Тілектеріңізге көп рахмет
Бұл сабақ Қазақстанның бірінші ханымы, «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның өмір жолын, оның жалпыадамзаттық рухани құндылықтарға бастайтын қайырымдылық бастамаларын және еліміздегі адамгершілік-рухани білім берудің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін танытуға бағытталған.
Негізгі қағида
Жер бетіндегі барлық халықтың арманы — өзара түсіністік пен сыйластықты сақтау.
Пәннің басты мақсаты
Оқушыларды өзімен және қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге баулу; жүректе бауырмалдық, сүйіспеншілік, махаббат, достық секілді ізгі қасиеттерді дамыту.
Сабақтың мақсаты
- Сара Алпысқызы Назарбаеваның өмір жолын және қайырымдылық қызметінің адамгершілік-рухани маңызын түсіндіру.
- «Өзін-өзі тану» құндылықтары арқылы оқушылардың өзін сыйлау, өзіне сену, әділет пен әдептілік ұғымдарын тереңдету.
- Жас ұрпақты ата-анаға құрметке, жақынға жанашырлыққа, жалпы адамзатқа мейіріммен қарауға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
Шаттық шеңбері
«Қайырлы күн, құрметті оқушылар! Сіздерді шаттық шеңберін құруға ортаға шақырамын. Шеңбер бойымен жүрекшені бір-бірімізге бере отырып, көршілерімізбен амандасып, ізгі тілек айтайық. Тілектеріңізге көп рақмет. Жүрегіміз қуанышқа толды. Ендеше сабағымызды бастайық!»
Әңгімелесу
Оқушыларға ой салатын сұрақтар:
Сұрақ 1
«Алтын жүректі», «үлкен жүректі» деген сөздер қандай мағынада айтылады?
Сұрақ 2
«Алтын жүректі», «үлкен жүректі» адамдар деп кімдерді айтамыз?
Мұғалімнің кіріспе сөзі
«Құрметті оқушылар, қадірлі қонақтар! Бүгін біз “Алтын жүрек анамыз” атты мейірімділік сабағын бастаймыз. Бұл сабақ “Бөбек” балалар қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның сан қырлы қайырымдылық қызметіне және оның туған күніне арналады. Алдыңғы сабақта үй тапсырмасы ретінде Сара апамыздың еңбектерімен, сондай-ақ ол туралы жазылған өлеңдермен танысып келуді сұраған едім».
Оқу ақпараты
Сара Алпысқызының жүректен шыққан жылы сөзі адамды тебірентіп, өзін-өзі тануға, өзін сыйлай білуге жетелейді. Шын ниетпен, адал жүрекпен басталған әр істің нәтижелі болатынын ұғындырады.
Әр адамның тұлғалық дамуы — өзіне және өз әрекетіне байланысты. Баланың бойындағы қабілетін ашу, оған өз жолын тапқызу, өз күшіне сендірудің маңызы ерекше.
Адам өзін сыйлай білуі, ар-ұяты алдында таза болуы, әділетсіз, жөнсіз, әдепсіз іс-әрекеттің қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінуі тиіс.
Дәйексөз
«Мейірімділік пен махаббат жылуы жүректен жүрекке жетіп, әлемді махаббат пен қайырымдылық шуағына бөлесін».
— Сара Алпысқызы
Мәтінмен жұмыс
Сара Алпысқызының «Өмір әдебі» кітабынан алынған үзіндіні оқи отырып, оқушылар әр адамның өз өміріне өзі жауапты екеніне назар аударады.
«Мен бала күнімде шамадан тыс қарапайым, жасқаншақ болдым. Өзім білетін құрбыларымның барлығы да менен ақылдырақ, маңыздырақ сияқты көрінетін. Актриса болуды армандадым да, өзімнің балалық ойыммен: “Қайдағы, бұл таңдаулылардың ғана ісі ғой”, — деп пайымдадым.
Бақытыма қарай, жас келген сайын балақайдың арқасында бойымдағы бұйығылықтан біртіндеп арыла бастадым. Рас, актриса бола қойған жоқпын. Бірақ өмірді бұрмаламай көрсететін бір қарапайым ақиқатты түсіндім.
Нақтырақ айтсақ, адамдарды бір-бірінен ажыратуға болатын басты айырмашылық — жан дүниесі мен рухтың үйлесімі арқылы өмір сүру қабілетін айқындайтын сананың даму деңгейі».
Талқылау сұрағы
Өзіңе деген сенімділік пен өзіңді таба білу дегенді қалай түсінесің?
Қорытынды
Сабақ соңында Сара Алпысқызының жас ұрпаққа арналған ізгі тілегі оқылады:
«Қымбатты балалар, мен — анамын, әжемін, шөбере сүйдім. Еліміздегі барлық баланы өз баламдай жақсы көремін. Сендерді үлкендердің өнегесін ғасырларға жалғайды деп сенемін.
Ата-анаңа және айналаңдағы адамдарға мейірімді бол. Оларды сыйлай біл. Өтірік айтпа. Сонда бойыңда сенімділік, өмір сүруге деген құштарлық, жалын пайда болады.
Жүрегіңде өмірге, ата-анаңа, ең жақын адамдарыңа деген бауырмалдық пен сүйіспеншілік бүр жарып, махаббатқа, достыққа ұласады. Мен сендерге осындай ізгі тілек тілеймін».
Жүректен жүрекке
Оқушылар «Тілек ағашына» Сара апаларына арнап жүрекжарды ақ тілектерін жазады.
Ниет
Алғыс пен ізгі тілек білдіру
Құндылық
Мейірімділік, сыйластық, адалдық
Нәтиже
Жүректегі жылуды бөлісу мәдениеті