Төрт күнә
Математика және халық ауыз әдебиеті
Бұл сайыс халық ауыз әдебиетін математикамен ұштастыра отырып, оқушылардың логикалық ойлауын, шапшаңдығын және тапқырлығын дамытуға бағытталған.
Мақсаты
Халық ауыз әдебиеті арқылы оқушылардың логикалық ойлау қабілетін, шапшаңдығын және тапқырлығын арттыру.
Міндеттері
- Білімділік: математикадан алған білімді халық ауыз әдебиеті материалдарында қолдану.
- Дамытушылық: оқушылардың ой-өрісін, сөздік қорын кеңейтіп, тілін дамыту.
- Тәрбиелік: халық ауыз әдебиетін құрметтейтін білімді, сауатты азамат тәрбиелеу.
Пәнаралық байланыс
Әдебиет
Өткізілу барысы
-
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Сайыстың тақырыбы мен ережесі таныстырылады.
- Топ мүшелері және әділқазылар алқасы таныстырылады.
-
2) Таныстыру сайысы
Әр топтың басшысы өз тобын таныстырады.
-
3) «Мақал-мәтел білеміз бе?»
Сандарға, бірлікке, еңбекке қатысты мақал-мәтелдерді талдау және мәнін түсіндіру.
-
4) «Абай ата ауылына қалай жетемін?»
Жұмбақтар, өлшемдер, Абай өмірі мен қасиетті сандарға байланысты тапсырмалар.
-
5) Логикалық есептер
Ойлау жылдамдығын тексеретін шағын есептер.
-
6) Қорытынды
Әділқазылар сайысты қорытындылап, нәтижені жариялайды.
«Мақал-мәтел білеміз бе?» бөлімі
Таңдалған мақал-мәтелдер
- Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі жетеді.
- Жалқаудың екі досы бар: бірі — ұйқы, бірі — күлкі.
- Білгенің — бір тоғыз, білмегенің — тоқсан тоғыз.
- Отыз тістен шыққан сөз отыз елге тарайды.
- Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ.
- Бір түйір дәнде бір тамшы тер бар.
- Жеті атасын білмеген — жетімдіктің белгісі.
- Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең.
- Алдына бір қарасаң, артына он қара.
- Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді.
Оқу мақсаты
Бұл бөлімде оқушылар мақал-мәтелдердегі сандық ұғымдарды байқай отырып, мәтіннің мағынасын дәлелмен түсіндіруге, ойды қысқа әрі нақты жеткізуге дағдыланады.
Назар аударатын тұс: халық даналығы көбіне салыстыру, сандық мөлшер, логикалық қарама-қарсылық арқылы беріледі.
«Абай ата ауылына қалай жетемін?» тапсырмалары
1–6. Жұмбақтар
1) Доп емес, дөңгелек емес, ұқсас бірақ, достарым. Фигура ол ең негізгі, дәл жауабын қостадым.
Жауабы: Шеңбер
2) Бүтін сан, бөлшек сандар — барлығы да бар онда. Бұл қандай сан, айтыңдаршы: оң, теріс сан — бәрі осында.
Жауабы: Рационал сандар
3) Қос құлақты, жүз тісті, жүзінен бір ақ із түсті.
Жауабы: Ара
4) Бұлбұлдың 2 құлақ, 1 басы бар, салдыраған 8 жерден таңбасы бар. Бұлбұлды жолға салып айдағанда, салатын неше түрлі жорғасы бар.
Жауабы: Домбыра
5) 64 бөлмеде 32 тұрғын бар. Ақ пен қара қып бөлгенде, бірін-бірі қуғындар. Ханы үшін де, жаны үшін де бермейді олар намысын.
Жауабы: Шахмат
6) 1 ағаштың 12 бұтағы бар. Әр бұтағында 30-дан жапырағы бар. Жапырақтың бір жағы ақ, бір жағы қара. Ойлан, тап.
Жауабы: Жыл, ай, тәулік (күн мен түн)
7–10. Байырғы қазақ өлшемдері
7) Жылқыға байланысты қашықтық, уақыт, қалыңдықты білдіретін өлшемдер қандай?
Жауабы: ат шаптырым жер, бие сауым уақыт, екі елі қазы
8) Ағылшынның «дюйм» (голландша — «үлкен саусақ») өлшемі қазақтың қай өлшеміне сәйкес?
Жауабы: бармақ
9) Сұқ саусақтың еніне тең (шамамен 2 см) ұзындық бірлігі қалай аталады?
Жауабы: елі
10) Иық деңгейінде кере созылған екі қол ұштарының арасы қандай өлшем?
Жауабы: құлаш
11–13. Абай өмірі мен шығармашылығы
11) Абай ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашқан соң, 10 жасынан бастап Семейдегі қай медреседе 3 жыл оқыды?
Жауабы: Ахмет Риза
12) Абайдың қара сөздерінің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан қай журналда жарияланды?
