

Тәрбиелік

  • Ата-ананы қадірлеуге, ел мен жерді сүюге тәрбиелеу.
  • Намысшылдыққа, төзімділікке, қайсарлыққа баулу.
  • Білімнің биік шыңы бар екенін ұғындыру.

Сабақтың форматы

Сабақтың түрі

Шығармашылық-ізденіс, бекіту сабағы.

Пәнаралық байланыс

Тарих, қазақ тілі, әдебиет теориясы.

Сабақтың әдістері

  1. Зерттей оқыту.
  2. Шығарманы берілген сұрақтар бойынша талдау.
  3. Ой толғау.

Сабақтың барысы

Кезеңдер

  1. I. Ұйымдастыру кезеңі
  2. II. Үй тапсырмасын сұрау
  3. III. Негізгі бөлім: талдау жұмыстары
  4. IV. Қорытынды, бағалау, үй тапсырмасы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Балалар, алдыңғы сабақта біз шығарманың мазмұнымен толық танысып, жоспар құрғанбыз. Бүгінгі сабақта басты кейіпкер Тұрардың дара тұлғасын және мәтіннің көркемдік ерекшелігін талдаймыз. Үйге шығармашылық тапсырма мен бағыттар берілген болатын, сондықтан талдау барысында қиындық туындамайды деп ойлаймын.

Алдымен мәтінді қаншалықты меңгергендеріңді және оқығаннан қандай ой түйгендеріңді байқау үшін «Кім жылдам?» айдары бойынша атаулы сұрақтарға қысқа, нақты жауап береміз.

I бағыт: «Кім жылдам?»

Тақырыпқа сай сұрақтарға қысқа нұсқада жауап беріңдер.

  1. «Оян, Тұрар!» деп Тұрарды камерада оятқан кім?
  2. Приходько мырзаның ұлының аты кім?
  3. Аркаша сабақты қалай оқыды?
  4. Надзиратель Тұрарға барқылдап ұрысқанда, араша түскен кім?
  5. Рысқұлды айдауға әкетіп бара жатқанда, тұтқындар қалай қоштасты?
  6. Әке мен баланың арасын жалғап тұрған жіпті штыкпен қиып жіберген кім?
  7. Түрмеден қашқан Тұрар кімнің үйін паналады?
  8. Қырғызбай Тұрарды оқуға жаздыруға неден қорықты?
  9. Тұрардың тегі (фамилиясы) кім болып жазылды?
  10. Тұрар мектепте алғаш қандай сөздер жазды?
  11. Тұрар тақтаға шыққанда жырқылдап күлген бала кім?
  12. Атамырза Тұрарға не үшін күлді?
  13. «Шынтақ жеңнен жылтыңдап қарамайды, оған надандық үңіліп қарайды» деген Ломоносовтың сөзін кім айтты?
  14. Сұлу мұртты, бойы тіп-тік әскери кісі кім?
  15. Семашко мырза оқушыларды қалай таңдады?
  16. Тұрарды Семашко мырза қандай қызметке қабылдады?
  17. Оқу бітіру куәлігін толтыру кезінде Тұрар қандай «қылмыс» жасағаны үшін директордан кешірім сұрады?
  18. Директор сол сәтте не істеді?
  19. «Диірменде туған тышқанның баласы диірменнің дүрсілінен қорықпайды» — кімнің сөзі?
  20. «Сен жаралы арыстанның баласысың, бауырым, Қызыл Жебе!» деген сөзді кім айтты?

II бағыт: «Болар бала алысқа қарайды»

Шығармадағы басты кейіпкер — Тұрар. Оқиға желісін оқи отырып, оның болмысынан қандай қырларды байқадыңдар? Ортаға салып, ой бөлісейік.

Тұрар — сезімтал.

Айналасындағы әділетсіздікке бейжай қарамай, жанымен сезінеді.

Тұрар — еңбекқор.

Қиындыққа мойымай, тіршілікке де, оқуға да табандылық танытады.

Тұрар — ұғымтал, білімге құштар, арманшыл.

Білімді еркіндікке бастайтын күш ретінде таниды.

Тұрар — намысшыл.

Өзін де, әкесін де таптатпауға ұмтылады; рухы сынбайды.

III бағыт: «Білгенге маржан»

Бұл бағытта мәтіннен жазушының көркемдік шеберлігін танытатын тұстарды теріп, дәлелдеуге назар аударамыз: ішкі монолог, портрет, мінездеме, кейіпкерлер жүйесі, диалект сөздер мен мақал-мәтелдер.

Тапсырмалар

  • Монологтерді анықтау.
  • Портреттік сипаттауларды табу.
  • Мінездеме беретін тұстарды іріктеу.
  • Негізгі және қосалқы кейіпкерлерді жіктеу.
  • Диалект сөздерді оқып, мағынасын талқылау.
  • Мақал-мәтелдерді (немесе мақал-мәтелге айналған тіркестерді) табу.

Тілдік талдау

Төмендегі сөйлемнен етістікті тап. Тапқан етістіктен есімше мен көсемшенің жұрнақтары бар-жоғын анықтап, ажыратып айт. (Интерактивті тақта арқылы көрсетіледі.)

Тұрар енді бір жиырма жылдан кейін әлде бір жазушымен дос болып, өз әкесінің басынан өткен шытырман шындықты оған арман ағысындай етіп айтып берер.

Осы үзіндіден көсемше мен есімшенің жұрнақтарын тауып көрейік.

IV бағыт: «Ойлы болсаң — озып көр»

Ойлау қабілеттеріңді, ой түйіндей білу дағдыларыңды, сондай-ақ оқу техникасын бақылауға арналған тапсырмалар орындалады.

V бағыт: «Бала Тұрардан — қоғам қайраткері Тұрарға дейін»

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Бүгінгі сабақта Тұрар бейнесінің қырларын, шығарма желісі мен көркемдік ерекшелігін мүмкіндігінше жан-жақты талдадық. Дайындықтарың жаман емес. Өздерің талдағандай, «болар бала алысқа қарайды».

Енді қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген Тұрар Рысқұлов туралы қысқаша мәлімет беріледі. (Интерактивті тақтадан Тұрардың өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты слайдтар көрсетіліп, қысқаша түсініктеме жасалады.)

Сондай-ақ 8-сыныпта Тұрар Рысқұловтың әкесі жайлы жазылған М. Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармасын оқитынымыз еске салынады.

VII: Венн диаграммасы

Бала Тұрар мен Тұрар Рысқұлов бейнелерін салыстыру: ортақ және ерекшелік белгілерін анықтау.

Бала Тұрар

  • Қиындықты ерте көрген.
  • Оқуға ұмтылған.
  • Намысқа берік.

Ортақ

  • Жігер, төзім, қайсарлық.
  • Әділетке құштарлық.
  • Болашаққа сенім.

Тұрар Рысқұлов

  • Қоғамдық жауапкершілігі жоғары тұлға.
  • Ел мүддесін ойлаған қайраткер.
  • Тарихи кезеңнің күрделі шындығында шыңдалған.

Қорытынды, бағалау, үй тапсырмасы

Қорытынды

Тұрар бейнесі арқылы шығармадағы әлеуметтік теңсіздік, заман шындығы және адам рухының беріктігі айқын көрінеді.

Бағалау

Белсенділік, дәлелді жауап, мәтінмен жұмыс сапасы және тілдік талдаудағы нақтылық бойынша бағаланады.

Үйге тапсырма

«Елі үшін туған ер еді» тақырыбында шығарма жазу.