Ыбырай Алтынсариннің атасы

Қостанай облысы, Арқалық қаласы • Родина жалпы білім беретін орта мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Әлиасқарова Мейрамкүл Қуанышбекқызы

Ашық сабақ жоспары

Пән

Қазақ әдебиеті

Сынып

10-сынып

Сабақтың тақырыбы

Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Қазақ даласының дара ұстазы Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық жолын, ел болашағы мен келешек ұрпақ үшін атқарған еңбектерін түсіндіру. Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып, тілдік шеберліктерін байқату.

Дамытушылық

Оқушылардың ой қорыту дағдыларын, әдеби тіл байлығын, есте сақтау қабілетін және көркем мәтінді мәнерлеп оқу шеберлігін дамыту.

Тәрбиелік

Ыбырай әңгімелеріндегі кейіпкерлердің өнегелі мінез-құлқы мен орынды іс-әрекетін талдау арқылы оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа, мейірімділікке және қамқорлық жасауға баулу.

Сабақтың құрылымы

Сабақтың түрі

Конференция-ізденіс сабағы

Сабақтың әдісі

Сұрақ-жауап, ізденіс

Көрнекіліктер

Әдеби кітаптар, үлестірмелі қағаздар, суреттер, бүктемелер, өлең жолдары жазылған қағаздар

Пәнаралық байланыс

Тарих, қазақ тілі, әдебиет теориясы

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды сабаққа дайындау.
  • Оқу құрал-жабдықтарын тексеру.

Жаңа сабақ

Құрметті оқушылар, бүгінгі сабағымыз дархан Қостанай топырағында дүниеге келген, ұлтымыздың алғаш білім қоңырауын соққан ұлы ұстаз, қазақ балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсариннің (1841–1889) өмірі мен шығармашылығына арналады.

Мектеп табалдырығын аттағаннан бері Ыбырайдың өлеңдерімен сусындап өскен сіздер үшін бұл тақырып қиындық тудырмайды. Сондықтан үйге Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығы туралы ізденіс жұмыстары берілген болатын. Бүгін сабақ ізденіс-конференция түрінде өтеді.

Сөз кезегін өздеріңе бермес бұрын қысқаша бейнематериалды көріп алайық. Назар аударыңдар.

Ізденіс-конференция: сұрақ-жауап

Журналист

Рахмет. Бүгінгі сабағымыз ұлы ұстаз, қазақ балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсаринге арналады.

Зерттеушілерге сұрағым: дана ұстаздың балалық шағы қалай өтті?

Зерттеуші

Ыбырай (шын аты — Ибраһим) Алтынсарин 1841 жылғы 20 қазанда Қостанай өңіріндегі Затобол ауданында дүниеге келген.

Ыбырай үш жасқа толғанда әкесі Алтынсары қайтыс болады. Дерек бойынша, ол Кенесары қозғалысы кезеңіндегі қақтығыстардың бірінде қаза тапқан. Ыбырайды әкесінің досы Жетібай Өтемісұлы аман алып қалады.

Әкесі қайтыс болғаннан кейін Ыбырай тәлім-тәрбиені атасы Балғожа биден алады.

Журналист

Әкесі Алтынсарының қаза табуы аталған кезеңмен байланысты болғандықтан, көтеріліс туралы қысқаша мағлұмат алу үшін тарих пәнінің маманы Сыздықов Мереке Әлімжанұлына сөз береміз.

Мереке ағай, рақмет. Келесі сұрақ: Балғожа би туралы мәліметті толықтыра кетсеңіз.

Зерттеуші

Балғожа Жаңбыршыұлы (туған жылы белгісіз — 1860) — би, Ыбырай Алтынсариннің атасы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Ұзын руынан шыққан. Қазіргі Қостанай облысының Қостанай ауданында дүниеге келген.

Қызмет жолынан қысқаша дерек

  • 1824 жылы хандық жүйе жойылғаннан кейінгі басқару құрылымында Ұзынқыпшақ бөлімшесін басқарған.
  • 1839 жылы — хорунжий, 1848 жылы — жүзбасы (сотник), 1850 жылы — старшина әскери лауазымдарын алған.
  • Ресей өкіметі тарапынан «За усердие» алтын медалімен марапатталған; аты жазылған екі тапанша мен қосауызды мылтық сыйға берілген.
  • Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті басуға қатысқан.

Балғожа бидің баласы Алтынсары 1844 жылы көтерілісшілер қолынан қаза табады. Осыдан кейін Балғожа би немересі Ыбырайды өз тәрбиесіне алады.

1850 жылы Балғожа би Ыбырайды Орынбор шекара комиссиясы қазақ балалары үшін ашқан жетіжылдық мектеп-интернатқа оқуға береді. Замана беталысын болжаған би табысқа жетудің жолы — оқу деп түсінеді.

Ескерту

Балғожа бидің бастапқы мақсаты немересінің мұғалім болуы емес, әкімшілік орындарда қызмет етіп, орысша оқыған шенеунік ретінде елге танылуы, әулетке сүйеу болуы еді. Бұл ойы Орынборда оқып жүрген Ыбырайға жолдаған өлең-хатында айқын көрінеді.

Балғожа бидің өлең-хаты

Үміт еткен көзімнің нұры — балам,

Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,

Қолыңа құрық алып кетер едің.

Тентіреп екі ауылдың арасында

Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!