Қазақтың ішекті музыкалық аспабын ата

Мақсаты

Болашақ арулардың бойына қазақы тәрбиені сіңіру, «қыз» деген ұғымның өзі әдеміліктің, әдептіліктің және жан-жақты сұлулықтың белгісі екенін түсіндіру.

Кіріспе

Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Қолын қатты тигізбей,
Кір көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.

Жер-Ананың тіршілік нәрін себер көктеммен бірге барлығымыз үшін қымбат мереке де келіп жетті. Барша аналарға, аруларға ілтипатымызды білдіре отырып, төл мерекелеріңіз құтты болсын демекпіз.

Бүгін сіздерге «Кішкентай арулар» байқауын ұсынамыз.

Қыз емес, қыздың өзі — алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.

Әділқазылар алқасы

Әділдікпен баға берер аруға,
Әділдікпен қара қылды жаруға.
Әділқазы алқаларын сайлайық,
Нақ аруды бүгін таңдап алуға.

(Осы бөлімде әділқазылар алқасымен таныстыру жүргізіледі.)

Қатысушыларды қарсы алу

Мың бұралған арулар, аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып-тасып.
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Қол соғып, қошеметпен қарсы алайық.

(Мұғалім қыздарды таныстырып, ортаға шақырады. Ұлдар қыздарды ізетпен сахнаға ертіп келеді.)

Махаббат

Ай секілді өзі де,
Сыңғыр-сыңғыр сөзі де.
Махаббат деген арудың
Әдемі ғой көзі де.

Ұлжан

Үздік оқып сабағын,
Бәрімізге жағатын.
Ұлжан кейде қырсықса,
Түйіп алар қабағын.

Жанерке

Сабағын да меңгерген,
Жақсылықты жөн көрген.
Ата-анасы Жанеркеге
Әдемі есім теңгерген.

Гүлден

Қуантады білімімен бізді Гүлден,
Қол соғып қарсы алайық енді оны біз.
Білімің серік болсын талабыңа,
Бүгінің қабыл болсын тілегіміз.

Арайлым

Сабағынан қалмайды,
Жалқаулыққа бармайды.
Арайлым бүгін сайыста
Ән мен жырын арнайды.

Кішкентай арулар келіп жетті танысуға,
Бойындағы бар дарынды даратуға.
Қорықпастан сахнаға келіп жетті,
Әдеппен, ізетпен танысуға.

Байқау кезеңдері

1-кезең. Өзін таныстыру

1-ару (Махаббат)

Ай нұрынан жаралған,
Ай мен күндей анамның.
Ақылдысы баланың —
Кілең «бестік» сабағым.
Махаббат деген сұлуың
Мен боламын, ағайын.

2-ару (Жанерке)

Отбасымның еркелеткен,
Жарқыраған жұлдызымын.
Сабақты жақсы оқитын
Жанерке деген бір қызыңмын.

3-ару (Гүлден)

Қыздар деген — қыр гүлі,
Қазақ қызы — үлгілі.
Жақсылыққа ұмтылатын әрқашан,
Гүлден ару — мен болам.

4-ару (Ұлжан)

Ынталы да инабатты,
Өнегелі бір қызбын.
Ата-анамның ақылдысы —
Молдабаева Ұлжанмын.

5-ару (Арайлым)

Мен де есті баламын,
Айтқан тілді аламын.
Жұмсағанға барамын,
Жақсы менің сабағым.
Арайлым деген ару қыз —
Мен боламын, ағайын.

2-кезең. Өнер көрсету

Кедеймін деп қысылма,
Өнерің болса қолыңда.
Өнерлінің ырысы
Жарқырап жатар жолында.

(Кішкентай арулар өз өнерлерін көрсетеді.)

3-кезең. «Білгенге маржан» (сұрақ-жауап)

Халқымыздың ежелгі үрдісі бар,
Адастырмас оң жолдан үлгісі бар.
Үлкенді сыйлау — соның бірі,
Зерделі, зейінді қызды сынар.

(Әр ару қоржындағы сұрақтарға жауап береді.)

  • Дүниеде ең тәтті, ең жұмсақ не?
  • Көшіп-қонуға қолайлы қазақ баспанасын ата.
  • Қазақтың ішекті музыкалық аспабын ата.
  • Ұлттық ойындарды ата.
  • Төрт түлік малды ата.

4-кезең. «Шебер қолдар»

Шеберлерім, өнер тамып қолынан,
Жаңылмаған ата-баба жолынан.
Шебер қолдар өз өнерін көрсетсін,
Біз айтайық төрелігін соңынан.

Тапсырма: берілген үлгі бойынша оюды ойып, жапсыру.

Ұлдардың аналарға арнауы

Сізден өскен балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті біздің аналар!

Баланың да тірегі,
Дананың да тірегі.
Шаншымасын ешқашан
Аналардың жүрегі.

Айналайын, анашым,
Жұмысына барасың.
Қайтып мені көргенше
Шын сағынып қаласың.

Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.

Ерлік еткен біз үшін,
Еңбек еткен біз үшін.
Еркелеткен біздерді,
Еркіндеткен біздерді —
Анамызға мың алғыс!

Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден
Анаға сыйлаймыз.

5-кезең. Сән үлгісі

Жайдары жазық маңдай,
Үнінен наз ұққандай.
Қазақтың арулар-ай,
Ибалы, нәзік қандай.

(Қыздар дайын болғанша ұлдар «Ақ мамам» әнін орындайды. Кішкентай арулар музыка әуенімен сән үлгілерін көрсетеді.)

Қорытынды

Бүгін сіздер аруларымыздың өнерлі екенін көрдіңіздер. Ендігі сөз әділқазылар алқасына беріледі.

Жеңімпазға «Кішкентай ару» атағы беріліп, барлық қатысушыларға мадақтама мен сыйлықтар табысталады.

Барлық аналар мен аруларды құттықтай отырып, сынып оқушылары «Жан анам» әнін орындайды. Соңында «Көктем вальсі» биленеді.