Өзіңнің ешкімге керек болмауыңнан асқан қорлық жоқ шығар, сірә
Жүрекке жол іздесең
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.»
«Көзге көрінбейтін мөлдір дүниеде махаббатқа толы жүрек қана сіздің жолыңызға жарық түсіреді.»
Адам болып дүниеге келген соң, әркім өз ойымен, арманымен өмір сүреді. Ер жеткенде әділ бағасын алғысы келеді. Бірақ өмірде әділ баға әрдайым беріле бермейді: сыйлас адамдар асыра мақтайды, көре алмайтындар даттап, таптап өтеді. Шын мәнінде, бізге керегі — жай ғана адам ретінде өз орнымызды, ортадағы қадір-қасиетімізді түсіну.
Өзіңді танудың бір жолы
«Мұны білу үшін не істеу керек?» деген сұрақ туғанда, ойға бір тәжірибе оралады.
Сыныптағы социограмма: үнсіз шындық
Мектепте ұстаз болып жүргенімде, оқушыларымды арнайы қалып, психологиялық социограмма жасап көргенім бар. Әдетте 4–5 сұрақ қойылады. Мысалы:
- «Сыныпта кіммен бірге серуенге шыққың келеді?»
- «Қиын кезеңде кімге бірінші қолұшыңды бергің келеді?»
- «Бос уақытыңды кіммен бірге өткізгің келеді?»
Әр оқушы қалаған сыныптасының аты-жөні тұсына «+» белгісін қояды. Нәтижесінде кімнің кіммен дос екені, сыныптағы беделдің қалай қалыптасқаны айқын көрінеді.
Күтпеген нәтиже
Белсенді, сабағы жақсы төрт оқушы ең жоғары ұпай алды. Кейбір жауаптар бір-біріне кереғар шықты — бұл да табиғи.
Ешкім таңдамай қалған оқушы
Ал жеке-дара жүретін, дөңмінез Қ. Е. есімді оқушыға ешкім «+» қоймады. Шынымды айтсам, бұл мен үшін де тосын жағдай болды: Қ. Е.-нің сабағы өте жақсы еді.
Өзіңнің ешкімге керек болмауыңнан асқан қорлық бар ма? Мұны сезіп, көз жасына ерік берген оқушының халі жанымды ауыртты.
Неге бұлай болғанын сұрадым. Тәрбие сағаты ашық әңгімеге ұласты. Құрбылары оның ортаға қосылмайтынын, ешкіммен араласпайтынын, ешкімге көмектеспейтінін, кейде қойылған сұраққа да жауап бермейтінін, мінезі ауыр екенін айтты.
Бұл пікірлесу оқушылар үшін де, әсіресе Е. үшін де — шын мәніндегі өмір сабағы болды. Көз алдымнан ұзақ уақыт оның шарасыз қалпы, жасқа толған жанары кетпей қойды.
Өзгеріс басталған сәт
Сол күннен кейін ол құрбыларымен араласа бастады. Жолдастарымен санасып, оларды құрметтеу керегін ұғынды. Кейін ашық-жарқын, жақсы азамат болып өсті. Тіпті бойындағы бірнеше қыры ашылып, өнерге қабілеті барын да аңғардық.
Адамдар жүрегіне жол табу
Адамдар жүрегіне жол табу, дос болу — оңай емес. Кім араласқысы келмейді дейсіз? Бірақ соған қолы жете ме? Білетінім: жақсы жанға жұрттың бәрі құмар, ал жаманға жоламайды. Өзгені құрметтемейтіннен, шағым айта беретіннен, өзімшілден адамдар алыстайды.
Халық айтқан өлшем
Ауылдағы қариялар: «Өзіңді өзің көргің келсе — қасыңдағының көзімен қара. Көршілерің сені жақсы адам десе — жақсысың, жаман десе — жамансың», — деп жиі айтатын. Бұл сөздің астарында өзгеге ізгі көңіл танытуға шақырған үлкен мән бар.
Жұмсақ мәміле — үлкен күш
Ертеде Ескендір Зұлқарнайыннан: «Арзымайтын дүниемен бұл сипатты үлкен мемлекетті қалай қол астыңа бағындырдың?» — деп сұрағанда, ол: «Жұмсақ мәміле, жылы сөз, ілтипатпен дұшпандарды бағындырдым; өзара келісумен достарымды жолға салдым», — деп жауап берген екен.
Ескерту
Қай уақытта болсын, жылылықтың, жақсы сөздің орны бөлек. Томаға-тұйықтық емес, жайдарылық пен шынайылық адам жанын жадыратады.
Бауыржан Момышұлы айтқан сабақ
Бауыржан батырдың мына өсиеті көп нәрсені аңғартады:
«Су сұйық болғанмен тас жарады, жел құз-жартасты құмға айналдырады. От жұмсақ болғанмен, қатты ағашты күл етеді. Байқап отырсақ, жұмсақ нәрсенің бәрі ең соңында келіп қаттыдан әлдеқайда құдіретті, әрі күшті болып шығады».
Осыны айтып, ойланып қалған ұлына ол аяқ астынан қатқыл сөйлейді:
«Сен немене, ұйықтауға келіп пе ең? Кет, жоғал тезірек!»
«Жылдам! Сіріңке әкеп бер. Сосын қайтадан көзіме көрінбе!»
Ұлы жаны ауырып, қинала айтқанын орындайды да, көзі жасаурап, өз бөлмесіне бұрылып кетеді.
Кейін Баукең: «Қатаң талап еттім — орындадың, бірақ өкпелей жүріп орындадың. Егер жұмсақ өтінсем, қуана-қуана, ықыласпен атқарар едің. Ендеше, адамдар арасындағы қатынаста жұмсақтық пен жылылық қаттылықтан күшті екенін түсіндің», — деп түйіндейді.
Тура қарау, турашыл болу
Осы сөздерден кейін мен ардақты Сұлтан атамды еске алдым. Екеуінің бойынан бір ұқсастық іздейтінмін.
Атаның бір ауыз өсиеті
Бірде бар өмірін бала тәрбиесіне бағыштаған атам атымды атап шақырды. Алаңсыз жүрген бала емеспін бе — жүгіріп келіп, тапсырма күткендей үнсіз тұрдым. Атамның отты жанарына тіке қарау мүмкін емес еді, еріксіз басымды төмен түсірдім.
Сонда ол: «Басыңды төмен қаратпа! Күнәсі бар жан ғана солай етеді. Адамдарға тура қара, турашыл бол! Ешқашан жақсылық істеуден ұялма. Жаман ісің үшін ұял», — деді.
Осы сөздің ар жағынан атаның мейірімді жүзі, кіршіксіз көңілі көрініп тұрғандай еді.
Қорытынды ой
Адамдарға деген ізгілік, кішіпейілділік, досқа құрмет, адалдық — беделді арттыратын қасиеттер. Қарапайым, жеткен табысына кеуде қақпайтын, жіберген қатесіне бола өзін жеп қоймайтын жан — өз бағасын білетін адам.
Дереккөз:
Әкім Ысқақ, «Жүректегі жазулар» (күнделік-эссе)
Толық нұсқасын қарау