Ұқпасқа айтқан сөз жетім
Кіріспе
Атырау облысы, Исатай ауданы, Зинеден селосы, Ю. Гагарин атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақтаева Жанна Тұрланқызы.
Тақырыбы
Ана тілім – ажарым, асыл мұрам
Мақсаты
Қазақ тілінің өнерін, шешендік пен тапқырлықты тану; қазақ тарихындағы салт-дәстүрлердегі тіл шұрайын байқау және одан үлгі алу. Жалаң ұраннан гөрі халық мәдениетін тіл арқылы насихаттап, ана тілінің өміршеңдігін және адам тіршілігіндегі рөлін терең түсіндіру.
Көрнекілігі
- Тіл туралы ойлы сөздер мен нақылдар
- Домбыра
Негізгі ой
Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстан — көпұлтты мемлекет, ал көпұлтты қоғам үшін ортақ мемлекеттік тілдің орны бөлек.
Тіл — жеке адамның туындысы емес, қоғамның жемісі; адамдардың қарым-қатынасының құралы. Сондықтан тіл — қоғамдық қызметімен өмір сүретін қоғамдық құбылыс.
Президент Н. Ә. Назарбаев өз жолдауларында ұлттық тілдің ұлттың рухани-мәдени байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін қасиетті құрал екенін атап өткен.
«Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім…»
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Ана тілі әр адамға ананың ақ сүтімен, әлдиімен, бесік жырымен құлаққа сіңіп, атадан балаға жететін ұлы күш. Осы құндылықты дәріптеу мақсатымен «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам» атты ашық тәрбие сағаты ұсынылады.
1-бөлім. Ана тілім – ажарым, асыл мұрам
Сәлемдесу
С. Дана: Құрметті қонақтар!
Жантөре: Ұлағатты ұстаздар, білімді шәкірттер!
С. Дана: Салтанатты кешімізді бастайық!
Жантөре: Қош келдіңіздер!
Өлең өрімі
Келе жатқан мәңгілік дара салтым,
Мақтанышым, елдігім, парасатым.
Сенсіз, тілім, теңі жоқ тіршілігім,
Өміріме өң беріп жарасатын.Рысгүл
Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ,
Тірлігімнен тілімді үзбе, — деген.Айдана
Аман жетті көне күн алыстардан,
Баба санап сырласып, сүйем сені,
Бір өзіңмен мың жылдар табысты арман.Аманжан
Жаз бағындай жадырап шуағын төк,
Жарқын дәурен өмірлі көктемдерден.Құндыз
Ақындар жырлағандай, халқымыздың өшпес асылы, сөнбес шырағы, мол қазынасы — қасиетті тіл мен өнер. Бұл бөлімнің өзегі — тілді ұлттық белгі ғана емес, халықтың жаны ретінде сезіндіру.
Тіл туралы тұжырымдар
Гүлайна: Тіл — ұлттық белгі, халықтың мұрасы, дүниетаным құралы. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты.
Қалекесова Дана: Ана тілін құрметтеу — анаңа, ұлтыңа, Отаныңа деген құрмет.
Рысгүл: Жаһандану дәуірінде тіл тағдыры — ең өзекті мәселенің бірі. Көптеген тілдер ірі тілдерге жұтылып, қолданыстан шығып жатыр. Сондықтан өз тілімізді сақтауға әрқайсымыз жауаптымыз.
Көрініс: шешендік сөз
Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би сөз саптайды.
Төле би
Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшысы болмаса ел жетім.
Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
Қазыбек би
Бір дегеніміз — бірлігі кеткен ел жаман.
Екі — егісіп өткен ер жаман.
Үш — үш бұтаққа бөлінген ағайын жаман.
Төрт — төсектен безген жас жаман.
Бес — белсеніп шапқан жау жаман.
Алты — асқынып кеткен дерт жаман.
Жеті — жесір қалған жас жаман.
Сегіз — серпілмеген қайғы жаман.
Тоғыз — торқалы той, топырақты бас көрсетпесе, сол жаман.
Он — оңалмас кәрілікке дауа болмас.
Әйтеке би
Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.
Би
«Аққу» — қыздар тобының биі.
Жыр-дәстүр және тарихи рух
Халық ауыз әдебиетінің күрделі салаларының бірі — батырлар жыры. Бұл жырлар Отанды сүю, елді қорғау, ерлікке үндейтін идеялардан туған.
Үзінді
«Алпамыс батыр»
Орындайтын: Нұртілек Талғатұлы
Жыраулар мұрасы
Сөз өнерінің дамуына ХV–ХVІІІ ғасыр жыршы-жыраулары ерекше үлес қосты. Бұл кеште Ақтамберді жырау (Бекарыс) және Бұқар жырау (Жандарбек) толғауларынан үзінділер орындалады.
Ақындар айтысы: Біржан – Сара
Қазақ сөз өнерінің қызуы мен қызығы мол жанры — айтыс. Біржан мен Сара айтысынан шағын көрініс ұсынылады (Біржан — Мирас, Сара — Айбибі).
Махамбет рухы
Еркіндік пен бостандық үшін күрескен патриот ақын Махамбет өлеңдерінен терме тыңдалады. Сахнада — Махамбет ақын рөлінде Жантөре.
