Мөлшер үстеуі

Сабақ туралы қысқаша ақпарат

Пән / сынып

Қазақ тілі, 6-сынып

Сабақ тақырыбы

Күшейткіш үстеу

Сабақтың түрі

Аралас сабақ (жаңа тақырыпты меңгерту және бекіту)

Мақсат 1

Үстеуді, оның мағыналық түрлерін және күшейткіш үстеуді деңгейлік тапсырмалар арқылы меңгерту.

Мақсат 2

Шығармашылық жұмыстар арқылы ой-сананы, тіл мәдениетін және білімділікті арттыру.

Мақсат 3

Ана тілін ардақтауға, туған жері мен тілін сүйетін ұлтжанды ұрпақ қалыптастыруға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен әдіс

  • Электронды оқулық, интерактивті тақта
  • Деңгейлік тапсырмалар
  • Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясы

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

  • Оқушыларды сабаққа дайындау.
  • Тақтаға ашық журнал ілу.

2) Үй тапсырмасын тексеру

  • Үстеудің мағыналық түрлерін қайталау (соның ішінде мөлшер үстеуі).
  • Үстеулерді қатыстырып мәтін құрау (шығармашылық жұмыс).
  • Әр тапсырманың орындалуына қарай ашық журналға белгі қою.

Үй тапсырмасы қорытындыланған соң электронды оқулық қосылып, тыңдалым арқылы алдыңғы тақырыптар бойынша ой түйінделеді. Осыдан кейін жаңа сабаққа көшеді.

Жаңа сабақ: күшейткіш үстеу

Анықтама

Күшейткіш үстеу қимылдың, іс-әрекеттің белгісін немесе сапасын күшейтіп те, солғындатып та көрсетеді.

Мысалдар

ең әдемі тым биік өте жақсы аса терең

Бұл мысалдарда күшейткіш үстеулер сапалық сын есімдермен тіркесіп, сын есімнің күшейтпелі шырайын жасауға негіз болады.

Мотивация

Тақырып түсіндірілгеннен кейін «білімнің биік шыңына шығу» эмблемасы көрсетіледі. Бұл белгі — барлық деңгейлік тапсырмаларды толық орындаған оқушының жетістігін білдіреді.

Деңгейлік тапсырмалар

I деңгей

Мына сөйлемдерден үстеуді табыңыз.

  1. Асан екеуміз ақырын әңгімелесіп келеміз.
  2. Ауыл үйлері біріне-бірі әдейі жақын қонған.
  3. — Ал, енді тынығайық, — деді Асан.
  4. Жетісу ата жеріміз еді. Әз-Жәнібек хан заманынан бері қырқысып келеміз. Әуелі жеңдік.
  5. Жоғары-төмен үйрек-қаз ұшып тұрса сыпылдап.
  6. Алыста Алатаудың қарлы шыңдары жарқырап, күнге шағылысады.

II деңгей

Үстеулерді құрамы жағынан талдаңыз.

  1. Әрлі-берлі дөңбекши беруге серіктерімді оятып алармын деп қысылдым.
  2. Топтанып келген қасқырлар жылқыға шапқанымен, қоңын ойып, жағын сындырып алған тай болмаса, ешбірін жығып алып, емін-еркін жей алған жоқ.
  3. Көзіңді ашып жұмғанша жылдам хабар алғызады.
  4. Ауыл ілгері көшті.
  5. Нағашым бүгін әдеттегісінен кешігіп келді.
  6. Жігіттің даусы аз сыбырлады да, қақпаны қайта ашты.

III деңгей

Үстеулерді мағынасына қарай ажыратыңыз. Сұрақ қою арқылы үстеулердің қай сөзбен тіркесіп тұрғанын дәлелдеңіз.

  1. Аққасқа ырылдағанда Бейсенбайдың денесі мұздап, ілгері жылжи берді.
  2. Бүгін өлген жауыңның ұрпағы ертең қайыра аттанбай ма бері қарай?
  3. Барлық аттылар жан-жаққа шаба жөнелді.
  4. Бандылар күшігін алдырған қасқырша кезіп, елдің үрейін ала бастады.
  5. Омбы вокзалы едәуір үлкен де салтанатты көрінеді.
  6. Осы кезде жұмысшылардың барлығы да әбден шаршаған болатын.
  7. Бұл өте батыр екен.

Бағалау

Деңгейлік тапсырмалар орындалғаннан кейін ашық журналға белгі қойылып, оқушылардың жинаған ұпайлары қорытындыланып бағаланады.

Қорытындылау

Мұғалімнің түйіні

Мектеп қабырғасында қазақ тілінен алған әрі алдағы уақытта алатын біліміміздің бәрін ана тіліміздің қадір-қасиеті арқылы сезініп, сан алуан ғылым-білім негіздерімен танысамыз, бойымызға жинақтаймыз. Сондықтан ана тілді ардақтап, туған тілді құрмет тұту — ортақ парыз.

Өлең жолдары

Қасиетті қазақ тілі — ана тілім, Қымбат бізге ар тілім — баба тілім. Жатыр мұнда халқымның шежіресі, Қуанышы, қайғысы — қасіреті. Қабат-қабат елімнің тарихы бар, Сыры да бар, мұңы бар, бәрі де бар. Ізі болып Ақтабан шұбырынды, Туы болып тігілді Абылайдың. Ей, жастарым, бағалай біл тіліңді, Қазыналы қарттары бар, ұғынғын. Оқы, сен қалың-қалың томдарды, Танисың сен сол арқылы асылыңды. Кешегі өр Махамбет хандарға Тілін тартпай сөйлеген — үні болған ғажап тіл. Абай, Мағжан, Сәкеннің Тілі болған — қазақ тіл. Өзге ұлттарды оқытты өз тілінде, «Қазақ» деген ел бар деп, Бар әлемге паш еткен — Абайды. Мықты екен-ау, мықты екен, Мұхтар болып сөйлеген, Қазақ тілі — ғажап тіл.

Үй тапсырмасы

1) Қайталау

Күшейткіш үстеу тақырыбын оқу және мысалдар жинақтау.

2) Шығарма

«Достық» тақырыбына шағын шығарма жазу.

3) Талап

Шығармада үстеудің түрлерін орынды қолдану.