Астана жайлы білімін кеңейту
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Пәні
- Ана тілі (1-сынып)
- Сабақтың тақырыбы
- Тасымал. «Өз Астанам — өз ордам»
- Сабақтың типі
- Жаңа сабақ
- Сабақтың түрі
- Дамыта оқыту сабағы
- Сабақтың моделі
- ИОТ
Мақсаты мен міндеттері
Сабақтың мақсаты
- Тасымал туралы түсінік беру және сөздерді тасымалдау жолдарын меңгерту.
- Н. Айтовтың «Өз Астанам — өз ордам» өлеңінің мазмұнын ашу.
Білімдік
Тасымал бойынша білім қалыптастыру, тасымалдау ережелерін тәжірибеде қолдануға үйрету. Астана туралы білімін кеңейту.
Дамытушылық
Дүниетанымын кеңейту, тілін дамыту, сөздік қорын молайту. Мәнерлеп оқуға жетелеу, сауатты жазу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік
Туған жерге сүйіспеншілігін арттыру, елді құрметтеуге тәрбиелеу. Әсемдік пен сұлулықты сезінуге баулу, ән айтуға ынталандыру.
Әдістер мен ресурстар
Қолданылатын әдіс-тәсілдер
Қажетті құрал-жабдықтар
- Интерактивті тақтаға арналған топтама
- Слайдтар
- Бағалау белгілері
- Суреттер
- Сөзжұмбақ
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталады.
II. Үй жұмысы
Мұғалімнің сұрақтары
- Балалар, Әнұран еліміздің нелеріне жатады?
- Ел рәміздерін атап беріңдер.
- Әнұран авторлары кімдер?
- Үйге берілген Ө. Ақыпбекұлының «Әнұран» өлеңін жатқа айтып берейік.
- Автор туралы қандай мәлімет естеріңде қалды?
Автор туралы қысқаша мәлімет
Ақыпбекұлы Өтепберген (08.10.1950, Алматы облысы, Қапал ауданы, Ақсу ауылы) — ақын. 1973–1985 жылдары «Қапал еңбеккерлері» газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1985–1995 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Денсаулық», «Жанашыр», «Халық конгресі» басылымдарында аға тілші болып жұмыс істеген.
Бағалау ережесі
Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларға «Бәйтерек» белгісі беріліп отырады. Сабақ соңында белгілер саны бойынша бағаланады:
- 5 белгі — «5»
- 4 белгі — «4»
- 3 немесе 2 белгі — «3»
- 1 белгі немесе белгі жоқ — «2»
III. Жаңа сабақ
Кіріспе сұрақтар
- Тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы қай қала?
- Қазақстан картасынан тауып көрсетіңдер.
- Бүгін Н. Айтовтың «Өз Астанам — өз ордам» өлеңін оқимыз.
1) Автормен таныстыру
Айтов Несіпбек Тұрысбекұлы (22.09.1950, ҚХР, Шынжаң өлкесі, Шәуешек ауданы, Теректі–Қақпатас елді мекені) — ақын. 1974 жылы ҚазҰУ-ды бітірген. 1967–1969 жылдары Семей облысы, Шұбартау ауданындағы «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер болған. 1974–1984 жылдары «Балдырған» журналында бөлім меңгерушісі, 1984–1985 жылдары «Жалын» баспасында редактор қызметін атқарған. 1997–2001 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болған.
2) Мәтінмен жұмыс
- Мұғалімнің үлгі оқуы.
- Түсініксіз сөздермен жұмыс.
- Мәтінді талдау: бір шумақтан хормен оқып, мазмұнын ашу.
- Мәтінді тізбектей оқыту.
Сөздік жұмыс
- Өркен
- Өскін, шыбық, бұтақ. «Өркендеу» — даму, өсу, үлкею.
«Орда» ұғымына түсінік
XIV–XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан өңірі моңғол шапқыншылығының зардабынан біртіндеп арыла бастады. Әлеуметтік-экономикалық жағдай түзеліп, көптеген ұлыстар мен елдер тәуелсіздікке ұмтылды. Сол тәуелсіз мемлекеттердің бірі — Ақ Орда. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс Сібір ойпатынан Сырдарияның орта шеніне дейін созылған. Ақ Орданың халқы негізінен қыпшақтар болған.
Сергіту сәті
«Қазақстан — туған жерім» әнін хормен айту.
Тақтаға бәріміз қарайық, мұқият назар салайық. Бас қаламыз — Астана туралы білімімізді толықтырып алайық.
Қосымша деректер: Астананың тарихы
- 1 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында қазақ-орыс әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алды.
- 2 1862 жылы Ақмола қала мәртебесін алды.
- 3 1962 жылы қалаға Целиноград атауы берілді.
- 4 1997 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды.
- 5 1998 жылғы 6 мамырда жаңа елорданың атауы «Астана» болып өзгертілді.
- 6 1998 жылғы 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы — Астананың халықаралық тұсаукесері өтті.
Қорытынды
Сабақ құрылымы тасымалды меңгертуді, мәнерлеп оқуды дамытуды және Астана туралы білімді толықтыруды бір арнаға тоғыстырады. Бағалау жүйесі оқушының белсенділігін айқын көрсетіп, ынталандыруды күшейтеді.