«Мен едім» (үзінді)
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім…
Ерегіскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім.
Ән
Хор: «Желсіз түнде жарық ай»
Қысқа сұхбат: тіл туралы не білеміз?
- Мөлдір: Егемен мемлекеттің басты белгілерінің бірі — тіл.
- Рима: Ата Заңның 7-бабында мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп көрсетілген.
- Жандарбек: Тәуелсіздіктен кейін, 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» заң қабылданды.
- Айбибі: Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын кезең-кезеңімен көшіру міндеттелді.
- Қадірбекова Дана: Ж. Аймауытов: ана тілін терең меңгермей тұрып, өзге пәндерді түсіну қиын. Ана тілі — халық жадын сақтайтын қазына.
Қорытынды ұран
Отан, Ана, Ана тілі — үш анық. Осыларсыз болашақта күнің жоқ.
2-бөлім. Ана тілі – білімнің кілті
Әр халықтың ана тілі — білімнің кілті. Жастардың ана тілін жетік біліп, білімді әрі мәдениетті болуы — болашаққа салынған ең берік негіз.
Сайыс форматы
Оқушылар екі топқа бөлініп, төмендегі кезеңдер бойынша сайысады:
- Бәйге
- Полиглот
- Мақал-мәтел
- Шығармашылығыңды шыңда
- Кім жүйрік?
Кезең 1: Бәйге (сұрақ-жауап)
I топ
- Өнер алды не? (қызыл тіл)
- «Ең бірінші бақытым…» (халқым)
- Үш биді ата. (Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би)
- Тілдің негізгі қызметі? (сөйлесу, қарым-қатынас жасау)
- «Қызыл» сөзі қай сөз табына жатады? (сын есім)
- Аққу дұшпан — … (ақыл дос)
- Үш бәйтерек кімдер? (Ілияс, Сәкен, Бейімбет)
- «Тіл туралы» заң қашан қабылданды? (1997 ж. 11 шілде)
- Қазақта топ аттылардың жарысы қалай аталады? (бәйге)
II топ
- Бал тамған тілден не тамар? (у)
- «Ал екінші бақытым…» (тілім менің)
- «Туған тілім» өлеңінің авторы кім? (Д. Әбілов)
- Екі адамның сөйлесуін не дейді? (диалог)
- «Құрғақ» сөзінің қарсы мағыналы сөзі? (ылғал)
- Сөз анасы — … (құлақ)
- Бес арысты ата. (Мыржақып, Шәкәрім, Жүсіпбек, Мағжан, Ахмет)
- Бір топ аттылар тартыспағы қалай аталады? (көкпар)
- Мемлекеттік тіл туралы Ата Заңның қай бабында айтылған? (7-бап)
Кезең 2: Полиглот (үш тілде жауап)
Сұрақ қойылады, жауап үш тілде беріледі. Әр жауап — 10 ұпай.
I топ
- «Тілі бар, үні жоқ, өзінде адам түсінген» — кітап (книга / book)
- «Көз қорқақ, … батыр» — қол (рука / hand)
II топ
- «Адамды адам еткен не?» — еңбек (труд / work)
- «Аяғы біреу, қолы жоқ… салған ізі сөйлейді» — қалам (ручка / pen)
Кезең 3: Мақал — сөздің мәйегі
Мақалдың жартысы айтылады, әрі қарай жалғастыру қажет.
I топ
- Жеті рет өлшеп, бір рет піш.
- Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
- Тіл — жұтамас байлық.
- Көп тыңда, аз сөйле.
II топ
- Өнер көзі — халықта.
- Ана тіліңді ұмытқаның — өз тіліңді құртқаның.
- Ақыл азбайды, білім тозбайды.
- Өнерлі — өрге жүзер.
Кезең 4: Шығармашылығыңды шыңда
Тіл туралы шағын өлең құрастыру тапсырмасы.
I топқа үлгі жолдар
____________ сүйемін,
____________ ән-жырым,
____________ өлеңім,
____________ сырым.
II топқа үлгі жолдар
____________ асыр сап,
____________ арналады,
____________ келемін,
____________ өнерім.
Кезең 5: Кім жүйрік?
«Тұлпар», «Қызғалдақ» сөздері беріледі. Осы сөздерден мүмкіндігінше көп сөз құрастыру. Бұл кезең оқушылардың сөздік қорын дамытуға бағытталған.
Сайыс қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар дипломмен марапатталады.
Қорытынды
Бүгінде ана тіліміз үлкен өріске бет алды. Дегенмен «Ана тілі — қазақ тілі» деген сөзді қағазға емес, көкірегімізге жазатын уақыт жетті.
Мақсатымыз — ана тілімізді қадірлеу, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру. Қымбатты шәкірттер! Өзінің байлығы, сұлулығы және икемділігі жағынан әлемнің озық тілдерімен теңдесе алатын ана тілің бар екенін ұмытпа.
Ана тіліңнің көсегесін көгерту, мәртебесін өсіру, баянды ету — ендігі жерде өздеріңе байланысты.
Оқу-білім мен еңбек жолында ана тіліңнің қамқоршысы бола біл!