Мұқағали Мақатаевтың Фантазия өлеңі
Сабақ тақырыбы
Мұқағали Мақатаевтың «Фантазия» өлеңі.
Мақсаты (білімділік)
Оқушыларды сезіммен өлең өрген жыр пырағы Мұқағали Мақатаевтың бай шығармашылық әлемімен таныстыру, жас ұрпақты поэзия нәрімен сусындату. Ақын өлеңі арқылы қазақ ауыз әдебиетіндегі қиял-ғажайып ертегілердің бүгінгі шындықпен сабақтастығын көрсету.
Мақсаты (тәрбиелік)
Поэзияны сүйе отырып, халқымыздың әдеби мұрасын құрметтеуге, қасиетті құндылықтарды қадір тұтуға тәрбиелеу. Ақынның қиялын тану арқылы талғамды шыңдап, өмірге құштарлықты ояту.
Мақсаты (дамытушылық)
Оқушының сөйлеу мәдениетін дамыту, ойын еркін әрі жатық жеткізуге дағдыландыру, ізденімпаздық қабілетін арттыру.
Сабақ сипаты
- Типі:
- Жаңа білімді меңгерту сабағы.
- Түрі:
- Іздендіру сабағы.
- Әдісі:
- Сұрақ-жауап, түсіндіру, іздендіру.
Көрнекіліктер
- Кітап көрмесі
- Интербелсенді тақта
- Ақынның өмір жолын танытатын слайдтар
- Флипчарт
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың қатысуын анықтау, кезекшімен жұмыс. Тақтадағы слайдтар арқылы тренинг өткізу.
Жарқырап күн де ашылды,
Айналаға нұр шашылды.
Қайырлы күн! Біз көңілді баламыз,
Қайырлы күн! Сәлемдесіп аламыз.
Мақсатымыз — білім алу,
Міндетіміз — еңбектену.
Еңбектену арқылы «5»-ке қол жеткізу!
Сабақта ел болашағы білімді ұрпақтың қолында екені туралы ойды бағдар етіп аламыз.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Үй тапсырмасы: Қуандық Шаңғытбаевтың «Сабалақ» өлеңі. Өлеңді мәнерлеп оқу (әуен фонында).
Білімді тексеру сұрақтары
- Қуандық Шаңғытбаев кім?
- Сабалақ кім?
- Абылай хан қай жылдары өмір сүрген?
- Қ. Шаңғытбаевтың қандай шығармалары бар?
- Абылай ханның тарихи рөлі қандай?
3) Жаңа сабаққа кіріспе
Мұқағали Мақатаевтың «Ойхой, қазақ даласы, не көрмедің» өлеңі тыңдалып, қазақ даласының бейнесі көрсетіледі. «Менің елім — Қазақстан. Қазақстан — баршамыздың Отанымыз» ойы арқылы жаңа сабаққа көпір жасаймыз.
Бүгінгі мақсат — сезіммен өлең өрген жыр пырағы Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық әлеміне үңілу және «Фантазия» өлеңін талдау.
4) Ақын тұлғасы: портрет, «Менің анкетам»
Интербелсенді тақтадан Мұқағали Мақатаевтың портреті көрсетіліп, ақынның «Менің анкетам» өлеңінен үзінді оқылады.
— Туған жерің?
— Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
— Туған жылың?
— 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
— Мекен жайың?
— Мекен жайым — жер менің,
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін.
5) Оқушы зерттеуі: күнделік пен өмірбаян деректері
Күнделіктен үзінді (14 ақпан, 1976 жыл)
«Егер бір кездерде менің өмірім мен шығармашылығым әлдекімнің көңілін аударса, былай дер едім: мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамаңыздар. Өлеңдерім жеке тұрғанда түк те емес; біріктіріп қарағанда, поэма іспетті — басы мен аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның даусындай. Менің бүкіл жазғаным — бір ғана бүтін поэма…»
Өмір жолының қысқаша кестесі
- 1931, 9 ақпан
- Алматы облысы (Райымбек өңірі), Қарасазда дүниеге келді.
- 1941
- Әкесі Сүлеймен соғысқа аттанып, ақын ерте есейді.
- 1948
- Тұңғыш өлеңі Нарынқол аудандық газетінде жарияланды.
- 1954–1962
- Қазақ радиосында диктор, педагогикалық қызмет атқарды.
- 1962
- Алматыға қоныс аударды.
- 1962–1972
- Баспасөз бен журналдарда бөлім меңгерушісі болды.
- 1972–1973
- Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды.
- 1976, 5 наурыз
- Алматыда дүниеден өтті.
Негізгі шығармалары (іріктеме)
1962
«Аппассионата»
1964
«Ильич»
1968
«Қарлығашым, келдің бе?»
