Есікті ашыңдар

Сабақтың тақырыбы

Б дыбысы мен әрпі

Сабақтың мақсаты

  1. Б дыбысын дұрыс дыбыстату және әрпін таныту; артикуляциясын меңгерту. Б — дауыссыз дыбыс екенін, сөздің басы мен ортасында кездесетінін түсіндіру. Б дыбысы бар сөздерге дыбыстық талдау жасату, буынға дұрыс бөлуге үйрету және Б әрпі бар сөздерді оқуға дағдыландыру.
  2. Оқушылардың танымдық қабілетін арттыру, қызығушылығын ояту.
  3. Оқушыларды сауаттылыққа және тазалыққа тәрбиелеу.

Түрі

Ертегі сабақ

Әдісі

Түсіндірме, әңгімелесу, ойын, сұрақ-жауап

Көрнекілігі

Слайд

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Диалог

Мұғалім:
Балалар, қазір бізде қандай сабақ?
Оқушылар:
Сауат ашу сабағы.
Мұғалім:
Сауат ашу сабағына қажетті барлық құралдарымызды дайындап қойдық па?

Үй тапсырмасын тексеру

  • Сұрақ: Өткен сабақта қандай әріппен таныстық?
  • Ескерту: Қайталау және бекіту (т.б.).

II. Жаңа сабақ

Қызығушылықты ояту

Мұғалім оқушыларға ертегі тыңдауды ұсынады: «Балалар, сендерге қызықты ертегі айтып берейін бе? Ендеше тыңдаңдар.»

Ертегі: Ешкі мен жеті лақ

Ерте кезде бір ешкі жеті лағымен орманда өмір сүріпті. Бір күні ешкі лақтарына азық әкелу үшін орманға кетер алдында: «Есікті ешкімге ашпаңдар! Мен қайтып оралғанда есікті қағып: “Лақтарым, шұнақтарым! Есікті ашыңдар! Аналарың сендерге сүт әкелді!” — деп ән саламын», — дейді.

Дәл сол кезде ешкінің үйінің маңында қасқыр жемтік іздеп жүр екен. Ол лақтарды алдамақ болады. Ешкінің кеткенін күтіп, лақтардың қараусыз қалған сәтін аңдыған қасқыр үйге жақындап келіп, өзінің қарлығыңқы даусымен: «Лақтарым, шұнақтарым! Есікті ашыңдар! Аналарың сендерге сүт әкелді!» — дейді.

Лақтар болса: «Естідік! Тыңдадық! Бұл — анамыздың дауысы емес. Біздің анамыз жіңішке, нәзік дауыспен әндетеді. Кет, қасқыр, біз саған есікті ашпаймыз», — деп жауап береді.

Қасқыр бір ісмер адамға барып, жіңішке дауыспен ән айту үшін көмектесуін сұрайды. Ісмер таңғалып қалса да, қасқырдың тамағын «қағып», дауысын жіңішкертеді.

Қасқыр ешкінің үйіне қайта келіп, есікті қағып, жіңішке, нәзік дауыспен: «Лақтарым, шұнақтарым! Есікті ашыңдар! Аналарың сендерге сүт әкелді!» — деп әндетеді.

Лақтар есікті ашады. Жауыз қасқырға керегі сол еді: ол үйге баса-көктеп кіріп, лақтарды бірінен соң бірін қапқа салып, алып кетеді.

Ешкі үйіне оралғанда есік айқара ашық тұрады, үй іші тым-тырыс. Ешкі қайғысынан көз жасын төгіп, зар еңірейді. Лақтарын қасқыр алып кеткенін білген соң, қасқырға барады.

Сонда қасқыр: «Менің әр тапсырмамды орындаған сайын, саған лақтарыңды бір-бірлеп қайтарамын», — дейді. Ешкі тапсырмаларды орындай алмай қиналады.

Сұрақ: Балалар, ешкіге көмектесеміз бе?

Ендеше, қасқырдың бірінші тапсырмасын орындайық.

1-тапсырма: Жұмбақтар

Таусыла ма, қараңдар,
Табиғаттың қызығы?
Суық жақтағы жануар —
Бұтақ-бұтақ мүйізі.
Жауабы: Бұғы
Үш көзді батыр,
Жол көрсетер батыл.
Үш көзі үш түрлі:
Қызыл, сары, жасыл.
Жауабы: Бағдаршам

Назар аудару: Жауаптардың екеуі де Б әрпінен басталады. Бүгінгі сабақта осы дыбыс пен әріпті тереңірек меңгереміз.