Кергішті үстел бетіне дұрыс орналастыру

Сабақ тақырыбы

Кілем тоқу (презентациямен)

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Сабақтың әдістері

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Өз бетінше сарамандық жұмыс

Көрнекілік және байланыс

Көрнекілік

Дайын кілем түрлері.

Пәнаралық байланыс

Сызу, бейнелеу өнері, тарих.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға кілем туралы толық мәлімет беру; кілем тоқудың түрлері мен әдіс-тәсілдерін үйрету.

Дамытушылық

Теориялық білімді сарамандық жұмыста қолдана білуге үйрету; өз бетінше ізденуге дағдыландыру; ой-өрісті дамыту.

Тәрбиелік

Өнерге қызығушылық ояту; ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу; сұлулықты сезіну мен эстетикалық талғамды қалыптастыру.

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Құрал-жабдықтарды тексеру.
  • Оқушылардың назарын сабаққа аударту.

Үй тапсырмасын тексеру

Өткен тақырыпты қайталау барысында оқушыларға тақырыпқа қатысты сұрақтар қойылып, жауаптары талқыланады.

Жаңа сабақ: Кілем тоқу өнері

Халық даналығында: «Үй жасауы — кілем» дейді. Кілем — төсеніш ретінде де, қабырғаға ілінсе сән беретін бұйым ретінде де бағалы. Ол өзінің асыл қасиетін бүгінге дейін сақтап келе жатқан тұрмыстық әрі көркем өнер туындысы.

Кілемнің тарихы мен түрлері

Бұл қиын да қызықты өнер қазақ жерінде мың жылдар бұрын-ақ қалыптасып, қарапайым халық шеберлерінің шығармашылық қазынасынан туған. Қазақстан өңірлерінде кілемнің түрлері де, атаулары да көп. Көне деректерде олар бүгінгі атауларымен де кездеседі.

Кездесетін атаулар

  • Бұқар кілем
  • Жол кілем
  • Жолаң кілем
  • Жібек кілем
  • Масаты кілем
  • Мақта кілем
  • Қалы кілем
  • Қара кілем
  • Құлпырма кілем
  • Тақыр кілем
  • Түкті кілем
  • Ақ сирақ кілем
  • Алаша кілем
  • Әндіжан кілемі
  • Түрікмен кілемі

Бұл атаулар қазақ халқының кілем тоқумен ертеден таныс болғанын және әр өңірде мәнерінің әртүрлі жасалғанын аңғартады.

Кілем өрмегі және жіп түрлері

Кілем өрмегін аспалы өрмек немесе кілем өрмегі деп атайды. Соған қарай кілемнің бой жіптері жоғарыдан төмен қарай кейде 3, кейде 4 қабат болып тізіледі.

Арқау жіп

Әдетте түйе жүні аралас (кейде шуда аралас) мақтадан немесе жібектен иіріліп, мықты әрі жуандау етіп дайындалады.

Түк және өрнек жіптері

Қойдың биязы жүнінен, түйе жүнінен иіріліп, басқа жіптерге қарағанда бостау дайындалады. Кейде арнайы күзеулерде бос тұрып, шебер қажетіне қарай суыртпақтап қолданады.

Тоқу үдерісі және еңбек ұйымдастыру

Әдетте түкті кілемді 2–3 шебер қатар отырып тоқиды. Шебер домалақталған өрнек жіптерін санап, кілемнің еніне жеткенше бір қатарды шалып шығады да, кесермен қиып, адарғы тарақпен арқауға бастыра қағады. Әр қатар өрнек нұсқасына сай түзетіліп, келесі қатарға өтеді. Бұл кезде бой жіптердің ерсісі мен қарсысы алма-кезек ауысып отырады.

Уақыт пен өлшем

Осы әдіспен ені 2–3,5 м, ұзындығы 3,5–4 м кілемді екі адам шамамен бір айда тоқып шығара алады.

Түстер мен өрнек тілі

Кілемше теріліп тоқылатын бұйымдардың жіптері көп түсті бояумен боялады. Кілем өрнегінде әсіресе қызыл фон кең қолданылады; оған қара, көк, сары, ақ түсті өрнектер үйлестіріледі. Кейде бір негізгі түстің өзара жақын бірнеше реңкі де алынады.

Зооморфтық оюлар

  • Қошқар мүйіз
  • Сыңар мүйіз
  • Иттабан
  • Көбелек

Геометриялық өрнектер

  • Ирек
  • Тұмарша
  • Төртбұрыш

Сарамандық жұмыс

Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелері сақталып, тоқу қадамдары ретімен орындалады.

Дайындық

  • Жұмыс киімін кию.
  • Кергішті үстел бетіне дұрыс орналастыру.
  • Кергішті алдымызға алып, негізгі жіпті бос жібермей, дұрыс отыру.

Қауіпсіздік және әдіс

  • Қайшыны сыныптасыңа үшкір жағымен ұсынбау.
  • Тоқу кергіш бетінде оңнан солға және солдан оңға қарай жүргізу арқылы орындалады.

Сабақты қорытындылау

Бүгінгі сабақта оқушылар кілем туралы толық мәлімет алып, кілем тоқудың негізгі ұғымдарымен танысты.

Қайталау сұрақтары

  • Кілем дегеніміз не?
  • Кілем неше түрге бөлінеді?
  • Қызылорда өңірінде кілемнің қай түрі жақсы дамыған?
  • Кілемде қандай бейнелер мен өрнектер басым?

Оқушы білімін бағалау

Әр оқушының орындаған жұмысы қабылданып, баға қойылады. Жіберілген қателер жеке түсіндіріліп, түзету жолдары көрсетіледі.

Үй тапсырмасы

Кілем туралы қосымша деректерді жинақтап, жазып келу.