Ішекқуыстылар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері

Сабақ туралы мәлімет

Пән мұғалімі
Куанбекова Жупар
Сабақтың түрі
Зерттеу сабағы
Тақырып
Ішекқуыстылар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері

Көрнекіліктер

  • Электрондық оқулық
  • Интерактивті тақта
  • Флипчарт
  • Түрлі түсті суреттер

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Ауызша баяндау

Сабақтың мақсаты

Білімдік

Оқушыларға ішекқуыстылар типінің осылай аталу себебін түсіндіру; денесінің екі қабаттан (эктодерма, энтодерма) тұратынын және әр қабаттың қызметін сипаттау; тіршілік ету ортасын, кластарға жіктелуін және негізгі өкілдерін салыстырмалы түрде меңгерту.

Дамытушылық

Жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, белсенділігін күшейту және өздігінен іздену дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Табиғат байлықтарын қорғауға, теңіз экожүйелерін сақтауға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Сыныптың дайындығын тексеру, оқу мақсатын нақтылау, сабаққа назар аударту.

Үй тапсырмасын сұрау (қайталау сұрақтары)

  • Көпжасушалы жәндіктер дегеніміз не?
  • Жануарлар дүниесі қандай ірі тармақтарға бөлінеді?

Жаңа сабақ: Ішекқуыстылар типі

Денесі көптеген жасушалардан тұратын жәндіктер мен жануарлар көпжасушалылар деп аталады. Жасушалардан ұлпа, ұлпадан мүше, мүшелерден мүшелер жүйесі, ал мүшелер жүйесінен тұтас тірі ағза түзіледі. Бұл сабақта көпжасушалы омыртқасыздардың бір тобы — ішекқуыстылар қарастырылады.

Құрылысы

Ішекқуыстылар — көпжасушалылардың ең қарапайым құрылысты топтарының бірі.

Жіктелуі

Тип 3 класқа бөлінеді: гидратәріздестер, табақшатәріздестер және көпқармалауышты маржандар.

Бір затқа бекініп, отырықшы тіршілік ететіндері көбіне полиптер (көпқармалауышты формалар), ал суда еркін жүзетіндері — медузалар.

Негізгі белгілері

  • Дене қабаттары: эктодерма және энтодерма.
  • Денесінде бір ғана қуыс болғандықтан ішекқуыстылар деп аталады.
  • Сәулелі (радиалды) симметрия тән.
  • Жүйке жасушалары жүйке торын түзеді.
  • Барлығында атпа жасушалары болады.
  • Көбеюі: жыныссыз (бүршіктену) және жынысты.
  • Көбіне суда, әсіресе теңіздерде тіршілік етеді және жыртқыш болып келеді.

Көпқармалауышты маржандар және рифтер

Көпқармалауышты маржандар дүниежүзілік теңіздерде кең таралған. Олардың әктен түзілген қаңқалары тропиктік теңіздерде су астында үйінділер түзеді. Уақыт өте келе бұл әкті үйінділерден риф және шеңберлі риф — атолл пайда болады.

Рифтердің негізгі түрлері

  • Тосқауыл риф
  • Жағалық риф
  • Шеңберлі риф (атолл)

Рифтердегі қалың әкті қаңқалар кемелердің жүзуіне кедергі келтіруі мүмкін. Сонымен қатар әк өндіруде көбінесе рифтегі маржандардың қаңқалары пайдаланылады. Маржан рифтері — көптеген теңіз ағзалары мекендейтін ерекше биоалуантүрлілік ортасы.

Теңіздердің терең қабаттарында ішекқуыстылардың жарық шығаратын түрлері де кездеседі.

Медузалар: сезгіштік және қолданбалы маңызы

Ғалымдар медузалардың дыбыс тербелістерін сезу қабілетін зерттеген. Осы зерттеулердің негізінде теңіз дауылын алдын ала болжауға мүмкіндік беретін «медуза құлағы» деп аталатын аспап жасалғаны туралы деректер келтіріледі.

Табақшатәрізділер: құлақты медуза (Аурелия)

Сыртқы құрылысы

  • Теңіз суында еркін жүзеді.
  • Қолшатыр пішінді денесінің диаметрі 25–40 см-ге дейін жетеді.
  • Қолшатырдың төменгі жағында ауыз орналасады.
  • Төртбұрышты ауызының әр бұрышында төрт қалақша тәрізді өсінді болады.

Қоректенуі және ас қорытуы

Қорек ауыздан жұтқыншаққа, одан қарынға өтеді. Қорытылу үдерісі қарында басталады. Өзекше түтікшелері кірпікшелі жасушалармен астарланған: қорек тармақталған өзекшелерде қорытылып, денеге сіңеді. Қорытылмаған қалдықтар өзекшелер арқылы қайтадан ауызға келіп, сыртқа шығарылады.

Көбеюі және даму циклі

Құлақты медуза — дара жынысты. Аналықтың жетілген жұмыртқалары мен аталықтың сперматозоидтары өзекшелер жүйесіне және қарынға түседі, кейін ауыз арқылы суға шығарылады. Ұрықтану суда жүреді.

1-кезең

Ұрықтанған жұмыртқадан кірпікшелермен қапталған дернәсіл — планула дамиды.

2-кезең

Планула біраз уақыттан соң су түбіне батып, төсемікке бекінеді де, кішкене полип түзеді.

3-кезең

Полип бүршіктеніп, бірнеше табақшадан тұратын бүрлемеге айналады; кейін әр табақша жеке бөлініп, жас медуза пайда болады.