Сабақтың құндылығы

Астана қаласы, №68 орта мектептің «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері — Есенбаева Роза Түзелбайқызы.

«Өзін-өзі тану» пәні бойынша 8-сыныпқа арналған сабақ жоспары.

Сабақтың тақырыбы

Табиғат — тал бесігің, аялай біл!

Құндылық

Дұрыс әрекет

Қасиеттер

  • Ұқыптылық
  • Мейірімділік
  • Жауапкершілік

Сабақтың мақсаты

  1. Оқушылардың табиғат — тіршілік бастауы, адам табиғаттың бір бөлшегі екендігі және табиғат заңдылықтарын сақтау туралы түсініктерін кеңейту.
  2. Табиғат тазалығын сақтауға, табиғатпен үндестік таба білуге үйрету, бағыт беру, ойлау қабілетін дамыту.
  3. Ізгілікті, жауапкершілікті, ұқыпты болуға тәрбиелеу.

Сабақтың міндеті

Оқушылардың табиғатпен үйлесімділік, табиғатты аялау туралы түсініктерін тереңдету.

Ресурстар

  • Қосымша әдебиеттер мен мәтіндер
  • Бейнефильмдер
  • Қазақстанның физикалық картасы
  • Түрлі-түсті қаламдар, ақ қағаз
  • Музыкалық сүйемелдеу (баяу әуен)

Сабақтың барысы

Бұл сабақ табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Оқушы табиғаттың тазалығын сақтау — өз болашағын сақтау екенін жүрекпен сезінуі тиіс.

1) Оңтайлы күйге келу кезеңі

«Тыныштық сәті»: «Тыныштық — менің ойымда, сезімдерімде, жан дүниемде... тыныштық — бүкіл әлемде».

Жаттығу

«Күнге ұқсау»

Қане, бәріміз бізге нұрын шашып тұрған Күнге ұқсайық! (Баяу әуен қосылады.)

Мұғалімнің бағыттаушы сөзі

Біз барша тіршілікке жылу мен жарық сыйлайтын Күннің көзіне айналдық.

  • Жарқыраған басымыз тек жақсылық ойлайды.
  • Күннің жылуымен қуаттанған қолдарымыз тек жақсы іс жасайды.
  • Жарық сәуле шашқан аяқтарымыз тек дұрыс жолмен жүреді.
  • Жарыққа толған аузымыз тек шындықты айтады.
  • Құлағымыз тек жақсы сөздерді естиді.

Енді маңдайымызға жеткен сәулемен бірге ең сүйікті адамдарымызға, отбасымызға, әлемге, жануарларға, табиғатқа жылы тілегімізді арнайық. Қандай тілектер тілейміз? (Ойланамыз.)

Осы тыныштықта аз ғана уақыт отырайық. Қандай керемет жан тыныштығы! Енді жайлап көздеріңізді ашуға болады.

2) Үй жұмысын тексеру

Талқылауға арналған сұрақтар:

  • Адамдар табиғатқа неліктен залал келтіреді?
  • Табиғат та «жылай» ма? Бұл ойды қалай түсінеміз?
  • Табиғат заңдылықтарын бұзу қандай жағдайға әкелуі мүмкін?

Көрнекілік

Бейнефильм: «Табиғатты қорғайық, аялайық!»

3) Әңгімелеу (сұхбат)

Назар аудару

«Барша байлықтың анасы — Жер» (Ы. Жақаев). Нақыл сөздің мағынасын ашу, түсіну, талқылау.

Мәтінмен жұмыс

Қ. Толыбаев — «Қайыңның қасіреті».

Өлеңмен жұмыс

К. Салықов — «Арал кеуіп кетпесін!» (мәнерлеп оқу, түсініп талдау).

Көрнекілік

  • Бейнефильм: «Арал: кеше. Бүгін. Ертең»
  • Қазақстанның физикалық картасы

4) Дәйексөз

А. Франс

Адам табиғатқа тәуелді болса, табиғат та оған тәуелді.

Талқылау сұрақтары:

  • «Табиғат тазалығы — адамзат амандығы» деген қанатты сөздің мағынасын қалай түсінеміз?
  • Табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуы қандай салдарға әкелуі мүмкін?

5) Шығармашылық жұмыс және топтық жұмыс

Тақырып: «Адам — табиғаттың ең сенімді серігі, айнымас досы, қамқоршысы».

Оқушылардың ой-пікірі, көзқарасы, пайымдауларын тыңдау.

Оқушы пікірі

Табиғат — мен үшін қуаныш. Себебі табиғаттың сұлулығын көріп қуанамын, шаттанамын, сүйсінемін.

Оқушы пікірі

Табиғат — мен үшін денсаулық ордасы. Себебі таза ауамен тыныстап, көлеңкесінде ойнасақ, денсаулығымыз нығаяды деп ойлаймын.

Оқушы пікірі

Табиғат — мен үшін мәдениет ордасы. Себебі серуен кезінде табиғаттың тұтастығын бұзбай, әдемілігін қадірлеу арқылы мәдениетті болуға тырысамын.

Оқушы пікірі

Табиғат — мен үшін шығармашылыққа жетелейтін тылсым күш. Себебі сұлулыққа жаны құмар адам ән айтады, күй тартады, өлең жазады, сурет салады.

Ойтолғау

Тақырып: «Табиғатты қорғау — өзіңді қорғау».

Тілектер шеңбері

«Табиғатқа менің айтар тілегім…» (оқушылардың тілектерін тыңдау).

Дәптермен жұмыс

Түрлі-түсті қаламдар мен ақ қағаз арқылы шығармашылық тапсырмаларды орындау.

Тілдік қорды байыту

Табиғатты қорғау туралы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді жатқа айту, мағынасын ашып түсіндіру.

6) Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы мұғалімнің оқу мақсатына сәйкес нақтылауына беріледі (тақырып бойынша ойтолғауды аяқтау, табиғатты қорғау бойынша жеке жоспар құрастыру, қосымша мәтін оқу).

7) Топпен ән айту

Ән

Е. Хасанғалиев — «Бозторғайым»

Негізгі ой

Табиғатты аялау — тек тәрбие сағатының тақырыбы емес, күнделікті өмірдің таңдауы. Табиғаттың заңдылығын сыйлау, тазалықты сақтау, жанашырлық пен жауапкершілікті әрекетке айналдыру — дұрыс әрекеттің нақты көрінісі.