Шығармалар мұрасы

Сабақтың идеясы

Бұл сабақта оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен ағартушылық қызметі туралы мағлұмат алып, И. А. Крыловтан аударған «Аққу, Шортан һәм Шаян» мысалы арқылы бірлік, ынтымақ және ортақ мақсатқа жұмылу ұғымдарын терең түсінеді.

Сабақты бастауға арналған ой:
«Білген сайын келеді біле бергім… Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе, қызыққаннан келмей ме, жүре бергің. Сондықтан да келеді біле бергім».

Мақсаттар

1) Білімдік

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы мәлімет беру; «Аққу, Шортан һәм Шаян» мысалының мазмұнын меңгертіп, негізгі ойды ұғындыру.

2) Дамытушылық

Оқушылардың танымдық қабілетін дамыту; өз ойы мен пікірін еркін айтуға, көзқарасын дәлелдеуге дағдыландыру.

3) Тәрбиелік

Балаларды ынтымаққа, бірлікке, бірлесіп әрекет етуге тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар мен әдіс-тәсілдер

Көрнекілік

  • А. Байтұрсынұлының портреті
  • Аққу, Шортан және Шаян бейнеленген сурет
  • Интерактивті тақта

Әдіс-тәсіл

  • Дамыта оқыту технологиясы
  • Сын тұрғысынан ойлау стратегиялары

Пәнаралық байланыс

Ана тілі, дүниетану, ән.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Бүгінгі күн — жұма. Жұма — қасиетті де қадірлі күн. Оқушылардың назарын сабаққа аударып, жағымды көңіл-күй қалыптастыру.

2) Қайталау: «Қайталау — білім анасы»

Халық ауыз әдебиеті дегеніміз не?

Халық арасында ауызша шығарылып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен шығармалар халық ауыз әдебиеті деп аталады.

Халық ауыз әдебиетіне қандай шығармалар жатады?

  • Ертегі
  • Жұмбақ
  • Аңыз
  • Айтыс
  • Батырлар жыры
  • Жаңылтпаш
  • Мақал-мәтел

Ертегі дегеніміз не?

Ертегі — халық ауыз әдебиетінің бір түрі. «Ертегі» сөзі «ертеде», «ерте кезде» деген ұғымдардан шыққан.

Ертегінің түрлері

Шыншыл ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, жан-жануарлар туралы ертегілер.

Аңыз дегеніміз не?

Аңыз — көбіне тарихта болған адамның өміріне қатысты құрастырылатын шығарма.

Батырлар жыры дегеніміз не?

Батырлар жыры — елін, жерін сыртқы жаудан қорғаған ержүрек батырлар туралы ауызша шығарылған жыр үлгісі.

Мақал-мәтел деген не?

Мақалда қорытынды, тұжырымды түйін болады. Мәтелде ой тікелей айтылмай, тұспалдап беріледі.

Жаңылтпаш деген не?

Жаңылтпаш — сөзбен жаңылтуға құрылған, ел ішінде ертеден сақталған халық шығармасы.

Айтыс дегеніміз не?

Айтыс — екі ақынның арасындағы сөз сайысы, халық ауыз әдебиетінің бір түрі.

Жұмбақ деген не?

Жұмбақ — бір нәрсенің белгілерін екіншісінің белгілері арқылы тұспалдап айтуға негізделген көне жанр.

3) Қызығушылықты ояту: жұмбақ шешу

Жұмбақ 1

Қол бетінде қалқиды, мақта сынды үйілген. Үні әсем сан қилы. Мойны да әсем иілген, мамығын ол тарайды, маңғаздана қарайды.

Жауабы: Аққу

Жұмбақ 2

Қомағайлық жасайды, шабақтарды асады.

Жауабы: Шортан

Жұмбақ 3

Мойны ұзын, жұқалтаң қабақты. Тірсегі ұзын, қоян тобықты. Іс тікпейді, бірақ тастамайды бізін — білесің бе мақұлықты?

Жауабы: Шаян

Топтастыру тапсырмасы: Оқушылар үш топқа бөлініп, «Аққу», «Шортан», «Шаян» туралы білетіндерін постерге түсіреді.

4) Мағынаны тану: жаңа сабақ

Тақырып хабарланады: «Аққу, Шортан һәм Шаян» (И. А. Крыловтан) — Ахмет Байтұрсынұлы. Оқушылар дәптерлеріне күннің жадын және тақырыпты жазады.

1-топ

Ахмет Байтұрсынұлы туралы не білесің?

2-топ

Шығармашылық мұрасы туралы дерек жинақта.

3-топ

Өлеңдерінен үзінді жатқа айт.

5) Теориялық түсінік: мысал жанры

Мысал — адам бойындағы кемшіліктерді сынап, адалдық, әділдік, қайырымдылық сияқты жақсы қасиеттерді дәріптейтін шығарма.

Орыс ақыны И. А. Крыловтың мысалдарын Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» атты кітап етіп шығарған (1909 жыл, Петербург).

6) Мәнерлеп оқу және сөздік жұмысы

«Һәм»

«және» деген мағына береді.

«Ғибрат»

үлгі, өнеге.

Талдау — табыс кілті

Талдау сұрақтары

  1. 1 Бұл мысалда кейіпкерлер не істемекші болды?
  2. 2 Олар жүкті неге орнынан қозғалта алмады?
  3. 3 Мысалда адамдардың қандай әрекеті сыналады?
  4. 4 Мысалдағы негізгі ой қандай?

Дәптермен жұмыс

Мысалдағы негізгі ойды ашатын жолдарды тауып, дәптерге көшіріп жаз.

Ой толғаныс және қорытынды

Екі түрлі түсініктеме күнделігі

  • 1-бөлік: Мәтіндегі ерекше әсер еткен тұстарды, үзінділерді жаз.
  • 2-бөлік: Сол үзінділер бойынша өз пікіріңді білдір.

Оқушы пікірі (үлгі)

Бұл үшеуінің — аққу, шортан, шаянның — бірліксіз әрекет еткені ұнамады. Олар бәрі бірігіп, бір бағытта күш жұмсауы керек еді. Бірлік түбі — береке.

Қорытынды тапсырма

Өтілген мысалдың мазмұнына сәйкес келетін мақал-мәтелдерді таңда және дәлелде.

Үй тапсырмасы

«Аққу, Шортан һәм Шаян» мысалын оқу.

Бағалау

Топтық және жеке бағалау жүргізіледі.

Қорытынды ән

«Дос болайық бәріміз!»