1974
«Аққулар ұйықтағанда»
1976
«Өмір дастан»
1978
«Өмір-өзен»
1982
«Соғады жүрек» (таңдамалы)
2001
«Аманат» (Мемлекеттік сыйлық)
Ақын аударма саласында да еңбек етті: Уолт Уитмен өлеңдерін, Уильям Шекспир сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясынан» үзінділерді қазақша сөйлетті.
6) «Фантазия» ұғымы және өлеңмен танысу
«Фантазия» дегеніміз не? Оқушылардың ойлары: ертегі, қиял, арман, сиқыр.
Өлең мәтіні кітаппен оқылады. Оқушылар таныс және таныс емес сөздердің астын сызып, түртіп алу стратегиясын қолданады.
Түсіндірмелі сөздік (іріктеме)
- Фантазия
- Оймен елестете білу қабілеті, қиял.
- Ақиқат
- Шындық, айқын болмыс.
- Ғалам
- Әлем, жер жүзі.
- Ғаламат
- Таңғаларлық, ғажайып.
- Ғұлама
- Ғалым, білімпаз.
- Жай
- Найзағай.
- Қат
- Қабат (мысалы, «жеті қат жер»).
- Галилео Галилей
- ХVI–ХVII ғасырларда өмір сүрген италиялық ғалым.
- Николай Коперник
- ХVI ғасырдағы поляк ғалымы.
7) Өлең мен ертегінің байланысын ашу
Ертегілерді еске түсіру
Ертегінің түрлері: хайуанаттар туралы, қиял-ғажайып, шыншыл ертегілер. Оқушылар көбіне қиял-ғажайып ертегілерді ұнататынын айтады.
Киелі сандар
Өлеңнің «жеті қат жер», «жеті қат аспан» тіркестері арқылы басталуы бекер емес: жеті — киелі сан. Қазақ танымындағы киелі сандар: 3, 7, 9, 40.
Қиялдың шындыққа айналуы
Ертегідегі «ұшу», «аспанға сапар» секілді қиялдар бүгінгі күні ұшақ, тікұшақ, ғарыш кемелері арқылы жүзеге асты. Демек, ертегідегі қиял — қазіргі өркениетпен байланысқан тірі идея.
Қорытынды ой: ақын қиялды «бос елес» ретінде емес, адамзат дамуын алға бастайтын қуат ретінде көрсетеді.
8) Өлең құрылысына талдау
Негізгі сипаттама
- Үш бунақты тармақ: (4+3+4; 3+4+4)
- 11 буынды өлшем
- 4 тармақты, 5 шумақ
- Қара өлең ұйқасы: ааба
Сабақтағы жұмыс форматы
Оқушыларға кеспе қағаздар таратылып, тармақ, буын, ұйқас түрін өздігінен анықтап, нәтижесін тақтаға шығарады. Талдау арасында көзге арналған шағын жаттығулар орындалады.
9) Тіл дамыту: шығармашылық тапсырмалар
«Бес жолды тұжырым»
- 1 зат есім
- 2 сын есім
- 3 етістік
- 4 сөзден тұратын сөйлем
- Синоним
Жаңа сөздерді қолдануға рұқсат етіледі.
Поэзия минуты және ән
Оқушылар ақын өлеңдерін оқиды. Мұқағали сөзіне жазылған әндердің халыққа кең тарағаны атап өтіледі. «Есіңе мені алғайсың» өлеңі (ақынның өз дауысымен) тыңдалады.
Бұл туындыға сазгер Светлана Әбдіхалықова ән жазып, әнді Мәдина Ералиева алғаш сахнаға шығарғаны туралы мәлімет беріледі.
10) Қорытынды: еске алу, рефлексия, үй тапсырмасы
Шығармашылық жұмыс
«Мұқағали ағаға хат» жазу (фонда «Есіңе мені алғайсың» әні ойналады). 5 наурыз — ақынның мәңгілікке аттанған күні екені еске алынады.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған».
— Абай
Инсерт әдісі (рефлексия)
| Білемін | Не білгім келеді? | Үйренерім |
|---|---|---|
Оқушылар жүрекше қағаздарға жақсы тілектерін жазып, қонақтарға ұсынады. Сабақ соңында Қазақстанның гүлденуі туралы слайд көрсетіледі.
Үй тапсырмасы
Мұқағали Мақатаевтың «Фантазия» өлеңін жаттап келу.
Түйін: Тума таланттың екі ғұмыры бар — бірі шектеулі өмір, екіншісі мәңгілік өмір. Мұқағалидың шектеулі ғұмыры аяқталғанмен, оның мәңгілік шығармашылық өмірі халқымен бірге жалғасады.