Жауабы: «Абай»
13) Абайдың қара сөздері саны қанша?
Жауабы: 45
14–19. Қасиетті сандар және ұлттық таным
14) Үш
- Үш із: бала, байлық, білім.
- Үш алыс: жер мен көк; жас пен кәрі; жақсы мен жаманның арасы.
- Үш мақсат: саудагер мұраты — ұту; жол мұраты — жету; дау мұраты — біту.
15) Төрт
- Төрт тұлға: от, су, жел, жер.
- Төрт құбыла: шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік.
- Төрт күнә: Аллаға күмән келтіру; нақақтан қан төгу; ата-анаға тіл тигізу; өтірік куә болу.
16) Бес
- Бес қару: садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта.
- Бес өсиет: топасқа сенбе; жауға иілме; әрқашан сақ жүр; аш үйге қонба; жарлыдан сый алма.
- Бес қатер: от, жау, борыш, ауру, сөз.
17–19) Жеті және қырық
17) «Жеті» сөзімен байланысты ұғымдар: жеті қазына, жеті күн, жеті жұрт, жеті жоқ, жеті жұт, жеті ғалам, жеті қат көк, жеті ғашық.
18) Жеті қазына, жеті ата, жеті жетім
- Жеті қазына: ер жігіт, сұлу әйел, берен мылтық, ақыл, білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, жүйрік тазы.
- Жеті ата: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат.
-
Жеті жетім:
Тыңдамаған сөз — жетім,
Киюсіз тозған бөз — жетім,
Иесіз қалған жер — жетім,
Басшысы жоқ ел — жетім,
Аққу-қазсыз көл — жетім,
Жерінен айырылған ер — жетім,
Замандасы қалмаса — бәрінен де сол жетім.
19) «Қырық» санына қатысты дәстүрлер: нәрестені қырық күн толғанда «қырқынан шығару»; қайтыс болған адамның «қырқын беру»; қонақты «Қырықтың бірі — Қыдыр» деп қарсы алу.
20–22. Уақыт өлшеу есептері
20) 1 сағат 5 минутты минутпен өрнекте.
Жауабы: 65 минут
21) 1 тәулік 3 сағатты сағатпен өрнекте.
Жауабы: 27 сағат
22) 1 жыл 7 айды аймен өрнекте.
Жауабы: 19 ай
Логикалық есептер
1) Айжан мен Маржанның әкелері кім?
Айжан мен Маржан — Асқар мен Мұраттың қыздары. Айжан Асқардың қызынан үш жас кіші. Ендеше әрқайсысының әкесі кім?
Жауабы: Айжан — Мұраттың, Маржан — Асқардың қызы.
2) Үшеуі қандай баға алды?
Әсем, Ардақ, Анар математикадан бақылау жұмысын тапсырды. Мұғалім: «Ешқайсысың жаман баға алған жоқсыңдар, бірақ әрқайсысыңның бағаң әр түрлі. Әсемнің бағасы 3 емес, ал Анардың бағасы 3 те, 5 те емес», — деді. Сонда әрқайсысы қандай баға алды?
Жауабы: Әсем — 5, Анар — 4, Ардақ — 3.
Қолдаушыларға арналған қызықты ойын
Көрермендерге арналған шағын «сиқырлы» калькулятор ойыны:
- 1)Калькуляторды қолыңызға алыңыз.
- 2)Ұялы телефоныңыз нөмірінің бастапқы 3 санын енгізіңіз (кодты қоспай). Мысалы, 8702452**** болса, 452 деп аламыз.
- 3)80-ге көбейтіңіз.
- 4)1-ді қосыңыз.
- 5)250-ге көбейтіңіз.
- 6)Нөмірдің соңғы 4 цифрын қосыңыз.
- 7)Соңғы 4 цифрды тағы да қосыңыз.
- 8)250-ді азайтыңыз.
- 9)2-ге бөліңіз.
- 10)Нәтижеге назар аударыңыз: бастапқы 3 сан мен соңғы 4 сан қатар шығады.
Қосымша сұрақтар
1) Турнирде неше партия ойналды?
Төрт шахматшы бір-бірімен бір-ақ партиядан ойнап, турнир өткізді. Барлығы неше партия ойналды?
Жауабы: 6
2) «Екі есе кіші» қашан болады?
Қазір мен 32 жастамын, балам 7 жаста. Сонда балам менен неше жылдан кейін екі есе кіші болады?
Жауабы: 18
3) Суыққа ең төзімді құстар
Суыққа ең төзімді қандай құстар?
Жауабы: қаз бен үйрек
4) Бір тәулікте 1 метрге дейін өсетін ағаш
Қандай тропикалық ағаш күніне 1 метрге дейін өседі?
Жауабы: бамбук
Автор туралы
Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы, Б. Онтаев атындағы жалпы орта мектебі. Математика–информатика пәні мұғалімі: Джаманбаева Мейрамкүл Тұрсынбайқызы.