Бүгін көктемнің шуақты күндерінде біздің мектепте үлкен мереке
Сабақтың тақырыбы
«Мен қазақтың қыздарына қайран қалам…» — «Әпке, сіңлі» сайысы.
Сабақтың мақсаты
Қыз балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу; халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін қадірлеуге, ұлтжандылық пен отансүйгіштік сезімдерге баулу.
Көрнекілігі
- Плакаттар
- Ұлағатты сөздер
Барысы
Жүргізушінің құттықтауы
Нәзік жандар қашанда ел еркесі,
Отбасының — Отанның берекесі.
О, хош келдің жарқырап ортамызға,
Жұпар кезең — адамның мерекесі!
Қай шетінде жүрмейін даналардың,
Осы күні мен саған ораламын.
Қуанышың бүгінгі құтты болсын,
Алып жүрек аяулы аналарым!
Кіріспе сөз
Армысыздар, аяулы ұстаздар мен қадірлі көрермендер! Көктемнің шуақты күндерінде мектебімізде үлкен мереке өтпек. Көктемгі жауқазындай құлпырған, әсем де сұлу қыздарымыз сіздердің алдарыңызда өз бақтарын сынауға келіп тұр. Тотыдай таранған, алтындай ардақты, жібектей нәзік, мақпалдай жұмсақ, раушан гүлдей хош иісті, айнадай таза, сәуледей жарқыраған сымбатты арулар — көктем мерекелеріңіз құтты болсын!
Бүгін сіздер мектебімізде өтетін «Әпке, сіңлі» сайысына куә боласыздар.
Қатысушыларды қарсы алу
Мың бұралған арулар жайлап басып,
Келеді ортамызға жайнап-тасып.
Қыз баласын сыйлаған халқым менің,
Қошеметпен қол соғайық қарсы алып!
Жұптар
- Фарида — Нұрай
- Зарина — Фариза
- Сымбат — Ақбота
- Ақмарал — Құралай
- Ақселеу — Еркеназ
Әділқазылар алқасы
- Айнұр апай
- Жанар апай
- Анар апай
Әр кезеңнің соңында әділқазылар бағаларын жариялап отырады.
Ән үзілісі
«Құрдастар» әні — орындаушы: Тұңғышбай Базарбай.
Жеребе тарту
Әпкелер мен сіңлілер өз кезектерін анықтау үшін жеребе таңдайды. Қатысушыларға өз нөмірлерін алып, орындарына жайғасуға болады.
Сайыс кезеңдері
1-кезең: Таныстыру
Әр жұп ретімен өздерін таныстырады.
Таныс болдық әр жұптың тегіменен,
Туып-өскен мекені, еліменен.
Ағып тұр — бәрі ақын секілді,
Таныстырып кетті ғой төгіп өлең.
2-кезең: Өнер көрсету
Ән, би, сахналық көрініс — қатысушылар өз өнерлерін ортаға салады.
Өнер көрсету реті
- Ақмарал — Құралай
- Еркеназ — Ақселеу
- Сымбат — Ақбота
- Фарида — Нұрай
- Зарина — Фариза
3-кезең: Үй тапсырмасы (мерекелік тарту)
Арулар аналарына арнап әзірлеген мерекелік тартуларын айтып, таныстырып өтеді.
4-кезең: Сұрақ-жауап
Әр жұп әділқазылар алдынан барып сұрақ таңдайды. Екі сұрақ беріледі. Ойлануға — 3 минут.
Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыса төгілген қос бұрымымен.
Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы —
Қыз сұлу көрінеді білімімен.
5-кезең: Шаш сәндеу
Әпкелер сіңлілерінің шаш үлгісін сәндеп, ұқыптылық пен талғамды көрсетеді.
Ән үзілісі
«Туған жер» әні — орындаушы: Әли Нұрғиса.
6-кезең: Ас мәзірі (салат әзірлеу)
Әпке мен сіңлі аналарына дастархан мәзірін дайындауда қалай қолғабыс беретінін көрсетеді. Қатысушылар салат әзірлейді.
Ән үзілісі
«Ұстазым» әні — орындаушы: Тұңғышбай Базарбай.
Көрсетті өнер әр салада сайысып,
Қимылдары жүргендей бір жай ұшып.
Мерекелік ас мәзірін жасапты,
Қыздарымыз дем арасында майысып.
Қорытынды
Міне, сайысымыз да мәресіне жетті. Бүгін сіздер әпкелер мен сіңлілердің өнері мен шеберлігіне куә болдыңыздар. Бір-біріне демеу болған аруларымыз әр кезеңде бар ынтасымен өнер көрсетті.
Енді сөз кезегі — әділқазылар алқасында.
Қоштасу сөзі
Қыздар — қызыл киігі жанұяның,
Қайығысы махаббат дарияның.
Ескектерін ерліктің жоғалтпаған,
Сіңлілері — Мәншүк пен Әлияның.
Қыздар, қыздар — көңілдің көк гүлдері,
Көк гүлдердің көзге ыстық кептерлері.
Азаймаңдар, арулар — жауқазындар,
Азаймасын өмірдің көктемдері.
«Мен қазақтың қыздарына қайран қалам…» атты «Әпке, сіңлі» сайысының көрермендері, сау-саламат болыңыздар! Көріп, тамашалағандарыңызға көп рақмет!