Аққудай аспандағы әнді өрлетіп, Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып

Әнші - Ілияс Жансүгіров
Арғынмын, атым Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған?
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлмын, даусы көкте дамылдаған.
Көмекей көк қапысын әнмен ашса,
Төгіліп меруерт, маржан сауылдаған.
Тұлпармын, топтан озған, тосырқаман,
Шаршы топ, шаршы ерім жоқ шабылмаған.
Жорғамын, жұрттан озған, жортарманмын,
Майдамын, майда желіс мамырлаған.
Жұртымның аса топыр жиынында
Бүгінгі ән адыра қалсын салынбаған!..
Тауықпын, тары тердім Найман шалдан,
Найман ел - айы туған маңдайшадан.
Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп,
Көл елде, көп жұртымда қыдыр шалған.
Ертіс, Сыр, Есіл, Іле өзендерім,
Тау өтпес Тарбағатай, Тянь - шаньнан.
Ми дала, меңіреу шөл, күміс көлдер,
Мекенім, ертеде елім ірге жайған.
Құм - қыстау, өлке көктеу, өзен күзеу,
Жайлауым - жалпақ дала қарлы таудан.
Желғабыз, сол ортаның заржағымын,
Толқытып тоқсан бунақ әнге салған.
Асқақ ән аспанға өрлеп, асқар тербеп,
Күңіренткен cap даланы, күндер жалған!
Әнқұмар әлеуметім анталап тұр,
Сайра тіл, аңыра әнім, Інжу - маржан .
Ән салсаң өзімдей сал аңыратып,
Жайлантып, қоңырлатып, жамыратып.
Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,
Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып.
Боздатып саулы інгендей күңірентіп,
Нөсердей нөпір төккен жауындатып,
Қазандай қарсы соққан дауылдатып,
Қамыстай дауыл жыққан сауылдатып.
Соқтырып ай астынан алтын күрек,
Қақтырып, бұрқақтатып, қағылдатып;
Жүйткітіп, сонарлатып, саяттатып,
Қыранды қыр жонында шаңқылдатып;
Жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатып,
Аңқытып, аңқылдатып, ағындатып;
Қаусырып қағып, түйіп, төгіп әнді,
Қайырып, қалтылдатып, қалтыратып.
Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені дәсерлетіп.
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.
Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Орғытып, орағытып, баса өрлетіп.
Самғатып, саңқылдатып, cap желгізіп,
Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп.
Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап,
Қырық қырпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп.
Қарқынды үн - қан қайнатып, жүрек жұлып,
Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп.
Сүйе бер, сілекейін секерлетіп.
Сарайым - сабам құям пісіп - пісіп,
Қойдырман ән қымызын ой кернетіп.
Сөз жаңбыр, даусым дауыл, әнім ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп!



Ұқсас жұмыстар

Ілияс Жансүгіров — ақын ,қоғам қайраткері
Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897)
Біржан сал Қожағұлұлы
ХІХ ғасыр қазақтың аса көрнекті компазиторы Біржан сал Қожағұлұлы (1834 - 1897)
Біржан Қожағұлұлы (1834-1897)
Біржан сал және оның ақындық айналасы
Әсет өлеңдерінің өзіндік ерекшелігі
ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ (1894-1938)- әрі лирик, әрі эпик ақын
Біржанның өзіне дейінгі ақындардан өзгешелігі
Үкілі ыбырай
ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ АҒЫБАЙ жайлы жайлы жайлы жайлы
Спандияр Көпеев және балалар әдебиеті
ЖӘНДІКТЕР ЖОЛАМАЙТЫН КИЕЛІ САБАҚ
Қоңырбайұлы, Ағыбай жайлы жайлы жайлы
Байқоңыр айлағының экологиялық мәселелері
Қоңырбайұлы, Ағыбай жайлы жайлы
Ағыбай батыр Қоңырбайұлы
ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ АҒЫБАЙ жайлы
Спандиар Көбеев
Спандияр Көбеев