Өзін өзі тану
Өзін-өзі тану • 5-сынып
Адам еңбекпен шыңдалады
Мақсаты
Оқушыларға еңбектің қажеттілігі туралы түсінік беру, адамның өмірі өз қолында екенін ұғындыру.
Міндеттері
- Еңбектің маңызын түсіндіру.
- Адамгершілік қасиеттерін дамытуға ықпал ету.
- Еліне, халқына абыройлы қызмет етуге тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Балалар, бүгінгі сабақта кездескенімізге қуаныштымын. Өзін-өзі тану пәніне асыға келгендеріңе ризамын. Бүгін біз еңбек пен еңбексүйгіштік туралы көбірек білеміз.
Бір-бірімізге күлімсіреп, алақанымыздың жылуын сезіне отырып амандасайық. Бүгінгі күніміз сәтті де жарқын аяқталуы үшін өзімізге және қонақтарға жақсы көңіл-күй тілейік.
Амандасу өлеңі
Біз тағы да біргеміз,
Сөгілмейді іргеміз.
Ұшып күннің шуағын,
Көрісеміз қуанып.
Амансың ба, Алтын күн!
Амансың ба, Көк аспан!
Амансың ба, ағайын,
Сіздерді көріп қуандық.
Көңіл күйді көтеру
Жарқырап күнде ашылды,
Айналаға гүл шашылды.
Қайырлы күн! Біз нәзік қыздармыз!
Қайырлы күн! Біз ержүрек ұлдармыз!
Ойланайық, пікірлесейік
-
1) «Еңбек», «еңбексүйгіштік» ұғымдарын қалай түсінесіңдер?
Өз ойларыңды мысалмен дәлелдеңдер.
-
2) Қандай адамды еңбекқор дейміз?
Еңбекқор адамның мінезі мен іс-әрекетін сипаттаңдар.
-
3) Қандай қасиеттер жетістікке жеткізеді?
Табандылық, жауапкершілік, ұқыптылық сияқты қасиеттерді талқылаңдар.
-
4) «Еңбекпен адам шыңдалады» дегенді қалай түсінесіңдер?
Бұл ойды өмірден алынған жағдайлармен байланыстырыңдар.
Мәтін: «Еңбек жемісі» (Б. Әділ)
Әкесі алты гектар егістік жер алды. Сол-ақ екен, қауырт жұмыс басталып кетті.
— Тұр, балам, — дейді әкесі. — Көктемнің әрбір күні — жылға азық.
Содан үй іші болып жердің басына келеді: әкесі, шешесі, өзі, екі інісі. Жұмыс қызу басталады. Екпегендері жоқ: сәбіз, картоп, пияз, жүгері, капуста, қауын, қарбыз.
Асан жазғы каникулын атыз басында өткізді. Екі інісімен сонда қонады. Әкесі шағын күрке жасап берген. Екінші сыныпта оқитын Досан шай дайындауға шебер.
Әкесі жайқалған көкөністерге көз салып: — Биыл өнім жаман болмас. Еңбек етсең, Жер-ана да иіс сала береді, — дейді.
Әкесінің айтқаны келді: егін мол өнім берді. Әсіресе қауын-қарбыздар теңкиіп, көздің жауын алады. Сауда бақшаның өзінде-ақ қызды. Бейтаныс ағалар көлікпен келіп, өздері тиеп әкетіп жатты. Әкесі мәз, мұртынан күледі.
Оқудан келісімен Асан атызға асығады: әке-шешесіне көмектесуі керек. Әлі де жиналмаған өнім көп. Қызанақтар кей жерде пісіп, жерге түсіп кетіпті.
Бір күні ауыл балалары масақ теруге келді. Олардың ішінде Асанмен төртінші сыныпта бірге оқитын Айкүміс те бар. Екеуі бірге отырып қауын жеді.
— Қауының қандай тәтті! — деді Айкүміс. Асан бірден марқайып қалды.
— Тойып жеп ал. Кешке бес-алты қауын ала кет. Әйтпесе үйіңе өзім апарып тастайын, — деді ол.
Айкүміс үндемеді, тек әдемі жымиып қойды. Бұл Асанға өте жағымды әсер етті.
Әкесі сол күні ерекше көңілді еді: — Ертең менімен бірге жүріңдер. Базарға апарып, керектеріңді алып берем, — деді үш ұлына.
Сол күні үй іші жаңа бешпент пен шалбарды қайта-қайта киіп көріп әлек болды. Ал ең кішкентай Досан болса, жаңа велосипедтің дөңгелегіне жел беріп әлек. Насоспен қоса мұрны да пыс-пыс етеді.
Әкесі әдетінше мұртынан күліп: — Жаз бойғы еңбектеріңнің өтеуі ғой, — деді.
