Төртбұрыштың мәнді белгілерін түсіндіру

Атырау облысы, Исатай ауданы

Х. Наубетов атындағы орта мектептің жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі — Нұрмашева Шарбану Насырқызы

Сабақтың тақырыбы

4 саны мен цифры. Төртбұрыш. Шаршы.

Сабақтың мақсаты

1) Білімдік

Оқушыларды 4 санымен, 4 цифрының жазылуымен және 4 санының құрамымен таныстыру; төртбұрыш және шаршы туралы түсініктерін қалыптастыру.

2) Дамытушылық

Оқушылардың ой-өрісін кеңейту, ойлау қабілетін және математикалық тілін дамыту, пәнге қызығушылығын арттыру.

3) Тәрбиелік

Оқушыларды алғырлыққа, тапқырлыққа, дұрыс есептеуге және ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

Сабақтың сипаттамасы

Түрі

Жаңа білімді енгізу.

Әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Түсіндіру
  • Ойын
  • Көрнекілік

Көрнекіліктер

Сандар, суреттер, кестелер, интерактивті тақта, жылдың төрт мезгілінің суреттері және т.б.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың назарын сабаққа аудару, сыныптың дайындығын тексеру.

II. Өткен тақырыпты пысықтау

Өлең-есеп

Балалар жан-жаққа кетті зымырап, Мысықтан қорыққан тышқандар. Қорапқа кірді біреуі, Соңынан кетті екеуі. Тығылды сонда нешеуі?

1 + 2 = 3

Өлең-есеп

Ұлпа жүнін қыздырып, Күн шуақта бір күшік. Отыр еді маңына, Келді тағы екі күшік. Нешеу болды, сен сана?

Қорытынды сұрақ: өткен сабақта қандай тақырыппен таныстық? 3 саны мен цифры.

III. Жаңа сабақ

Жұмбақ

Екі балапан тұр, Екі балапан отыр. Шатаспай тез ойлансақ, Тура тауып айтсақ, Тұрғаны бар, отырғаны бар — Барлығы қанша балапан?

Дұрыс жауап: 4. Бүгінгі тақырып — 4 саны және 4 цифры.

Негізгі байланыс

Төрт жыл мезгілі — 4 саны арқылы белгіленетін табиғи ұғым.

Тақырыпты ашу

Үштен кейін төрт келеді. Бір жылда төрт мезгіл бар: қыс, көктем, жаз, күз.

Өлең

Қыс мезгілі — күн суық, Ақ қар жатыр жер жауып. Көктемде болар жер жаңа, Егейік егін далаға. Жазғытұрым күн ұзақ, Аптап тұрар күн шуақ. Алтын күз бізге берер нұр, Жеміс-жидек пісіп тұр.

IV. Оқулықпен жұмыс

№1

4 санының сан сәулесіндегі орнын көрсету. 4 санын 3-ке 1-ді қосу немесе 2-ге 2-ні қосу арқылы шығарып алу жолдарын түсіндіру.

  • Бірінші суретте бір түспен неше торкөз боялған?
  • Нешеуін басқа түспен бояған?
  • Оны қалай жазуға болады? Неше болды?

Осы жұмыс қосу мен азайту арасындағы байланысты түсінуге жетелейді.

Санамақ

Қаздың да екеу аяғы, Құрдың да екеу аяғы. Екеуінің аяғы, Төртеу болады баяғы.

№2

Дәптерде өздігінен орындалады. Орындамас бұрын 4 санының құрамын қайталау.

№3

Ауызша жұмыс: 4-ке дейін тура және кері санау. Төртбұрыштың мәнді белгілерін түсіндіру.

Талқылау сұрақтары

  • Берілген фигуралардың ішінен артық фигураны тап.
  • Бұл фигура қалай аталады?
  • Неге төртбұрыш деп аталады?
  • Төртбұрыштың бұрыштары нешеу?
  • Қабырғалары нешеу?

№4

Төртбұрыштың түрлерімен танысу. Геометриялық фигураларды көрсету арқылы салыстыру.

№5

Бекіту жұмыстары: есептер мен тапсырмалар арқылы 4 саны және төртбұрыш туралы түсінікті нақтылау.

№6

Берілген фигураны құрастыруға арналған қиындыларды алдын ала дайындау.

V. Сергіту сәті

Шаршасаңдар, балалар, Қолдарыңды созыңдар. Саусақтармен ойнаңдар, Қолдарыңды сермеңдер.

VI. Дәптермен жұмыс

№1

4 цифрын торкөзде жазу тәсілімен таныстыру. Оқушылар алдымен ауада жазып, кейін үлгі бойынша торкөзге түсіреді.

№2

Жазуға назар аударту: математикада мұндай жазулар өрнек деп аталады. Өрнектің мәні 4-ке тең болатындай бос орынға сан таңдау.

Көрнекі түсіндіру

4 қарындаш алайық. 4 шығу үшін 1 қарындашқа қандай сан қосамыз?

№3

Төменде қандай сан көрсетілсе, сонша шаршы сызу.

№4

Нүктелерді дұрыс қосу арқылы төртбұрыш салу және төртбұрыш туралы білімді нақтылау.

VII. Жаңа сабақты бекіту

  • Аптаның төртінші күні қай күн?
  • Жылдың төртінші айын ата.
  • 4 саны қажет болатын мысал келтір.

VIII. Қорытынды

Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау, қорытынды жасау және келесі қадамдарды белгілеу.