Ананың сүті бал, баланың тілі бал
Сабақ барысы
1-кезең
Ұйымдастыру
Сыныпты сабаққа дайындау, көңіл күйін көтеру, мерекелік атмосфера қалыптастыру.
2-кезең
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Ана — әлемнің жан дүниесі, бастау бұлағы әрі таусылмайтын жалғасы. Ананың мейірімі — ұшан-теңіз.
3-кезең
Мерекелік бағдарлама
Өлеңдер, хор, би, мақал-мәтелдер, көрініс және аналармен пікір алмасу.
Қош келдіңіздер!
1 «Б» сынып оқушыларының «Аяулы менің — анашым!» атты мерекелік бағдарламасына қош келдіңіздер. Анамыздың көңілі шат, жүзі жарқын, дені сау болуын әрдайым тілейміз.
Жүргізушілердің құттықтауы
1-жүргізуші
Ана — біздің күніміз,
Ананың біз — гүліміз.
Ұланыңды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз.
2-жүргізуші
Сендерден өскен балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті біздің аналар!
Музыкалық нөмір
«Ана туралы жыр» — хор.
Оқушылардың арнауы
1-оқушы
Бәрімізге анасың —
Біз үшін күн боп жанасың.
Құтты болсын мейрамың,
Құттықтаймын, анашым!
2-оқушы
Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп, ойнаймыз.
Қыздарды да құттықтап,
Мерекесін тойлаймыз.
3-оқушы
Еркелеткен өзің, анам,
Құшағыңды жайдың маған.
Кеше біздер бала едік,
Өсіп қалыппыз енді, анам!
4-оқушы
Мәпелейсің мені, анам,
Қолыңдағы құсыңдай.
Құлпыра өсіп дем алам,
Құшағыңда қысылмай.
5-оқушы
Біліп тұрсың, жан анам,
Міндеті үлкен ботаңның.
Күтері сол баладан —
Ана менен Отанның!
Музыкалық нөмір
«Ана біздің гүліміз» — хор.
1-жүргізуші: Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың сүтінен таралған.
2-жүргізуші: Сондықтан, құрметті асыл аналар, өздеріңізге арналған өлеңдерді қабыл алыңыздар.
Қосымша арнаулар
1-оқушы
Бізді өсіріп, баптаған,
Жақсы болсақ, шаттанған.
«Алтыным» деп мақтаған —
Аяулы менің ақ мамам!
2-оқушы
Әр сөзіңді жаттаған,
Жүрегімде сақтағам.
«Анашым» деп мақтанам —
Аяулы менің ақ мамам!
3-оқушы
Мақтаныңдар, аналар —
Қыздардан батыр, дана бар.
Әлем сүйген батырлар —
Әлия мен Мәншүк те!
4-оқушы
Ана — көркі көгімнің,
Ана — нұры жерімнің.
Ана — бағы баланың,
Мақтанышы елімнің.
1-жүргізуші: Қыздарды көрсем бір түрлі, өзімнен-өзім мұңданам. Тоймайды көзім жүз көрсем — жайқалған менің гүлдерім.
2-жүргізуші: Мың бұрала билейтін қыздарымыздың «Айгөлек» биін тамашалаңыздар.
Би
«Айгөлек».
Ана туралы ой және мақал-мәтелдер
1-жүргізуші: Ол саған бәрінен де қымбат. Сен үшін ол — жақының, досың, ұстазың. Сондықтан сен бір-ақ адамды білесің. Ол — ана!
2-жүргізуші: Олай болса, ана туралы мақал-мәтел айтайық.
-
1. Ананың сүті бал, баланың тілі бал.
-
2. Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.
-
3. Ердің анасы — елдің анасы.
-
4. Ағайын алтау — ана біреу.
-
5. Ана жақсылығын ауырсаң білесің.
-
6. Күннің шуағы жылы, ананың құшағы жылы.
Ән
«Айналайын ақ мамам».
Пікір алмасу: аналарға сұрақтар
Келесі кезекте аналармен шағын пікір алмасу ұйымдастырылады.
1-сұрақ. Балаңызға әкесі тәртіп шарасын қолданса, сіз араға түсесіз бе?
2-сұрақ. «Ананың ақ сүтін ақтау» дегенді қалай түсіндіресіз?
3-сұрақ. «Батамен ел көгереді» деген сөз бар. Бата берудің мәні неде деп ойлайсыз?
Барлығы хормен
Анаң — күнің, жүрегің,
Әкең — өмір тірегің.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын.
Хор
«Анаға сәлем».
Көрініс және сыйлық табыстау
Көрініс
«Ананың арқасы» атты көріністі тамашалаңыздар.
Қолөнер сыйлықтары
Оқушылар еңбек сабағында жасаған сыйлықтарын аналарына тапсырады.
Ата-ана тәрбиелеп балапанын,
Әлдилеп, аялаған алақанын.
Болашақта бақ тілеп тұрасыңдар,
Ойлауменен алдағы бала қамын.
Қорытынды
Бүгінгі «Аяулы менің — анашым!» атты тәрбие сағатымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет. Мерекелеріңіз құтты болсын!