Талқылау сұрақтары
- Балалардың қандай қасиеттері байқалды?
- Еңбек нәтижесін олар қалай көрді?
- Еңбектің жемісін көргенде өздерің қандай сезімде боласыңдар?
Негізгі ой
Еңбек адамның бойындағы табандылықты, жауапкершілікті және ұйымшылдықты нығайтады. Ал еңбек нәтижесі — тек материалдық өнім емес, адамның өз-өзіне деген сенімі мен қуанышы.
Сергіту сәті
Қимыл-қозғалыс
Аққу болып ұшамыз,
Көлге келіп қонамыз.
Көлдің бетін құшамыз,
Қайта самғап ұшамыз.
Дене жаттығулары
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай бөбектер
Үлкен болып өседі.
Иіліп оңға — бір,
Иіліп солға — бір.
Денемізді дұрыстап,
Тұрамыз тік ұстап.
Дәйексөз
Еңбек атаулының бәрі де бағалы, өйткені ол адамды ізгілендіреді.
Л. Н. Толстой
Ойталқы
Нақыл сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер? Еңбек адамның мінезін, ниетін, қарым-қатынасын қалай өзгертеді?
Сахналау: «Ата ақылы»
Немересі:
Ата, өмір бойы не үшін оқи бересіз?
Атасы:
Менің де өмірде білмейтінім көп. Сондықтан үнемі оқи беремін.
Немересі:
Жалықпайсыз ба?
Атасы:
Оқи берсең — көзің ашылады, отыра берсең — жалқаулық басынады, балам. Адам оқыған сайын жаңа нәрсе үйренеді, өмірдегі қызықты да таниды.
Немересі:
Ата, тек өзіңе ұнағанды оқысаң қызық емес пе? Ал мені кейбір пәндер қызықтырмайды.
Атасы:
«Білім — таусылмас қазына» деген. Білім — адамға өмір бойы азық болатын қазына. Оны түсіну үшін көбірек оқуың керек.
Жаңа ақпарат
Еңбек және мақсат
Ерінбей еңбек ету адамның мақсатына жетуіне көмектеседі.
Табандылықтың әсері
Табандылықпен еңбек ету өмірді көркейтеді, адамға да, айналасына да қуаныш пен бақыт әкеледі.
Дәптермен жұмыс
№1 тапсырма
Нақыл сөзді оқып, төмендегі сұрақтарға жауап беріңдер:
- Нақыл сөздегі негізгі ойға қалай қарайсың?
- Айтылған ойлардың қайсысымен келісесің? (Әңгімелеп бер.)
№2 тапсырма (криптограмма)
Криптограмманы дұрыс шешсең, еңбекке байланысты мақал шығады.
I. Отанға, қоғамға көрсеткен қызмет, жақсылық — 1, 2, 3, 4, 5.
II. Барлығы, баршасы, тегіс — 6, 7, 8, 9.
III. Дауыссыз дыбыс — 10.
IV. Киімнің бір бөлігі — 11, 12, 13.
V. Бекем, мықты, берік — 14, 15, 16.
Үлгі жолы
1 2 3 4 5 — 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Е ң б е к — б ә р і н ? ? ? ? ? ? ?
№3 тапсырма (жаттығу)
Аяқталмаған сөйлемдерді өз ойларыңмен толықтырыңдар:
- Еңбек дегеніміз — ...
- Еңбексүйгіштік дегеніміз — ...
- Еңбек маған — ...
Тыныштық сәті: «Алматыға саяхат»
Жолға шықтық. Алдымыздан галош кездесті. Галошты алғысы келген адам алсын, алғысы келмеген адам алмасын.
Әрі қарай жүрдік. Алдымыздан түйе кездесті. Түйеге мінгісі келген адам мінсін, мінгісі келмеген адам мінбесін.
Әрі қарай жүрдік. Алдымыздан зәулім сарай кездесті. Сарайға кіргісі келген адам кірсін, кіргісі келмеген адам кірмесін.
Алматыға да келдік. Ең әсем жер — Көктөбеге жеттік.
Даналық сөздер: ой түйін
Еңбек — қуаныш, жалқаулық — айырылмас азап.
А. Құнанбаев
Еңбегі жоққа — бақыт жоқ.
А. П. Чехов
Жаның жай тапсын десең — еңбектен.
Ж. Ж. Руссо
Тапсырма
Даналық сөздерді оқып, еңбектің маңыздылығы туралы қорытынды жасаңдар. Еңбек адамға қандай қуат береді? Жалқаулық қандай салдарға әкеледі?
Жүректен — жүрекке
Білім терең теңіз бе,
Білім, еңбек — егіз бе?
Осы екеуі деңіз де,
Рухани азығым —
Дейді атам: білімді
Еңбекпенен сен ізде!
Е. Шайхыұлы